2025 жыл қорытындысы: Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы – әлемдік кәсіподақтар күн тәртібінің бастамашысы

2025 жылы 9-10 шілде күндері Астанада Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесі (ХКК БЕАК) ұйымдастырған Жазғы мектебі өтті. Форумның тақырыбы: «Үжымдық келіссөздер және жұмыс орнындағы демократия». Бұл маңызды шараны Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырып, оған Еуропалық кәсіподақ конфедерациясы қолдау көрсетті. Ең бастысы, бұл іс-шара Орталық Азия өңірінде алғаш рет – Қазақстанда өткізілді. Халықаралық кәсіподақ форумына әлемнің 50-ден астам Еуропа және Азия елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері, әлемдік кәсіподақ қозғалысының көшбасшылары мен халықаралық сарапшылар қатысты.

Бұл оқиға Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін де ерекше маңызды. Ол жаһандық әлеуметтік және экономикалық өзгерістер жағдайында кәсіподақтардың рөлінің күшеюін, халықаралық бірліктің нығаюын және жұмыс орындарында демократиялық процестердің дамуын бейнелейді.

Екі күн бойы қазақстандық және халықаралық сарапшылар жаһандық кәсіподақ күн тәртібін талқылады. Жазғы мектеп әлеуметтік-еңбек саласын дамытудағы маңызды алаңға айналды: ұжымдық келіссөздер, еңбеккерлердің құқықтарын қорғау механизмдері, жұмыс орнындағы демократияның рөлі, жасанды интеллекттің еңбек қатынастарына әсері және жасыл экономикаға әділ өту мәселелері жан-жақты қаралды.

ХКК БЕАК Президенті Игорь Зубку ұжымдық келіссөздер мен жұмысшылардың демократиялық қатысуы маңызды екенін атап өтті, себебі олар тұрақты еңбек қатынастарының іргетасы.

«ҚР Кәсіподақтар федерациясына және Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясына, сондай-ақ қатысушыларға алғыс білдіргім келеді. Қазіргі белсенді халықаралық келіссөздер жағдайында еңбеккерлердің саяси құқықтарын қорғау біздің басты қағидамызға айналды. Ұжымдық келіссөздер – әмбебап құрал, жұмыс орнындағы демократияның негізі. Біз маңызды сынақтарға тап болсақ та, оны еңсеруге дайынбыз. Қазақстан мен Орталық Азия халықаралық кәсіподақ қозғалысында маңызды рөл атқарады, ал бұл мектеп – біз үшін барлығымызға маңызды қадам», – деді Игорь Зубку.

ACTRAV/ХЕҰ-дың Еуропа және Орталық Азия бөлімі меңгерушісі Сергеюс Гловацкас форум қатысушыларын құттықтап, өңірдегі кәсіподақтардың дамуын және бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінгі Жазғы мектеп – Қазақстанның соңғы 15 жылда, ХЕҰ-ның алғашқы миссиясынан бастап, өткен жолының символы. Бүгін Қазақстан еңбек демократиясы мен әлеуметтік диалогты дамытуда жаңа деңгейге көтерілді. Орталық Азия өңірі бірлік пен прогрестің шамшырағы болып отыр. Бұл кездесу мен үшін бірнеше жылдық жұмыстың қорытындысы. Біз Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясын қолдап, білім мен тәжірибе алмасу арқылы еңбеккерлердің құқықтарын қорғауды бірге дамытамыз», – деді ол.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, ХКК БЕАК вице-президенті Сатыбалды Дәулеталин Астанада бастау алған Жазғы мектептің ашылуында сөз сөйлеп, бұл ауқымды халықаралық шараның еліміз үшін маңызыдылығын атап өтті.

«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы атынан баршаңызды Еуразияның жүрегі – Астанада қарсы алуға қуаныштымын. Бұл қала – дәстүр мен заманауи өзгерістер тоғысқан мекен. Біз алғаш рет осындай деңгейдегі халықаралық шараны өткізіп отырмыз, бұл – еліміздің кәсіподақ қозғалысының елеулі өзгерістерден өткенінің айғағы. Қазақстан ауыр да ерекше жолдан өтті: 90-жылдардағы қиын кезеңдерден бастап, бүгінгі цифрлық экономика мен жасыл энергияға бет алған жаңа дәуірге қадам басты. Осы жолда біздің басты байлығымыз – еңбек адамы. Оның құқықтары мен қадір-қасиеті – барша жұмыстың негізі болуы тиіс», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Сатыбалды Дәулеталин елімізде қалыптасқан ұжымдық келіссөздер жүйесін атап өтіп, бұл еңбек саласындағы сенім мен тұрақтылықтың көрсеткіші екенін жеткізді.

