2025 жылы сәуірде Бішкек қаласында Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің VII отырысы өтті. Жиында сөйлеген сөзінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өңірдегі кәсіподақтар қоғамдастығының алдында тұрған бірқатар міндеттерді айқындады. Атап айтқанда, Қазақстанның кәсіподақ көшбасшысы әріптестеріне «ЖИ дәуіріндегі жұмысшылардың құқықтарын қорғау стандарттарын» әзірлеуді ұсынды.
«Ірі технологиялық және трансұлттық компаниялар бизнеске тиімді, бірақ жұмысшылар үшін қауіпті еңбек модельдерін белсенді түрде ілгерілетуде. Еңбек қатынастарын азаматтық-құқықтық қатынастармен (фриланс, өзін-өзі жұмыспен қамту) алмастыру жүріп жатыр, бұл адамдарды әлеуметтік кепілдіктер мен ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығынан айырады. Цифрлық бақылау жүйелерін енгізу (белсенділікті трекингтеу, камералар арқылы эмоционалды талдау жасау) жұмысшыларды алгоритмдердің «тетіктеріне» айналдыруда. Жасанды интеллектінің жұмыс орындарын қысқарту туралы шешімдері жиі түсіндіруге және шағымдануға келмейді. Егер кәсіподақтар араласпаса, корпорациялар «цифрлық жұмыс берушінің» диктатурасын орнатады, онда жұмысшыларда ықпал ету тетіктері қалмайды. Құқықтық база қалыптасып жатқан уақытта, біздің елдердің кәсіподақтары ЖИ дәуіріндегі еңбек қатынастарының дамуын өңірлік реттеудің локомотивіне айналуы тиіс. Ұсынылып отырған стандарттар – бұл тек жұмысшыларды қорғау құралы ғана емес, сонымен бірге XXI ғасырдағы кәсіподақтардың ықпалын сақтап қалу құралы. Егер ұсыныс қабылданса, біз халықаралық әдістемелік орталық құрып, әзірлемеге кірісуге дайынбыз», – деп атап көрсетті сол кезде Сатыбалды Дәулеталин.

ОАЕКК-не мүше мемлекеттер – Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстанның кәсіподақ көшбасшылары Қазақстанның бастамасын қолдады.
Осы жылдың 5 қыркүйегінде Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің VIII отырысы барысында ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбек қатынастарында жасанды интеллектінің қолданылуын реттейтін Жұмысшылардың құқықтарын қорғау стандарттарының жобасын таныстырды.

« Біздің ортақ мүддеміз – технологияның адамға қызмет етуін қамтамасыз ету және адамның технологияға тәуелді болып қалмауын қадағалау. Бұл құжат алгоритмдік шешімдердің ашықтығы, кемсітушілікке жол бермеу, дербес деректерді қорғау және цифрлық дәуірде лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді. Ұсынылған стандарттарды бекіту Орталық Азия кәсіподақтарының цифрлық дәуірдегі біртұтас ұстанымын нығайтудың нақты қадамы болмақ. Бүгін біз қабылдайтын шешімдер Орталық Азиядағы еңбек қадір-қасиеттің, тұрақтылық пен дамудың синониміне айналатын болашаққа бірге қадам басуымызға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы жұмысшылардың құқықтарын тиімдірек қорғауға және Орталық Азиядағы халықаралық кәсіподақ қозғалысын дамытуға ықпал етуі үшін бар күш-жігерін салуға дайын», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің мүшелері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы әзірлеген ЖИ енгізу кезіндегі жұмысшылардың құқықтарын қорғау стандарттарын бірауыздан қабылдады.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бастамашы болған құжат үздік халықаралық тәжірибелерге (ХЕҰ, ЕО, ЭЫДҰ және мүше елдердің ұлттық тәжірибелері) сүйенеді және оларды ЖИ дәуірінде лайықты еңбекті қамтамасыз ету үшін өңірлік ерекшеліктерге бейімдейді. Бірыңғай стандарттар заңнамалық бастаманың немесе кәсіподақтар мен жұмыс берушілер деңгейінде қабылданған нормативтік актіні әзірлеудің негізі ретінде пайдалануға арналған. Оның ережелері Орталық Азия елдерінің аумағында еңбек жағдайларына, жұмыспен қамтылуға немесе жұмысшылардың құқықтарына әсер ететін жасанды интеллект жүйелерін енгізу кезінде барлық салалар мен ұйымдарға қолданылады. Бірыңғай стандарттар ұлттық заңнамамен, ұжымдық шарттармен, бас және салалық келісімдермен нақтылануы және кеңейтілуі мүмкін кепілдіктерді белгілейді.
«Адамға бағдарланған тәсіл және әлеуметтік әділеттілік. ЖИ енгізу адам мүддесі үшін жүзеге асырылуы тиіс. Технологиялар адамдарға қарсы емес, адамдар үшін жұмыс істеуі керек – еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігін жақсартуы, лайықты еңбек пен әлеуметтік әділеттілікке ықпал етуі тиіс. Өндірісте ЖИ-ні қолдану жұмысшының құқықтары мен қадір-қасиетінің экономикалық пайдадан немесе техникалық мақсаттылықтан басымдығы принципіне сәйкес келуі керек. ЖИ жүйелері жұмысшылардың негізгі құқықтарын сақтауды ескере отырып әзірленуі және пайдаланылуы тиіс. Еңбек заңнамасын, халықаралық еңбек нормаларын немесе ХЕҰ конвенцияларын бұзуға әкеп соқтыратын ЖИЖ-ін қолдануға тыйым салынады», – делінген құжатта.
20-21 қарашада Брюссельде Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесі (ХКК БЕАК) Атқару комитетінің 23-ші отырысы өтті. Отырыс жұмысына БЕАК Вице-президенті, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған қазақстандық делегация қатысты.
Сол кезде БЕАК Бас хатшысы Эстер Линч өз сөзінде кәсіподақтар адам құқықтарын, құқық үстемдігін және демократияны құрметтеуге негізделген ЖИ-ді жауапты пайдалануды қамтамасыз етуге ниетті екенін атап өтті.
Тақырыпты жалғастыра отырып, БЕАК Вице-президенті Сатыбалды Дәулеталин Атқару комитетінің мүшелеріне Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы әзірлеген және Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі шеңберінде іске асыруға бағытталған Кәсіпорындарда жасанды интеллектіні енгізу кезінде жұмысшылардың құқықтарын қорғау стандартын таныстырды.

Стандартты таныстыру барысында Сатыбалды Дәулеталин алгоритмдер еңбек саласына енгенін, енді кәсіподақтардың міндеті – адамдарды қорғайтын ережелерді белгілеу екенін атап өтті.
«Бұл стандарт Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен дайындалды және ХКК БЕАК Атқару комитетіне ортақ халықаралық бағдар ретінде ұсынылды. Бұл қадам арқылы біз әлемге ғана емес, өзімізге де кәсіподақтардың цифрлық дәуірдің соңынан жүруге емес, оны басқаруға дайын екенін көрсетеміз. Негізгі ұстаным қарапайым – барлық өзгерістердің өзегі адам болып қала береді. ЖИ есептей алады, талдай алады, ұсына алады. Бірақ адамның қадір-қасиеті, жауапкершілігі мен салауатты санасы кез келген жүйеден жоғары тұрады. Бұл стандарттың іргетасы және ол үшін қалғанының бәрі маңызды. Стандарт еңбекке әсер ететін кез келген ЖИ жүйесін қамтиды. Жұмысшының өмірін өзгертетін кез келген шешім нормалануы, түсіндірілуі және тексерілуі тиіс. Біз технологияларды үлкен және кіші деп бөлмейміз. Қағиданың өзі маңызды. Егер жүйе адамға әсер етсе, ол адал жұмыс істеуі керек», – деді Қазақстанның кәсіподақ көшбасшысы.
Сатыбалды Дәулеталин Стандартта көрсетілген негізгі принциптерге егжей-тегжейлі тоқталып өтті.

