18 желтоқсан, бейсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Келісім комиссиясы мүшелеріне арналған оқыту семинары өтті. Семинардың негізгі мақсаты – еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты нығайту және еңбек дауларын тиімді әрі бейбіт жолмен шешу жолдарын түсіндіру.
Семинарды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары, еңбек құқығы саласының білікті сарапшысы Ляззат Есжанова ашты. Ол Келісім комиссияларының дұрыс жұмыс істеуі еңбек ұжымындағы сенім мен тыныштықты сақтауға тікелей әсер ететінін атап өтті.
«Еңбек дауын реттеу – жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы әділдікті қамтамасыз етудің маңызды жолы. Осы үдерісте Келісім комиссиясы сотқа дейінгі кезеңде туындаған мәселелерді бейбіт, өркениетті жолмен шешуге ұмтылады. Еңбек дауы барысында да жұмыскер де, жұмыс беруші де ең алдымен келісу комиссиясына жүгінуге құқылы. Ал егер дау комиссия деңгейінде шешімін таппаса, тараптар заңнамаға сәйкес сотқа жүгіне алады», – деді Ляззат Есжанова.

Оқыту семинарының спикері – ҚР Кәсіподақтар федерациясының дәріскерлер пулының мүшесі, тәжірибелі лектор Майра Боранбаева болды. Ол еңбек дауларын сотқа дейін қараудың құқықтық тәртібін түсіндіріп, Келісім комиссиясының еңбек қатынастарындағы маңызды рөліне тоқталды.
Спикердің айтуынша, еңбек дауы – бұл еңбек заңнамасын қолдану, еңбек немесе ұжымдық шарт талаптарын орындау мәселелері бойынша жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы келіспеушілік.
«Еңбек қатынастары және оған тікелей байланысты қатынастар еңбек шартымен, жұмыс берушінің актісімен және ұжымдық шартпен реттеледі. Бұл ретте жұмыскерлердің жағдайын заңнамамен салыстырғанда нашарлататын ережелер жарамсыз деп танылады. Жеке еңбек дауын қарау үшін жұмыскер де, жұмыс беруші де ең алдымен Келісім комиссиясына жүгінуге құқылы», – деді Майра Боранбаева.

Спикер Келісім комиссиясының қалай құрылатынына да тоқталды. Комиссия жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілдерінің жазбаша келісімі немесе ұжымдық шарт негізінде құрылады және тұрақты жұмыс істейді. Комиссия мүшелері еңбек заңнамасын білуі, келіссөз жүргізе алуы және дауларды өзара түсіністікпен шешу дағдыларын үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Осы мақсатта олар жыл сайын оқудан өтеді.
Келісім комиссиясы шешімдерінің орындалу мерзімдері де кеңінен талқыланды. Майра Боранбаева жұмысқа қайта алу туралы дауларды қоспағанда, Келісім комиссиясының шешімі өзі белгілеген мерзімде, алайда шешім қабылданған күннен бастап бір айдан аспайтын уақытта орындалуы тиіс екенін ескертті. Ал тиісті төлемдер келесі айдың жалақысын төлеу үшін белгіленген мерзімнен кешіктірілмей жүзеге асырылуы қажет.
Сонымен қатар, спикер жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауда кәсіподақтардың айрықша рөліне тоқталды. Егер ұйымда кәсіподақ құрылған болса, оның қатысуынсыз жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасында ұжымдық келіссөздер жүргізуге жол берілмейтіні атап өтілді.
Семинар соңы ашық диалог форматында өтті, онда қатысушыларға қолданыстағы еңбек заңнамасының жекелеген ережелерін түсіндіре отырып, әдістемелік және консультациялық көмек көрсетілді. Қатысушылар өздерін қызықтырған барлық сұрақтарға толық жауап алды, сондай-ақ өздерінің кәсіподақ жұмысында туындайтын белгілі бір мәселелерді шешу тәжірибелерімен бөлісті.
Айта кетейік, ҚР Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақтық білім беру жүйесінде қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған 20 тақырыптық курс қамтылған. Соңғы бес жылда 2300-ден астам семинар өткізіліп, 125 мыңға жуық адам қамтылған. Олардың қатарында жұмыс берушілер, жұмыскерлер және кәсіподақ белсенділері бар.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