«Бүгінде Қазақстанда тиімді ұжымдық келіссөздер жүйесі бар. Ұлттық деңгейде Бас келісім жұмыс істейді. 22 салалық және 20 өңірлік келісім жасалған. Сонымен қатар 16 мыңнан астам ұжымдық шарт бар, олар кәсіподақтары бар ұйымдардың 97 пайызын қамтиды. Бұл – посткеңестік кеңістіктегі бірегей жетістік», – деді кәсіподақ жетекшісі.

ҚРКФ Төрағасы сондай-ақ кәсіподақ қозғалысының алдағы даму бағыттарын да атап өтті. Оның ішінде лайықты жалақыны қамтамасыз ету, кәсіподақтардың цифрлық жаңғыруы, жаңа буын көшбасшыларын даярлау, еңбек қауіпсіздігі мен денсаулықты сақтау мәдениетін арттыру, әсіресе психологиялық саулық пен кәсіби қауіптің алдын алу секілді маңызды бағыттар бар.

ХКК БЕАК Бас хатшысы Эстер Линч Астанадағы Жазғы мектептің маңыздылығын ерекше атап өтіп, Қазақстан кәсіподақтарына жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара үшін алғысын білдірді.

«Қазақстандық әріптестерімізге шараны жоғары деңгейде өткізгені үшін алғыс айтамын. Кәсіподақтар – еңбек жағдайларын жақсартып, адамдарға лайықты өмір сүруге мүмкіндік беретін жұмыс орындарын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Жазғы мектеп аясында біз ұжымдық келіссөздердің жұмысшылардың құқығын қорғауда және тұрақты еңбек қатынастарын құрудағы рөлін талқылаймыз. Бүгінде кәсіподақтар түрлі қиындықтарға тап болуда: еңбек құқығына қысым, ресурстардың азаюы, ереуіл құқығының шектелуі. Бірақ біз бұл сын-қатерлерге бірге қарсы тұрып, ең үздік тәжірибелермен бөлісуіміз қажет», – деді Эстер Линч.

«Ұжымдық келіссөздер және жұмыс орнындағы демократия» атты сессияда қатысушылар кәсіподақтардың еңбеккерлер құқығын қорғаудағы маңызын талқылап, ұжымдық келіссөз жүргізудегі елдер тәжірибесімен бөлісті.

Қазақстандағы әлеуметтік әріптестік пен ұжымдық келіссөздер тәжірибесімен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева бөлісті.

«Республикалық және өңірлік үшжақты комиссиялар алаңында еңбекақыны төлеу, жалақыны индекстеу, еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша сындарлы диалог жүргізілуде. Бұл қабылданатын шешімдердің сапасын арттырып, тараптар арасындағы сенімді нығайтады. Мысалы, «Еңбек консультациялары» акциясы – жұмыс берушілер мен еңбек ұжымдары арасындағы ашық пікір алмасуға, кәсіпорындардың қаржылық жағдайын талқылауға және еңбек дауларының алдын алуға сеп болып отыр. Біз өндірістік демократияның ұйымдардың тұрақты дамуының ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын байқап отырмыз», – деді Гүлнәр Жұмагелдиева.

Форум барысында Бельгияның Жалпы христиан кәсіподақтар конфедерациясының халықаралық бөлім жетекшісі Карин Деброй Бельгиядағы әлеуметтік диалог пен ұжымдық келіссөздер тәжірибесімен бөлісті.

«Бельгияда кәсіподақтардың қамту деңгейі шамамен 50–60 пайызды құрайды, бұл Солтүстік Еуропа елдеріне тән көрсеткіш. Елдегі жалақыны индекстеу жүйесі – әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі тіректерінің бірі. Яғни, баға өсіміне қарай жалақы автоматты түрде өсіп отырады. Бұл халықтың нақты табысын сақтап, әлеуметтік теңгерімсіздіктерді болдырмауға ықпал етеді» – деп атап өтті Карин Деброй.

