Жаңақорған шипажайында Қызылорда облыстық кәсіподақ комитетінің және «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институтының ұйымдастырумен облыстың шығармашыл мұғалімдеріне арналған дәстүрлі тәжірибе алаңы өтті. Аталмыш шараға «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институтының қызметкерлері, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлері мен 80-ге жуық педагог бас қосты.

Тәжірибе алаңының бірінші күні педагогтердің білімін жетілдіру мен кәсіби құзыреттілігін дамытуға бағытталған шеберлік сыныптары төмендегі тақырыптар бойынша ұйымдастырылды. – «Құндылықтар мен дағдыларды дамытудағы бағалау құралдары»; – «Ұлттық құндылықтарға негізделген оқыту парадигмалары және практикалық шешімдері»; – «AI интеграциясы негізіндегі сабақ моделі»; – «Педагогикалық инновациялар контекстіндегі жасанды интеллект интеграциясының әдістемелік негіздері».

Екінші күні «Жасанды интеллект бағытындағы үздік сабақ» кәсіби байқауы өтті. Байқау барысында қатысушылар жасанды интеллект негізінде әзірленген сабақ жоспарларының үлгілерін ұсынды. Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаздар: 1-орын – Абдраим Нұрболат Нұрланұлы, Жаңақорған ауданындағы №3 мектептің мұғалімі; 2-орын – Әлтаева Айғаным Бауыржанқызы, Шиелі ауданындағы №151 негізгі мектебінің мұғалімі; 2-орын – Токтабаева Меруерт Кылышбековна, Қазалы ауданындағы №94 орта мектептің мұғалімі; 3-орын – Махашова Камшат Бердибековна, Арал ауданындағы №14 мектеп-лицейінің мұғалімі; 3-орын – Сәбенова Ақмарал Қыдырбекқызы, №11 мектеп-лицейінің мұғалімі марапатталды. Сонымен бірге шеберлік сыныптары аясында педагогтер өздерінің практикалық жұмыстарын қорғады. Алаңның екінші күні өткізілген шараларға сараптамалық талдау жүргізіліп, рефлексия жасалды.

«Алтын көмбе» интеллектуалды квесті өткізілді. Сайыс барысында командалар әртүрлі тақырыптар бойынша логикалық сұрақтарға жауап берді. Қатысушылардың белсенділігі мен командалық үйлесімі квесттің тартысты өтуіне ықпал етті. Ең көп ұпай жинаған Сырдария ауданының командасы «Алтын көмбе – 2026» интеллектуалды квестінің жеңімпазы атанды.

Үшінші күні Сыр өңірінің шығармашыл ұстаздары бас қосқан тәжірибе алаңын қорытындылауға арналған жиын өтті. Жиынға Облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Гүлнар Есқалиева, Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Нариман Жахудаев, Жаңақорған аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Талғат Есқабылов қатысты.

Сөз алған қонақтар тәжірибе алаңының облыстағы білім сапасын арттырудағы маңызды ерекше атап өтіп, еліміздің білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстар мен алдағы мақсат-міндетттерді кеңінен тоқталды.

Сонымен қатар кәсіподақ тарапынан педагогтердің құқықтары мен заңды мүдделерін «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарына сай қорғау, кәсіби әлеуетін арттыру және заманауи білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқаны атап өтілді.

Жиын соңында өткізілген шеберлік сабақтары мен практикалық жұмыстардың нәтижелері сараланып, олардың тиімділігіне талдау жасалды. Жиын барысында қатысушылар өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, ұйымдастырушылар тарапынан мазмұнды кері байланыс берілді.
