2025 жыл қорытындысы: ҚРКФ әлемдік еңбек алаңында тең құқылы серіктес

2025 жылы 4 маусымда Женева қаласындағы Ұлттар сарайында өткен Халықаралық еңбек конференциясының 113-сессиясы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен пленарлық отырысқа қатысты.

Әлемнің 200-ге жуық елінен жиналған әлеуметтік әріптестер – үкіметтер, жұмыс берушілер мен еңбеккерлер өкілдері Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры Жильбер Унгбо ұсынған баяндаманы талқылап, қазіргі заманның күрделі еңбек мәселелеріне терең үңілді.

«Жұмыс орындары, құқық және өсу: өзара байланысты нығайту» атты жыл сайынғы баяндамасында ХЕҰ Бас директоры жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлердің еңбек әлеміне тигізіп отырған ықпалын кеңінен қамтыды. Климаттың өзгеруі, жаңа технологиялардың қарқынды енгізілуі, экономикалық тұрақсыздық сияқты факторлар бүгінде еңбек қатынастарының жаңа парадигмасын қалыптастырып отырғанын атап өтті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні – 4 маусымда Халықаралық еңбек конференциясының мінберінен алғаш рет қазақ тілінің жаңғыра естілуі тарихи әрі символдық мәнге ие болды. Халықаралық еңбек конференциясының 113-сессиясының пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өз баяндамасын мемлекеттік тілде жасады.

Қазақстан делегациясының басшысы ХЕҰ Бас директоры баяндамасында айқындалған басымдықтарды толық қолдайтынын білдіріп, оларды еңбек саласындағы орнықты дамудың негізі ретінде бағалады.

«Бүгінгі еңбек әлемі терең тектоникалық өзгерістер дәуіріне қадам басты. ХЕҰ Бас директорының баяндамасы жұмыспен қамту, еңбек құқықтары мен экономикалық өсім арасындағы өзара байланыстың жай ғана қатар жүруі жеткіліксіз екенін, бұл байланысты стратегиялық деңгейде басқару қажеттігін дәл көрсетті. Біз алаңдатарлық құбылыстың куәсі болып отырмыз: экономикалық өсім бар, алайда ол сапалы жұмыспен қамтудың өсуімен үндеспейді. Бұл «жұмыспен қамту алшақтығы» – тек экономикалық сәйкессіздік қана емес, бұл қоғамдық келісімнің әлсірегенінің белгісі. Бүгінгі таңда әлеуметтік диалог формалды рәсім болудан шығып, демократиялық сенімнің берік тірегіне айналуы тиіс. Еңбек адамдарының үні даму стратегияларының өзегінде естілуі қажет. Кәсіподақтар – жекелеген топтардың мүддесін ғана қорғайтын құрылым емес, олар – орнықты әрі әділетті болашақтың институционалдық серіктестері», – деді қазақстандық делегацияның басшысы.

Орталық Азия өңіріндегі ахуалға тоқталған Сатыбалды Дәулеталин қазіргі заманның күрделі сын-қатерлері біздің аймақты да айналып өтпегенін атап өтті.

«Орталық Азия бірқатар ортақ мәселелермен бетпе-бет келіп отыр: бейресми жұмыспен қамтудың жоғары үлесі, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен цифрлық платформаларда еңбек ететін қызметкерлердің жеткілікті деңгейде қорғалмауы, әлеуметтік қорғау жүйесінің шектеулі қамтылуы және еңбек заңнамасын түбегейлі жаңғырту қажеттілігі. Соған қарамастан, біз нық сенеміз: Орталық Азия лайықты еңбектің орнықты дамуының берік іргетасына айналатын өңір бола алады. Бұл жолда Қазақстан лайықты еңбекті ілгерілетуде маңызды рөл атқаруға қауқарлы. Біз, Кәсіподақтар федерациясы ретінде, әлеуметтік әріптестікте де, ХЕҰ бастамаларында да, өңірлік әрі халықаралық серіктестермен тәжірибе алмасуда да белсенді болуға дайынбыз. Біз экономикалық өсімді, әлемге ашықтықтың артып келе жатқанын, сондай-ақ мемлекеттің халықаралық еңбек құқығы қағидаттарына адалдығын көріп отырмыз. Мұның бәрі оң өзгерістерге жол ашады. Ал кәсіподақтардың міндеті – осы үдерісте маңызды шешімдер ұсына алатын сенімді серіктес болу», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Халықаралық еңбек конференциясының 113-сессиясының мінберінде Қазақстанның кәсіподақ көшбасшысы Сатыбалды Дәулеталин нақты әрі салмақты ұсыныстарын ортаға салды.

