Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы жылды қорытындылады

2025 жыл Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы үшін тарихи әрі мерейлі кезең болды. Бұл жыл Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығы, Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы, ҚР Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығы және Жұмысшы мамандықтар жылы сияқты айтулы даталармен тұспа-тұс келді.


Өткен жыл кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауда, әлеуметтік әріптестікті нығайтуда және жүйелі жұмысты жолға қоюда нақты нәтижелерге толы болды.
Бүгінде Ақтөбе облыстық білім кәсіподағының құрамында 33 540 мүше бар. Ұйым аясында 12 аудандық, 2 қалалық және 618 бастауыш кәсіподақ ұйымы бірлесе жұмыс атқаруда. Жұмыс істейтін кәсіподақ мүшелерінің үлесі 93,8 пайызды құрайды. Мүшелердің 27,3 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар, ал 71,1 пайызы – әйел азаматшалар.
Әлеуметтік әріптестікке айрықша көңіл бөлінді. Облыстық білім басқармасымен жасалған 2024–2026 жылдарға арналған салалық және облыстық келісімдердің орындалуы жыл бойы тұрақты бақылауда болды.
Құқықтық қолдау бағыты бойынша 2025 жылы 3608 құқықтық кеңес берілді. Келісу комиссияларына жүгіну көрсеткіші артып, нәтижесінде кәсіподақ мүшелеріне 79 миллион теңгеден астам заңсыз ұсталған немесе төленбеген қаражат қайтарылды.


Қоғамдық бақылау аясында облыс бойынша 276 білім беру ұйымында еңбек заңнамасының сақталуына қатысты тексерулер жүргізілді.
Кәсіподақ мүшелерінің денсаулығы мен демалысы да назардан тыс қалған жоқ. 2139 мүше шипажайларда емделіп, сауықтыру шараларымен қамтылды, ал 946 педагог тарихи-танымдық саяхаттарға қатысты.
Ақпараттық жұмыс та кең көлемде жүргізілді. 2025 жылы кәсіподақ қызметі туралы республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 1646 материал жарияланды.
2025 жылғы көрсеткіштер – бұл бірлік пен жүйелі еңбектің нақты нәтижесі. Алдағы уақытта да білім қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыс жалғасын табады.