Әлеуметтік әділеттілік мәселесіне ерекше тоқталған Грузия Кәсіподақтар конфедерациясының президенті Ираклий Петриашвили халықаралық тәжірибедегі қосарлы стандарттар мен әлеуметтік кепілдіктердің жоқтығын сынға алды.

«Грузиядағы саясатта әлеуметтік диалог мәдениеті туралы ештеңе айтылмайды. Бізде ең төменгі жалақы жоқ, жұмыссыздық бойынша толыққанды жәрдемақы жүйесі де жоқ. Бұл мәселелерді халықаралық деңгейде ешкім көтермейді, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін стандарттарды ешкім талап етпейді», – деп мәлімдеді Ираклий Петриашвили.

Екінші күні шараның ашылуында Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Еңбеккерлер қызметі бюросының директоры Мария Хелена Андре сөз сөйлеп, қазіргі еңбек саласындағы сын-қатерлерге тоқталды.

«Еңбек қауіпсіздігін реформалау, негізгі Конвенцияларды ратификациялау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және жалпы кәсіподақтардың ілгерішіл қызметі бойынша жақсы мысалдар Қазақстан, Армения және Молдова ұлттық кәсіподақ орталықтарында байқалып отыр, – деп атап өтті ол.

Цифрлық экономика мен технологиялардың еңбек нарығына әсері жайлы айта келе, Мария Хелена Андре бұл өзгерістер кәсіподақтардың белсенді қатысуымен және халықаралық еңбек стандарттарына сай жүзеге асырылуы тиіс екенін баса айтты.

ХЕҰ Еңбеккерлер қызметі бюросының директоры халықаралық кәсіподақ қауымдастығын еңбек саласындағы жаңа әлеуметтік келісімдерді қалыптастыруға шақырды. Оның айтуынша, мұндай келісімдердің өзегінде еңбектің шынайы мәні, әділеттілік, теңдік пен демократия тұруы керек.

«Жұмыс орнындағы демократия – тұрақты дамудың ажырамас бөлігі. Біз әрбір кеңседе, әрбір кәсіпорында және әрбір елде жұмысшылардың үні естілуі үшін жағдай жасауымыз қажет», – дейді ол.

Сонымен қатар, спикер Қазақстан кәсіподақтарының бұл бағыттағы оң тәжірибесіне ерекше тоқталды:

«Қазақстан Республикасының кәсіподақтары елеулі демократиялық өзгерістер жолынан өтті және өтпелі кезеңнің қиындықтарын еңсере білді», – деді Мария Хелена Андре.

Жасанды интеллект пен алгоритмдерді жұмыс орнында қолдану бойынша стандарттарды қалыптастыруға кәсіподақтардың қатысуының маңызын Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының заңгері Зузанна Мускат-Горска өз сөзінде ерекше атап өтті.

«Кәсіподақтар бұл үдерісте жай ғана сырттай бақылаушы емес, толыққанды қатысушы болуы тиіс. Тек сонда ғана біз қызметкерлердің негізгі құқықтары мен еңбек қадірін қорғап қала аламыз», – деп түйіндеді ол.

Қазақстан Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Егор Каппель агросекторға цифрлық технологияларды енгізудің өзектілігіне тоқталды.

UNI Global Union ұйымының департамент басшысы және жобалар директоры Гиедре Лелите жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың еңбек саласына ықпалы туралы баяндады.

«Жасанды интеллект біздің қалай жұмыс істейтінімізді, жұмыс орнындағы шешімдердің қалай қабылданатынын және жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы диалогтың қалай құрылатынын өзгертіп жатыр. Бұл үдеріс еңбекті қорғаудың негізгі қағидаттарын қайта қарауды және ұжымдық күрес тетіктерін жаңартуды талап етеді», – деді Гиедре Лелите.

Бүкілпольшалық кәсіподақтар альянсының президенті Петр Островский әріптестеріне еңбек құқықтары, көші-қон және кәсіподақ қызметі бойынша ақпараттық-кеңестік көмек көрсетуге арналған «Наджея» (Надежда) атты кәсіподақ чат-ботының жұмысын таныстырды. Бұл – жұмыскерлерге қолдау көрсететін инновациялық құрал.