«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының атынан біз тек еліміз үшін ғана емес, өтпелі экономикасы бар өзге мемлекеттер үшін де маңызды үш негізгі ұсынысты ұсынамыз.

Біріншіден, экономикалық және инвестициялық саясатты әзірлеу барысында еңбек нарығына ықпалын бағалау тетігін енгізу қажет. Инфрақұрылымдық жобадан бастап халықаралық сауда келісімдеріне дейінгі бірде-бір ауқымды бастама оның лайықты еңбекке әсері сараланбай қабылданбауы тиіс.

Екіншіден, жасанды интеллект пен платформалық жұмыспен қамту саласына арналған халықаралық еңбек стандарттарын әзірлеу қажет. Бұл жай ғана декларация емес, №190 немесе №102 Конвенцияларына тең келетін, ХЕҰ-ның толыққанды нормативтік құжаты болуы шарт.

Үшіншіден, кәсіподақтарды трансформациялау үдерісінде жүйелі қолдау көрсету маңызды. Біз ХЕҰ-дан Қазақстан аумағында Орталық Азия кәсіподақтарына арналған, цифрландыруға, жасару үрдісіне және еңбеккерлердің жаңа санаттарымен жұмыс істеуге бағытталған Аймақтық инновациялар орталығын құру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы бұл жолда белсенді серіктес болуға дайын: ынтымақтасуға, үйренуге, тәжірибе бөлісуге және сіздермен бірге баршаға лайықты еңбек пен әлеуметтік әділеттілік үшін күресуге әзір. Алдымызда мүмкіндіктер терезесі ашық тұр. Оны жабу – әділетті болашаққа бастайтын жолдан айырылу деген сөз», – деп ҚРКФ бастамаларын айқындады Сатыбалды Дәулеталин.

Айта кетерлігі, Халықаралық еңбек конференциясында айтылған бұл бастамалардың барлығы 113-сессияның қорытынды құжаттарына негіз болып енді.

Жалпы, Конференцияның 113-сессиясында ХЕҰ-ға мүше 187 мемлекеттің үкіметтері, жұмыс берушілері мен еңбеккерлері атынан келген делегаттар еңбек саласының өзекті мәселелерін кеңінен талқылады. Олардың қатарында өндірістік ортадағы биологиялық қауіп-қатерлерден қорғауға арналған жаңа халықаралық стандарттар, платформалық экономика жағдайындағы лайықты еңбек және бейресми экономиканы формалды секторға көшіруге бағытталған инновациялық тәсілдер бар.

Еңбек саласындағы ең беделді әлемдік алаңға қатысу Қазақстанның ұлттық кәсіподақ орталығы үшін айрықша маңызға ие. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының дауыс құқығы ҚРКФ-ның халықаралық беделін айғақтап, оның жаһандық еңбек диалогындағы салмақты рөлін айқын көрсетеді.

Қазақстанның кәсіподақ көшбасшысы тарапынан Халықаралық еңбек конференциясының 113-сессиясында айтылған бастамалар Федерацияның халықаралық еңбек стандарттарын қалыптастыруға және озық тәжірибелермен алмасуға әлемдік деңгейде дайын екенін дәлелдейді.

Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының халықаралық аренадағы белсенді әрі жүйелі қызметі Қазақстанның әлеуметтік саясат саласындағы сенімді стратегиялық әріптес ретіндегі беделін нығайта түсуде.

Алдағы уақытта біз өтіп бара жатқан жылдың негізгі қорытындыларын одан әрі саралап, жариялайтын боламыз.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы