Кәсіподақтар жас мамандардың құқықтық сауаттылығын арттыруда

«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» жанындағы заң клиникасының маманы, «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Ерлан Жандарбеков жас кәсіподақ мүшелеріне арналған құқықтық қоғамдық қабылдау өткізді.

Қабылдау барысында қатысушылар еңбек қатынастарына байланысты өзекті мәселелерді көтеріп, еңбек шарттарының талаптары, жұмыс уақытының сақталуы, еңбекақы төлеу тәртібі, келісу комиссиясының қызметі және еңбек дауларын шешу тетіктерін жан-жақты талқылады.

Бұдан басқа Заң клиникасының маманы Ерлан Жандарбеков кәсіподақ мүшелеріне ҚР «Еңбек кодексінің» негізгі нормаларын нақты мысалдар арқылы түсіндіріп, оларды жұмыс барысында қолдану жолдарына тоқталды. Сонымен қатар, әрбір еңбек адамы өз құқығын қорғау үшін кәсіподақтарға жүгіну арқылы заңды әрі тиімді қолдау ала алатынын ерекше атап өтті.

Өз сөзінде ол жастардың қоғамдағы маңызын атап өтіп: «Жастар – елдің болашағы әрі қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан жастар саясаты кәсіподақтар қызметіндегі басым бағыттардың бірі. Жас мамандардың құқықтық сауаттылығын арттыру, тұрақты жұмыспен қамтылуы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету – біздің негізгі міндетіміз», – деді.

Ол сондай-ақ жастар кеңесінің атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары жөнінде қысқаша мәлімет беріп, қабылдауға қатысқан кәсіподақ мүшелеріне еңбек дауларын бейбіт жолмен шешу мақсатында «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанынан құрылған «Татуластыру орталығының» кәсіби медиаторлары тарапынан тегін құқықтық кеңес алу мүмкіндігі бар екені жеткізді.