Бүкілеуропалық аймақтық кеңестің (БЕАК) Жастар комитетінің президенті Никола Бобич жастар мен платформалық жұмыскерлердің ұжымдық келіссөздердегі рөлін ерекше атап өтті.

«Егер біз жастардың тілімен сөйлемесек, олардың үйреншікті технологияларын қолданбасақ, шынайы өмірлік шындығын ескермесек – біз тұтас бір ұрпақты жоғалтамыз. Кәсіподақтарды жаңғырту ең алдымен еңбек ететін жастардың қажеттілігін түсінуден басталуы керек», – деп тілге тиек етті ол.

Жиын соңында ХКК БЕАК Бас хатшысы Эстер Линч сөз сөйлеп, халықаралық кәсіподақтар қауымдастығы жұмысының басым бағыттарын белгіледі.

«Ең алдымен, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясына осындай маңызды шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын. Федерация төрағасы Сатыбалды Дәулеталинге елдің кәсіподақ қозғалысын жоғары деңгейге көтергені үшін ризашылығымды білдіремін. Мұндай кездесулер – тек тәжірибе алмасу емес, сондай-ақ нақты өзгерістерге жол ашатын алаң», – деді ол.

Эстер Линчтің айтуынша, Астанада ұсынылған бастамалар мен ұсыныстар БЕАК-нің биыл қарашада өтетін сессиясында қаралып, бекітіледі.

«Біз стратегиялық бағыттарды айқындадық. Бұл – жай идеялар емес, біз барлық деңгейде алға жылжытып, заңнамалық және саяси әрекеттерге негіз болатын нақты бағдарлар болмақ», – деп түйіндеді ол.

Жазғы мектеп барысында халықаралық кәсіподақ қозғалысы алдында тұрған өзекті сын-қатерлерді Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы Люк Триангл баяндады.

«Жасанды интеллект пен цифрлық платформалар жұмыспен қамтудың құрылымын түбегейлі өзгертіп жатыр. Егер біз тиісті құқықтық реттеу жүйесін қамтамасыз етпесек, бұл үдерістер әлеуметтік әділеттілік пен ұжымдық құқықтарды әлсіретуі мүмкін», – деді ХКК Бас хатшысы.

Люк Триангл әсіресе ұжымдық келіссөздерді әлеуметтік әділеттіліктің басты тетігі ретінде сақтап қалудың маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, қазіргі жағдайда кәсіподақтар жасанды интеллектті қолдану ережелерінің ұжымдық шарттарға енгізілуін талап етуі қажет. Бұл – жұмыскерлерді ақпараттандырудан бастап, автоматтандырылған бақылаудың шегін белгілеу және шешім қабылдау үдерісіне еңбек адамының қатысуы сынды мәселелерді қамтуы тиіс.

Өз сөзінде Люк Триангл Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясына Жазғы мектепті жоғары деңгейде өткізгені және еңбек саласындағы цифрлық трансформация бойынша белсенді ұстанымы үшін алғысын білдірді.

«Кәсіподақтар әділетті цифрлық көшудің нақты стратегиясын әзірлеуі керек. Қазақстан кәсіподақтары цифрлық күн тәртібіндегі белсенді ұстанымымен ерекшеленіп, технологиялық өзгерістер жағдайында өз стратегиясын қалыптастыра алатын ел ретінде танылып отыр. Цифрлық трансформация тек әлеуметтік жауапкершілік пен ұжымдық қатысу қағидаттары негізінде ғана жүзеге асуы мүмкін, – деді ол.

Жазғы мектеп аясындағы қорытынды баяндамасында ХКК БЕАК Вице-президенті, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелермен бөлісті.

«Бүгінде біз екіжақты жағдайда тұрмыз. Бір жағынан, бейресми жұмыспен қамтудың жоғары үлесі, кәсіподақтардың әлеуметтік саясатқа толыққанды қатыспауы, қызметкерлердің заңды және нақты қорғалуы арасындағы алшақтық сияқты мәселелер әлі де бар. Екінші жағынан, оң өзгерістер де байқалады: Қазақстан тарихында алғаш рет ел басшылығы Жұмысшы мамандықтары жылын жариялады, Федерация Ұлттық құрылтай жұмысына лайықты еңбек бастамаларымен қатысуда, лайықты еңбектің Ұлттық бағдарламасын ілгерілету және еңбекті қорғауды негізгі құқық ретінде заңмен бекіту туралы ұсыныстар бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Біз кәсіподақ құрылымдарында әйелдер мен жастардың өкілдігін айтарлықтай арттырдық. Жастар мен әйелдерді тарту – біздің стратегиялық басымдығымыз. Кәсіподақ көшбасшыларының жаңа буынынсыз болашағымыз болмайды», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Жазғы мектеп барысында көтерілген тақырыптар мен пікірталастардың мазмұнды болғанын жоғары бағалап, шара қорытындыларын түйіндеді.

