Сатыбалды Дәулеталин: «Кәсіподақ белсенділерінің еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау – кәсіподақ орталықтарының басты міндеті»

Жұма күні, 19 желтоқсанда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Ақтөбе облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің басшылығы мен қызметкерлерімен кездесті. Сондай-ақ «Ақтөбепрофкомплекс» ЖШС қызметін және Аумақтық кәсіподақ орталығы ғимаратында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын танысты.

Ақтөбе облысының Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі орналасқан бұл ғимарат 1967 жылы бой көтерген. Жылдар бойы өңір еңбеккерлерінің мүддесін қорғауға қызмет етіп келе жатқан нысанда биыл ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жалпы көлемі 648 шаршы метрді қамтыды.

Нысанды аралау кезінде ҚРКФ Төрағасына Кәсіподақтар үйінде жүргізілген жөндеу және жаңарту жұмыстары көрсетілді. Бұл жұмыстар ғимараттың инженерлік желілерін жақсартуға және оның негізгі жүйелерінің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ақтөбе облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиевтің айтуынша, жоспарлы жаңғырту аясында ең алдымен жылу жүйесіне кешенді тексеру жүргізіліп, тиісті жөндеу жұмыстары атқарылған.

«Кіреберіс бөліктегі жылу жүйесінің барлық ысырмалары ауыстырылды, орталық су құбыры да жаңартылды. Жөндеу кезінде ғимараттың барлық бөлмелерінде, асханада да, жылыту батареялары жаңасына алмастырылды. Сонымен қатар жылу жақсы таралуы үшін жүйеге қысымды күшейтетін арнайы сорғы орнатылды», – деді Кәсіподақ орталығының төрағасы.

Кәсіподақтар үйіне жасаған сапар барысында ҚРКФ Төрағасы материалдық-техникалық базаны жаңарту шеңберінде жаңа жиһазбен және заманауи құрал-жабдықтарменжаңартылған конференц-залды да аралады. Ол бұл залдың кеңестер мен түрлі деңгейдегі іс-шараларды өткізуге қойылатын функционалдық талаптарға толық сай келетінін айтты.

Сатыбалды Дәулеталин санитарлық-тұрмыстық бөлмелерді кезең-кезеңімен жаңғырту қажеттігіне де ерекше назар аударып, оларды заманауи талаптары мен санитарлық нормаларға сәйкестендіру маңызды екенін атап өтті.

«Кәсіподақ орталығының ғимаратында салалық кәсіподақтардың сегіз филиалы орналасқан. Бұл – Ақтөбе облысындағы кәсіподақ қозғалысының негізгі тірегі, берік қазығы. Кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділерінің еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау – өңірлердегі кәсіподақ орталықтарының алдыңғы қатарлы ұйымдастырушылық міндеттерінің бірі. Күн сайын өңірдегі жүздеген мың еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғап жүрген жандардың өздері де жайлы, қауіпсіз әрі қолайлы ортада жұмыс істеуге тиіс. Сондықтан кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлері мен көмек сұрап келетін еңбеккерлер үшін тартымды кеңістік қалыптастырып, оны үздіксіз дамыту қажет», – деді Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақ орталығы ғимараты мен оған іргелес аумақты жаңарту нәтижелерімен танысу барысында.

Айта кету керек, соңғы көптеген жыл ішінде алғаш рет Ақтөбе облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ғимаратқа іргелес аумақты абаттандыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізді. Атап айтқанда, аула аумағы кеңейтіліп, ыңғайлы автотұрақ аймағы ұйымдастырылды және шлагбаум орнатылды. Бұл өз кезегінде көлік қатынасының қолжетімділігін арттырып, қауіпсіздік деңгейін едәуір күшейтуге мүмкіндік берді.

Бүгінгі таңда Ақтөбе облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі өңірде қызмет атқаратын салалық кәсіподақтардың 10 филиалының жұмысын үйлестіріп отыр. Аталған филиалдар арқылы облыс бойынша жалпы саны 132 000 кәсіподақ мүшесінің мүддесі қорғалып, олардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері қамтамасыз етілуде.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы