8–18 желтоқсан аралығында Жапонияда JILAF Халықаралық еңбек ынтымақтастық қоры ұйымдастырған Invitation Program халықаралық бағдарламасы аясында пікірталастар мен кездесулер өткізілді. Бағдарламаға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының өкілдері – ҚРКФ «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Аян Салимгереев және Астана қалалық Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Төлеген Күнәділов қатысты.

Сондай-ақ бағдарламаға Әзірбайжан, Молдова, Грузия, Украина және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері қатысты.

Бағдарлама сессиялары Токио, Нагасаки және Кумамото қалаларында өтті. Кездесулер мен жұмыс сессиялары кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары мен әлеуметтік әріптестік мәселелерін қамтып, қатысушыларға тәжірибе алмасу мен кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.
Бағдарлама барысында ҚРКФ өкілдері Жапониядағы ең ірі кәсіподақ бірлестігі JTUC-RENGO өткізген дәрістер мен пікірталастарға қатысты.

Ұйымдастырушылар бағдарлама қатысушыларын Жапония Денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдерімен кездесуге, салалық және аумақтық жапон кәсіподақтарының тәжірибесімен танысуға, сонымен қатар жергілікті бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметімен танысуға мүмкіндік берді.

Жалпы, серіктестік бағдарламасы барысында қатысушылар кәсіподақтардың әлеуметтік ынтымақтастық жүйесіндегі рөлі, жастардың кәсіподақ қозғалысына қатысуы, еңбек құқықтарын қорғау және тұрақты әлеуметтік әріптестік үлгілерін дамыту мәселелері бойынша өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының өкілдері жастар ортасында және аумақтық кәсіподақтар бірлестігі шеңберінде кәсіподақ қызметінің тәжірибесімен бөлісті.

Астана қалалық Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Төлеген Күнәділов бағдарлама қатысушыларына елордада әлеуметтік әріптестікті дамыту бойынша шараларды таныстырды.

«Біз өз еліміздегі әлеуметтік әріптестік моделін таныстырдық. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік әріптестікті дамыту тәжірибесі жапон әріптестеріміздің қызығушылығын тудырды. Әсіресе, олар ҚРКФ мүшелік ұйымдарының қоғамдық-саяси өмірге қатысуын, кәсіподақ көшбасшыларының өкілдік органдарға сайлау процесіне қатысуын жоғары бағалады. Астана аумақтық кәсіподақтар бірлестігі сайлау кампанияларына қатысу тәжірибесіне бай», – деді Төлеген Күнәділов.

Өз кезегінде ҚРКФ «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Аян Салимгереев жастар кәсіподақ кеңестері қызметін таныстырып, жапон әріптестерінің қызығушылығын тудырған «Еңбек елшісі» жобасы туралы егжей-тегжейлі баяндады.

«Біздің ҚРКФ «Еңбек елшісі» жобасы – кәсіподақ қызметінің қағидаларын жастар өз ісімен белсенді насихаттайтын бағдарлама. Бұл жапон және басқа щетел әріптестеріміздің ризашылығын тудырды. Мен жастар кеңесіміздің жұмыс әдістерімен бөлістім. Еріктілік жобаларымыз да зор қызығушылыққа ие болды», – деді Аян Салимгереев.

Айта кетейік, JILAF Халықаралық еңбек қоры 1989 жылы Жапония RENGO Кәсіподақтар конфедерациясы тарапынан тәжірибе алмасу және оқыту семинарларын ұйымдастыру үшін құрылған.

Қор дамушы елдерде әлеуметтік-экономикалық қатынастарды дамытуға ықпал етеді. Қордың қызметі Жапония Еңбек министрлігінің қаржылай қолдауымен жүзеге асады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
