Дүйсенбі күні, 29 желтоқсанда, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Үшжақты республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Отырысқа республикалық кәсіподақтар бірлестіктерінің, жұмыс берушілер бірлестіктерінің, сондай-ақ мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Әлеуметтік әріптестер Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері және кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктері арасындағы 2024–2026 жылдарға арналған Бас келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалу барысын қарастырды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев осы мәселе бойынша сөз сөйлеп, Кәсіподақтар федерациясы тарапынан 2025 жыл ішінде барлық қабылданған міндеттемелерді орындау бойынша мақсатты және жүйелі жұмыс жүргізілетінін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясы Бас келісімді елдегі әлеуметтік серіктестіктің құрылымын айқындайтын негізгі құжат ретінде қарастырады. 2025 жылы біздің барлық іс-әрекеттеріміз қабылданған міндеттемелерді кезең-кезеңімен және адал орындауға бағытталды», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының бірінші төраға орынбасары.

Мұхтар Тінікеев ерекше назарды «Әлеуметтік серіктестік және диалог» бөліміне аударды. Оның айтуынша, кәсіподақтар туралы заңнаманы жетілдіру аясында Федерация 2025 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және «Кәсіподақтар туралы» Заңға өзгерістер енгізу жобасына өз ескертпелері мен ұсыныстарын жолдады, олар Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен әзірленген.
Мұхтар Тінікеев заңнама әзірлеу жұмысына бөлек тоқталып, «Әлеуметтік серіктестік туралы» заң жобасын әзірлеуді еске салды.
«Әлеуметтік әріптестік туралы» заңның қабылдануы үшжақты ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін беріп, жұмысшылардың, жұмыс берушілердің және мемлекеттің мүдделерін үйлестіру механизмдерін нығайта алады», – деп тілге тиек етті ол.

Әлеуметтік әріптестердің міндеттемелері аясында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, соның ішінде «Еңбек жолы» республикалық конкурсы да бар.
«Еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне бағдарланатын уақыт келді, жыл сайын заңгерлер мен қаржыгерлерді жаппай дайындаудан гөрі еңбек саласы жоғары білікті жұмысшы мамандарға көбірек мұқтаж. Өндірістік база мен қажетті кадрларды дайындау арасындағы байланысты нығайту қажет», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының бірінші төраға орынбасары.

Қаралған мәселелер бойынша әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары өз пікірлерімен бөлісті.

Отырыстың соңында Республикалық үшжақты комиссияның жұмыс жоспары жобасы қаралып, бекітілді. Кәсіподақтар федерациясы 2026 жылға арналған РҮК жұмыс жоспарына өз ұсыныстарын енгізді, оның ішінде көшпелі отырыстар тәжірибесін кеңейту және Комиссияның жұмыс тобы қызметін қайта жандандыру мәселелері қамтылды.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
