Ақтөбе облысында еңбек құқықтарын қорғауда ұжымдық шарттың рөлі талқыланды

Ақтөбе облысында мәдениет, спорт және ақпарат саласы қызметкерлерінің қатысуымен «Ұжымдық шарт – еңбек құқықтарын қорғаудың кепілі» тақырыбында семинар-кеңес ұйымдастырылды. Маңызды жиынға облыс көлеміндегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Семинардың басты мақсаты – ұжымдық шарттың еңбек қатынастарындағы рөлін түсіндіру, қызметкерлердің құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және әлеуметтік әріптестікті нығайту болды. Іс-шара барысында еңбек заңнамасындағы өзекті мәселелер, оны қолдану тәжірибесі және кәсіподақтардың бұл бағыттағы жауапкершілігі кеңінен қарастырылды.

Семинарға спикер ретінде Еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің еңбек саласын бақылау және талдау бөлімінің бас маманы Лейла Есалиева, сондай-ақ білім салалық кәсіподағының заңгері Александр Алимпиев қатысты. Олар ұжымдық шарттарды дұрыс әзірлеу, еңбек дауларын шешу жолдары және қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғаудағы нақты тәжірибелермен бөлісті.

Семинар соңында үздік нәтижелерімен көзге түскен бірқатар бастауыш ұйымдар марапатталды. Атап айтқанда, Шалқар қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен Мәртөк аудандық мәдениет үйінің ұжымдары «Үздік бастауыш ұйым» атанды. Сондай-ақ, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының үздік төрағалары мен әлеуметтік әріптестікке белсене атсалысқан ұйымдар арнайы марапаттарға ие болды.

Жиынды қорытындылаған Ақтөбе облысы мәдениет салалық кәсіподағы филиалының төрағасы Назира Табылдинова марапат иелерін құттықтап, жаңа жылда еңбектеріне табыс, ұжымдарына бірлік, ал отбасыларына амандық пен береке тіледі.

Семинар-кеңес қатысушылар үшін тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді бірлесе талқылауға және кәсіподақ жұмысының тиімділігін арттыруға зор мүмкіндік болды.