Батыс Қазақстан облысында «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының ұйымдастыруымен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, техникалық инспекторлар және медициналық ұйымдардың заңгерлері қатысқан ауқымды дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шара барысында МӘМС жүйесіндегі соңғы өзгерістер, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және медицина мамандарының құқықтық мәртебесін нығайтудың өзекті мәселелері сарапталды. Кездесуге арнайы қатысқан «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Сандуғаш Болысбекова мен бөлім басшысы Қуаныш Сансызбаев 2026 жылдан бастап күшіне енген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі жаңашылдықтар бойынша егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстарын жүргізді. С. Болысбекова өз сөзінде: «МӘМС жүйесіндегі реформалар ең алдымен медициналық қызметтің сапасын арттыруға және әрбір азаматтың емделу құқығын толық жүзеге асыруға бағытталған. Біз үшін медициналық ұйымдар мен кәсіподақтардың бұл бағыттағы ақпараттық үндестігі өте маңызды», – деп атап өтті.

Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің БҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы, мемлекеттік инспектор Ербол Найзабеков денсаулық сақтау саласындағы өндірістік жазатайым оқиғалардың статистикасына тоқталып, уәкілетті органдарға хабарлау тәртібі мен мерзімдерін, сондай-ақ жарақаттардың ауырлық дәрежесін айқындаудың құқықтық негіздерін түсіндірді. Жиын аясында БҚОФ «SENIM» филиалының төрағасы Махамбет Қусаинов филиалдың 2025 жылғы қызметі туралы есептік ақпарат ұсынып, еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, гендерлік және жастар саясатын дамыту бағытындағы жетістіктерді баяндады. М. Құсайынов алдағы кезеңде еңбекақы төлеудің әділдігі мен еңбек заңнамасының сақталуына бағытталған мониторинг жұмыстарының күшейтілетінін мәлімдеп: «Біздің мақсатымыз – әрбір медицина қызметкеріне қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру. Сіздер кәсіподақ тарапынан әрқашан нақты құқықтық көмек ала аласыздар», – деп сенім білдірді.

Кездесудің практикалық бөлімінде кәсіподақ мүшелеріне арналған медициналық қызметкерлерді оңалтуға бағытталған жаңа емдеу-сауықтыру орталығының құрылысы туралы маңызды мәліметтер берілді. БҚОФ «SENIM» филиалының заңгері Светлана Саменова азаматтық және қылмыстық заңнамадағы өзгерістер, сондай-ақ дәрігерлер мен орта буын мамандарының кәсіби қызметі барысында құқықтық қорғалу тетіктері бойынша құнды кеңестер берді.

Шара соңында филиал есепшісі Жұмағыз Жанабаева кәсіподақ мүшелерін шипажай-курорттық емделуге жеңілдікпен жіберудің жаңа тәртібін таныстырды. Қатысушылар тарапынан қойылған барлық сұрақтарға тұщымды жауаптар беріліп, айтылған ұсыныстар алдағы жұмыс жоспарына енгізілді. Мұндай форматтағы кездесулер өңірдегі медицина саласы қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде жалғасатын болады.
