Сәрсенбі күні, 17 желтоқсанда, Бакуде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы – Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының (OTUTS) Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин бастаған қазақстандық делегация OTUTS Атқару комитетінің отырысына қатысты. OTUTS Атқару комитетінің құрамына Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтарының жетекшілері кіреді.
Атқару комитетінің отырысы қатысушыларды қарсы ала отырып, OTUTS Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин бұл ұйым тарихындағы алғашқы Атқару комитетінің отырысы екенін атап өтті. Ол жұмыс тобы ұйым саммитінің күн тәртібіндегі мәселелерді мұқият қарастырғанын және 2026 жылға арналған ұйымның Іс-қимыл жоспарында көрсетілген негізгі бағыттарды нақтылап шыққанын білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 26 қарашада Астанада OTUTS жұмыс тобының отырысы өтті. Сол отырыста ұйымның 2026 жылға арналған Іс-қимыл жоспары мен келесі жылдың басында өтетін OTUTS саммитінің күн тәртібі жобасы әзірленді.
OTUTS 2026 жылға арналған Іс-қимыл жоспары жобасын Әзірбайжан кәсіподақтар конфедерациясының халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі, Бас хатшы орынбасары Фуад Алакбаров егжей-тегжейлі таныстырды. Оның айтуынша, келесі жылы Төрағалар Кеңесінің отырысы, «Түркі мемлекеттерінде лайықты ең төменгі жалақыны қамтамасыз етудегі біртұтас кәсіподақтық тәсілдер» тақырыбында халықаралық кәсіподақ конференциясы, ұйымның ресми веб-сайтының ашылуы, мини футболдан халықаралық турнир, «Түркі мемлекеттерінде әлеуметтік-еңбек стандарттары: салыстыру және ұсыныстар» атты бірлескен әлеуметтік зерттеу, үздік тәжірибе алмасу және бірлескен оқыту жобалары жоспарланған. Сонымен қатар, Үйлестіру кеңесі құрылып, келесі жылдың басында Анкарада OTUTS бас кеңсесінің ашылуы жоспарланып отыр.
OTUTS Атқару комитетінің мүшелері жоспар жобасының әр тармағын мұқият талқылады. Бірлескен Іс-қимыл жоспарын қабылдау және әр іс-шараға жауапты тұлғаларды тағайындау туралы шешім қабылданды.
Осылайша, 2026 жылы халықаралық конференция Бішкекте, мини-футболдан халықаралық турнир – Астанада, ал Төрағалар Кеңесі – Анкарада өтпек. OTUTS ресми веб-сайтының әзірлеуі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы тарапынан жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, OTUTS Президенті Эргюн Аталайдың ұсынысы бойынша Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының Халықаралық мәдени фестивалін өткізу жоспарланды.
Атқару комитетінің мүшелері әр ұлттық кәсіподақ орталығы жанында OTUTS шеңберінде ынтымақтастық координаторы қажет деген ортақ пікірге келді. Бұл координатор ұйым хатшылығы жанындағы Үйлестіру кеңесінің құрамына кіреді. Атқару комитеті ұйымның 2026 жылға арналған бюджетін де мақұлдады.
Атқару комитетінің қорытындысында OTUTS Бас хатшысы Сатыбалды Даулеталин бірлескен жобаларды анықтаудағы жемісті жұмыс үшін әріптестеріне алғыс айтты.
«Бүгін біз бұрын-соңды болмағандай мақсатты, үйлестірілген, бірлескен қызметтің қажеттілігін сезінеміз. Бізге тек бірігіп қана қоймай, ары қарай күшімізді салып дамуымыз қажет. Біздің ұйым тек идея алмасу орны ғана емес, нақты іс-қимылдар мен жаңа бірлескен бастамаларға шығу нүктесі болады, олар халқымызға нақты нәтиже әкеледі. Мен сенімдімін, біздің бірлескен іс-қимылдарымыз әр OTUTS мүшесі өз мемлекеті шеңберінде әлеуметтік әріптестікті дамытуға, халықаралық еңбек стандарттарын ұлттық заңнамаларға енгізуге елеулі үлес қосады. Бүгін Атқару комитеті мүшелері қабылдаған Жоспар ұлттық кәсіподақ орталықтарының күш-жігерін біріктіру, әлеуметтік-еңбек, кәсіби, экономикалық құқықтар мен мүдделерді қорғау бойынша 48 миллион мүшесі бар түркі мемлекеттері кәсіподақтарының бірлескен іс-қимылын алға бастыру үшін негізгі құжат болады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Бұған дейін 12 қарашада Ташкентте Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының белсенділерінің кездесуі өтті. Оған OTUTS Бас хатшысы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысты. Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркия және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтарының жетекшілері Төрағалар Кеңесінің келесі отырысының күн тәртібін, OTUTS Іс-қимыл жоспарын және 2026 жылға арналған бюджетті талқылады. Сол отырыс қорытындысы бойынша OTUTS саммитін дайындау үшін жұмыс тобы құрылды.
Жұмыс тобына бес елдің ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері кірді: Қазақстаннан – ҚР Кәсіподақтар федерациясының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Қайрат Айбосынов, Әзірбайжаннан – Әзірбайжан кәсіподақтар конфедерациясының халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Фуад Алакбаров, Қырғызстаннан – Қырғызстан Кәсіптік одақтар федерациясының халықаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі Азис Джумабаев, Түркиядан – TÜRK-İŞ Президентінің кеңесшісі Тураджон Раупов және Өзбекстаннан – Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының заң департаментінің директоры Хамидулла Премкулов.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы 29 шілдеде Әзербайжанның Шуша қаласында Әзірбайжан, Қазақстан, Түркия және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтары Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымын құру туралы келісімге қол қойды.
Ағымдағы жылдың 22 мамырында Анкарада Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының I құрылтай конгресі өтті. Ұйымның штаб-пәтері Түркия Республикасында ресми түрде тіркелді. Жаңа интеграциялық одақ құрамына Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия ұлттық кәсіподақтар орталықтары кіреді. OTUTS Бас хатшысы ретінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин құпия дауыс беру арқылы сайланды, OTUTS Президенті ретінде Түркияның TÜRK-İş Кәсіподақтар конфедерациясының Төрағасы Эргюн Аталай таңдалды.
OTUTS Атқару комитетінің келесі отырысы 2026 жылы Ташкентте өтпек.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