«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы үшін ХКК БЕАК Жазғы мектебі – кәсіби диалог алаңы, халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың, жаңа бастамаларға серпін берудің кезеңі. Астанада өткен бұл мектеп біз үшін тарихи белеске айналды. Ол бізге жаһандық кәсіподақ қауымдастығы аясындағы өз рөлімізді жаңаша пайымдауға мүмкіндік берді», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Оның айтуынша, Жазғы мектепте қаралған тақырыптар Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының күн тәртібімен толық үндесіп отыр.

«Біз кәсіподақ қауымдастығы алдында тұрған маңызды сұрақтарға жауап алдық: Халықаралық еңбек ұйымының лайықты еңбек принциптерін дәстүрлі жұмыстың орнына цифрландыру басым болған нарыққа қалай бейімдеуге болады? Экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік әділеттілік арасындағы теңдікті қалай қамтамасыз етуге болады? Кәсіподақ жүйелерінің әртүрлілігі жағдайында халықаралық бірлік қандай форматта тиімді? Біз бір-бірімізді тыңдадық. Контекст пен даму деңгейі әртүрлі болса да, бізді ортақ нәрсе біріктіреді: еңбек адамының құқығын қорғау, әділеттілік үшін күрес, тұрақты әрі ынтымақты болашаққа ұмтылу. Бізге ортақ талқы және шешім іздеуге мүмкіндік берген Халықаралық кәсіподақ конфедерациясына, Еуропалық кәсіподақ конфедерациясына және Бүкілеуропалық аймақтық кеңеске алғысымыз шексіз. Бұл жұмыс мұнда аяқталмайды, ол күнделікті жұмыста, келіссөздерде және оқытуда жалғасады. Қазақстанда айтылатын сөз бар: «Бірлік болмай, тірлік болмас». Яғни, бірлік болмаса, алға жылжу болмайды. Астана сіздердің есіңізде жаңа идеялар туып, жаңа бастамалар өмірге келіп, ынтымақтың күші артқан орын ретінде қалсын», – деп сөзін түйіндеді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Халықаралық форумды аяқтаған Бүкілеуропалық аймақтық кеңес төрағасы, Молдова Ұлттық кәсіподақ конфедерациясының төрағасы Игорь Зубку өткен шараның тарихи маңыздылығын атап өтті.

«Астанада өткен Жазғы мектеп – кәсіподақ қозғалысының жаңа стратегияларының негізі болатын идеялар айтылған алаң. Екі күн ішінде қатысушылар форумның басты тақырыбы – «Ұжымдық келіссөздер және жұмыс орнындағы демократия» мәселесін заманауи сын-қатерлер – цифрландыру, бейресми жұмыстың өсуі, саяси-экономикалық тұрақсыздық жағдайында еңбек құқықтарына қысым арқылы қарастырды. Бүгінгі күні келіссөздерді еңбек қатынастарының орталығына қайтару бұрынғыдан да маңызды. Бұл еңбек демократиясының негізі. Жұмысшының дауысы естіліп, оны тыңдау – біздің ортақ миссиямыз», – деді ол.

Астанада өткен БЕАК Жазғы мектебі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының әлемдік кәсіподақ қозғалысында бастамашы әрі белсенді қатысушы ретінде алатын маңызды орнын айқын көрсетті. Бұл шара әлеуметтік ынтымақтастықты ілгерілетудегі өңірлік көшбасшылықты көрсетіп қана қоймай, Қазақстанды еңбек саласындағы болашақ сын-қатерлерді талқылауға арналған сенімді алаң ретінде танытты.

Келесі жарияланымдарымызда біз 2025 жылдың негізгі нәтижелері мен жетістіктерін баяндауды жалғастырамыз.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы