ҚРКФ делегациясы Әзірбайжан Ұлттық кәсіподақтар орталығының Съезіне қатысты

Сейсенбі күні, 16 желтоқсанда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған қазақстандық делегация Баку қаласында өткен Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясының VIII съезінің жұмысына құрметті қонақ ретінде қатысты.

Съезд делегаттарына Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы сынды беделді халықаралық құрылымдар өздерінің ізгі құттықтауларын жолдап, Әзірбайжан кәсіподақтарының дамуына қолдау білдірді.

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің Президенті Игорь Зубку Әзірбайжан кәсіподақтарының еуропалық кәсіподақ қозғалысын нығайтуға қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтіп, шынайы алғысын жеткізді.

Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясының VIII съезд делегаттарына арнаған құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы, Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин бұл Съезд Әзірбайжан кәсіподақ қозғалысының бірлігі мен кемелдігін, оның қоғамдағы орны мен беделін айқын көрсететін маңызды белес екенін атап өтті.

«Қазақстан мен Әзірбайжан әрдайым тағдырлас, рухтас елдер болып келеді. Бізді тек географиялық жақындық емес, жүрек жақындығы байланыстырады. Бізді бір тарих, бір рухани кеңістік және еңбек адамының абыройын бәрінен биік қоятын ортақ сенім біріктіреді. Құрметті Гейдар Алиевтің “ынтымақсыз халықты күшті деу мүмкін емес” деген тағылымды сөзі әрдайым жадымда. Біз бұл шындықты терең сезінеміз. Екі ел де қуаныш пен сын сағатта иық тірестіре, бір-біріне сүйеніп алға басып келеді. Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Гейдар оғлы Алиевтің жуырда Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары осы бауырластықты жаңа деңгейге көтерді. Мемлекет басшылары қол қойған келісімдер ортақ дамуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, әлеуметтік бастамалардың кеңеюіне жол ашты. Бұл өзгерістер кәсіподақ саласына да тікелей әсер етеді, өйткені кез келген мемлекеттің өркендеуі еңбек адамына деген құрметтен бастау алады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы өз сөзінде Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы мен Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясын жылдар бойы қалыптасқан шынайы достық пен берік әріптестік байланыстыратынын да атап өтті.

«Біз түркі кәсіподақ кеңістігін бірге қалыптастырып келеміз. Бұл кеңістікте өзара қолдау ұран күйінде қалмай, нақты істер арқылы көрініс табады. Біз әрбір жұмыскер өз кәсібіне сеніммен қарап, еңбегін мақтаныш тұтып, кәсіподақтың әрдайым жанынан табылатынын сезінуі үшін еңбек етеміз. Қазіргі әлем үлкен жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Цифрландыру, платформалық экономика, жұмыспен қамтудың жаңа үлгілері пайда болуда. Осындай кезеңде көп адам “кім қорғайды, адам алгоритмнен маңызды екенін кім айтады?” деген сауалмен бетпе-бет келеді. Біздің жауабымыз бір – ол, әрине, кәсіподақтар. Тек бірлік арқылы мақсатқа жету мүмкін. Біз прогрестің адамға қарсы бағыт алуына жол бермейміз. Кез келген өзгеріс ең алдымен адамның игілігіне қызмет етуі тиіс. Құрметті достар, Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясының VIII съезі жаңа серпіннің, жаңа қуаттың және ынтымақтың шынайы күшіне деген сенімнің бастауы болсын», – деді Қазақстан кәсіподақтар көшбасшысы.

Әзірбайжан кәсіподақ қозғалысына қолдау білдіргендер қатарында Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы аясындағы әріптестер – Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары және өзге де мәртебелі қонақтар болды.

Кәсіподақтар қызметінің қорытындысын саралай келе, Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясының Төрағасы Сахиб Мамедов ұлттық кәсіподақ орталығының негізгі жетістіктерін жан-жақты таныстырды.

«Бүгінгі таңда Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясы 11 616 кәсіподақ ұйымын және 1 миллионнан астам мүшені біріктіреді. Оның құрамына Нахчыван Автономиялық Республикасының кәсіподақтары мен 20 салалық кәсіподақ бірлестігі кіреді. Конфедерация өз мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды басты міндеті санайды. Сонымен қатар, ол Халықаралық еңбек ұйымымен, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясымен және Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымымен серіктестік байланыс орнатқан. Конфедерация әлемнің шамамен 70 еліндегі кәсіподақ орталықтарымен екіжақты достық қарым-қатынастарды дамытып келеді», – деді Сахиб Мамедов.

VIII съезд барысында сөз сөйлеген делегаттар елдегі кәсіподақ қозғалысының қызметінде жүзеге асырылып жатқан оң өзгерістерге назар аударды. Бұл өзгерістер еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуге, әлеуметтік әріптестік пен диалогты дамытуға, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасындағы қатынастарда ашықтық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ еңбек құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарға толық сәйкес болуға бағытталғаны атап өтілді.

Съезд аясында Конфедерацияның алдағы жылдарға арналған қызмет бағдарламасы қабылданды.

Сәрсенбі күні, 17 желтоқсанда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы, Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының Бас хатшысы OTUTS Атқару комитетінің отырысына қатысады. Бұл жиында ұйымның 2026 жылға арналған Іс-қимыл жоспарын қабылдау жоспарланып отыр.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы