«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалы елордалық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен кеңейтілген кездесу өткізді.
Іс-шараны Салалық кәсіподақтың төрайымы Светлана Иманқұлова ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды. Өз сөзінде ол салалық кәсіподақтың бүгінгі күнге дейін атқарған жұмыстарына жан-жақты тоқталып, алдағы кезеңге белгіленген негізгі мақсат-міндеттерді атап өтті. Сондай-ақ еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі кәсіподақтардың рөлі мен маңызына ерекше назар аударды.
Светлана Иманқұлова Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі арасында 2024–2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік аясында өткен Салалық комиссия отырысында көтерілген өзекті мәселелерге де тоқталды.

Кездесу аясында салалық кәсіподақтың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген «№3 Олимпиада резервінің мамандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Айгүл Шубаева, «Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, «Мүгедек спортшыларға арналған спорт мектебі» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ильмира Серімбетова және “Бірлескен мұражайлар дирекциясы” МКҚК кәсіподақ ұйымының төрағасы Ляззат Ермағамбетова Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Бірқатар кәсіподақ белсенділері Салалық кәсіподақтың «Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі» және «Спорт саласының кәсіподақ үздігі» медальдарына ие болды.


Және елордалық кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары Қ.Сұлтаналин ұзақ жылдардан бері қызмет етіп келе жатқан бірқатар кәсіподақ көшбасшыларын Астана қаласын Кәсіподақтар орталығының құрылғанына 25 жыл толуына орай шығарылған мерекелік медальмен марапаттады.

Іс-шара барысында мазмұнды ақпараттық-оқыту семинары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, жасанды интеллектіні меңгеруге арналған арнайы оқыту семинары өтті. Семинарды «Өзгерістер психологиясы және жасанды интеллектінің қаупі» атты өзекті тақырыпта қосымша кәсіби білім беру саласындағы «Психокоррекция және ғылыми зерттеулер академиясы» жауапкершілігі шектеулі қоғамының психолог-консультанты Раушан Ишмухемедова жүргізді.


Қатысушылар заманауи өзгерістерге бейімделу, жаңа технологияларды қабылдау және психологиялық кедергілерді еңсеру мәселелері бойынша пайдалы ақпарат алды.
Кездесу соңында қатысушылар кәсіподақ қозғалысын одан әрі дамыту жолында ауызбіршілік пен ынтымақ танытып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.