«Мұнда бес негізгі принцип бар. Адам алгоритмнен маңыздырақ. Еңбек жағдайлары нашарламауы тиіс. Шешімдер ашық болуы керек. Кемсітушілікке жол берілмейді. Жаңа технологияларға көшу әділ болуы тиіс. Ең бастысы – кәсіподақтар сырттан бақылап қана қоймай, енгізудің барлық кезеңдеріне қатысады. Жұмысшылар нақты құқықтарға ие болады. Жұмыс берушінің не қолданып жатқанын білу, шешімдердің қалай қалыптасатынын түсіну, деректердегі қателерді түзету, әділетсіз қорытындыларға дау айту және кез келген даулы шешімді адамның қарауын талап ету. Бұл бүгінде өзіне беймәлім жүйемен бетпе-бет келген жұмысшыларға сенімділік береді», – деп атап көрсетті ҚРКФ төрағасы.
Кәсіпорындарда жасанды интеллектіні енгізу кезінде жұмысшылардың құқықтарын қорғау стандарты сонымен қатар әлеуметтік әріптестердің рөлі мен жауапкершілігін де қарастырады.
«Кәсіподақтардың рөлі күшейе түсуде. Біз жай ғана бақылаушы емеспіз. Біз жүйелердің логикасына қол жеткізе аламыз. Біз аудит жүргізуге бастамашы бола аламыз. Біз зиянды технологияларды тоқтатуды талап ете аламыз. Және біз ЖИ мәселелерін ұжымдық келіссөздерге қосамыз. Бұл цифрландыруды толыққанды әлеуметтік диалогтың бөлігіне айналдырады. Жұмыс беруші қандай деректер жиналатынын, жүйе қалай жұмыс істейтінін, кестелерге, бағалаулар мен төлемдерге не әсер ететінін түсіндіруге міндетті. Егер шешім адамға қатысты болса, ол жабық болмауы керек. Бұл – сенімнің негізі. Адамдар өз жұмысының неге бұлай бағаланатынын түсінуі керек», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Стандартқа сәйкес, технологияларды қолданар алдында барлық тәуекелдерді бағалау қажет.
«Цифрландыру жұмыс орындарын қысқарту үшін бүркеме болмауы тиіс. Келіссөзсіз нормаларды көтеруге болмайды. Жаңғырту желеуімен деректерді жасырын жинауға немесе бақылауды күшейтуге болмайды. Технологиялық прогреске сілтеме жасап, құқықтарды нашарлатуға болмайды. Бұл – ең көп таралған теріс пайдаланушылықтардан қорғау. Әділ көшу — бұл жаңа дәуірде адамдардың артық болып қалмайтынының кепілі. Жұмысшылар тегін оқуға, оқу кезеңінде табысын сақтауға және нақты баламаларға ие болады. Қайта құрылуы қиындау жандарға ерекше назар аударылады. Біз цифрландыруды тек технологиямен таныс жандар үшін емес, барлығы үшін қауіптен мүмкіндікке айналдырамыз», – деп атап өтті БЕАК Вице-президенті Сатыбалды Дәулеталин.
Өз сөзін түйіндей келе, Қазақстанның кәсіподақ көшбасшысы әріптестерінің назарын жасанды интеллект адамды ығыстырмай, оны «күшейтуі» керек дегенге аударды.
«Стандарт цифрлық трансформацияны адал, қауіпсіз және болжамды етеді. Жұмысшылар қорғанысқа ие болады. Кәсіподақтар құралдарға ие болады. Технологиялар сенімге ие болады. Және бұл құжатты қабылдау кәсіподақ қозғалысының өзгерістерден қорықпайтынын және оларды басқара алатынын білдіретін белгі болады», – деп қорытындылады Сатыбалды Дәулеталин.
Атқару комитетінің мүшелері Қазақстан ұсынған Стандартты қолдап, оны әлемдік кәсіподақтардың ЖИ дәуіріндегі жұмысшылардың құқықтарын қорғау жөніндегі жаһандық құжатын әзірлеу үшін негіз ретінде қабылдады.
Сонымен қатар, Бүкілеуропалық өңірлік кеңес бұл бастаманы ресми Мәлімдемемен қолдады. Құжатта БЕАК платформалық жұмыспен қамту бойынша ХЕҰ Конвенциясы мен Ұсынымын әзірлеу қажеттілігін тағы да баса айтты, онда негізгі рөл әлеуметтік диалог пен ұжымдық келіссөздерге берілуі тиіс.
Мәлімдемеде, атап айтқанда, былай делінген: «Жұмыс орындарында ЖИ-ді кез келген енгізу әлеуметтік диалог пен ұжымдық келіссөздер арқылы, еңбекшілер мен кәсіподақтардың құқықтарын, сондай-ақ адамның бақылау жасау принципін толық сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс. Еңбекті қорғау мен техника қауіпсіздігін, еңбекшілер мен кәсіподақтардың құқықтарын толық құрметтеуді, сондай-ақ аңдуды шектей отырып және құпиялылықты қорғай отырып, кемсітушілікке жол бермеуді қамтамасыз ету қажет. Әлеуметтік диалог пен ұжымдық келіссөздер ЖИ енгізудің теріс салдарын жеңілдетуде және артықшылықтардың еңбекшілер арасында бөлінуін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады».

Осылайша, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының ЖИ енгізу кезіндегі жұмысшылардың құқықтарын қорғау стандарттарының Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі мен Жалпыеуропалық өңірлік кеңес тарапынан қолдау тауып, қабылдануы – ҚРКФ-ның Орталық Азия мен Еуропадағы көшбасшылық рөлінің жарқын дәлелі. Сарапшылар Қазақстанның Ұлттық кәсіподақ орталығы халықаралық стандарттарға енгізілетін ұсыныстарды қалыптастыру және әлеуметтік-еңбек саласындағы, соның ішінде жаңа технологиялар дәуіріндегі жаһандық пікірталастарға ықпал ету мүмкіндігін өте үйлесімді әрі тиімді пайдаланып отырғанын атап өтуде.
Келесі жарияланымдарда біз ҚРКФ-ның өткен жылдағы қызметінің қорытындыларын шығаруды жалғастырамыз.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
