Ақтөбеде  кәсіподақ ардагерлері мен белсенділері құрметтелді

2025 жылғы желтоқсан айында Ақтөбе қаласында облыстық кәсіподақтар орталығының мәжіліс залында жыл қорытындысына арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара Ақтөбе облысы кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен өтіп, Қазақстан Кәсіподақтары Федерациясының 35 жылдығы, Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы, сондай-ақ Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамдарының қажырлы еңбегін дәріптеуге арналды.

Жиынды ашқан Ақтөбе облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев қатысушыларды мерейлі даталармен құттықтап, кәсіподақ ұйымдарының қоғамдағы орны мен еңбек ұжымдарын қорғаудағы маңызына кеңінен тоқталды.

Өз сөзінде ол кәсіподақ қозғалысының әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы шешуші рөлін атап өтті.

«Кәсіподақ қозғалысы – бұл әлеуметтік әділеттіліктің тірегі, еңбек адамының сенімді қорғаны. 120 жылдық тарихы бар кәсіподақтар әрдайым адал еңбек пен кәсіби жауапкершілікті қорғап келеді. Бүгінде де кәсіподақ ұйымдары әлеуметтік әріптестікті нығайтып, еңбек адамының мәртебесін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде», – деді Алтынбек Әмірғалиев.

Салтанатты шара барысында Ақтөбе өңірінің өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым, денсаулық сақтау салаларында табысты еңбек етіп жүрген қызметкерлерге, сондай-ақ кәсіподақ қозғалысының дамуына ұзақ жылдар бойы үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетілді.

Атап айтқанда, Роза Китанова – Ойыл аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының есепшісі,

Айжарық Серімбетов – Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының бас маманы

«Қазақстан кәсіподақ қозғалысына 120 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.

Сонымен қатар, өнеркәсіп саласының ардагерлері Бердіхан Кемешов пен Исатай Мукашев, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Нұрәділ Қолдасбаев т.б  жылғы адал еңбегі мен кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін марапатқа ие болды.

Марапат иелері өз салаларында еңбек адамының мүддесін қорғауға, ұжымдық бірлікті нығайтуға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге тұрақты түрде үлес қосып келеді. Жиын барысында кәсіподақ қозғалысының ардагерлері мен белсенділері сөз сөйлеп, кәсіподақ ұйымдарындағы сабақтастықтың, бірлік пен өзара қолдаудың маңызын атап өтті.

Жыл қорытындысына арналған бұл салтанатты жиын Ақтөбе облысында кәсіподақ қозғалысының еңбек адамын қорғаудағы рөлінің маңыздылығын тағы бір мәрте айқын көрсетті. Мерейлі даталар аясында өткен шара адал еңбекке көрсетілген құрметтің, кәсіподақ ұйымдарының әлеуметтік әділеттілік пен ұжымдық бірлікті нығайтудағы тұрақты қызметінің нақты көрінісі болды. Ардагерлер мен белсенділерге көрсетілген ілтипат – ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың, еңбек құндылықтарын дәріптеудің және әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамытуға бағытталған ортақ жауапкершіліктің белгісі. Бірлік пен ынтымақ бар жерде кәсіподақтар еңбек адамының мүддесін қорғау жолында алдағы уақытта да жүйелі әрі нәтижелі жұмысын жалғастыра беретіні сөзсіз.