Жұма күні, 23 қаңтарда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің отырысы өтті.
Күн тәртібіне кәсіподақтарды цифрлық жаңғыртудың маңызды мәселелері, 2025 жылғы жұмыс қорытындылары, сондай-ақ Бас кеңес пен Гендерлік комиссияның кадрлық мәселелері енді.

Кәсіподақтарды цифрлық жаңғырту тұжырымдамасын ҚРКФ Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев таныстырды.
Ол бұл құжат Федерацияның алдағы стратегиясын іске асыруға арналған негізгі құрал екенін айтты.
Оның сөзінше, Федерация цифрландыру кезінде үш басты міндетті атқарады: мемлекеттің білікті серіктесі болады, кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғайтын сенімді цифрлық сервистерді басқарады және цифрлық ортада туындайтын еңбек дауларында жұмысшыларды қорғайды.
«Біздің мақсатымыз — кәсіподақтың қазақстандық цифрлық моделін жасау. Біз бұл жүйені бос орында емес, Халықаралық еңбек ұйымы мен Еуропа кәсіподақтар конфедерациясының (ETUC) озық тәжірибесіне сүйеніп жасап жатырмыз. Бұл ретте цифрлық технологияға әділ көшу және жасанды интеллект қабылдаған кез келген шешімді түсіндіру құқығы басты назарда болады», — деді Төраға орынбасары.

Федерацияның цифрлық экожүйесінің құрылымы төрт деңгейді қамтиды —кәсіподақ мүшелеріне арналған қызметтер, кәсіподақ белсенділері мен қызметкерлеріне арналған жұмыс ортасы, шешім қабылдауға көмектесетін талдау жүйесі, жүйенің негізі ретінде деректерді басқару және этика мәселелері.
Жаңа жүйе аясында әрбір жұмысшы үшін «бір реттік басу» қағидасы енгізіледі. «Менің Кәсіподағым» жеке кабинеті мен «КәсіподақКөмекші» чат-боты арқылы құқықтық кеңесті 24/7 режимінде кез келген уақытта алу мүмкіндігі жасалады. Ал бастауыш ұйым төрағалары мен қызметкерлер үшін «Цифрлық цех» атты жұмыс алаңы жасалып жатыр. Ең маңызды жаңалықтың бірі — ұжымдық шарттардың орындалуын бақылау мемлекеттік e-Labour платформасымен біріктіріледі. Бұл еліміздегі еңбек кепілдіктерінің шынайы жағдайын цифрлық деңгейде нақты көруге мүмкіндік береді.
Талдау жүргізетін басты құрал — «Әлеуметтік барометр» болады. Ол бұрынғы «Еңбек тәуекелдерінің картасын» одан әрі дамытып, алдын ала болжау жүйесіне айналдырады. Осының арқасында Федерация мәселе туындағанда ғана әрекет етпей, оның алдын алуға көшеді.
Цифрландырудың негізін Data Governance стандарттары, Киберқауіпсіздік орталығы мен Цифрлық этика жөніндегі комитет құрайды.
Нұрлан Өтешев цифрлық жаңғырту үшін кадр даярлау өте маңызды екенін атап өтті. Деректерді талдай алатын және цифрлық ортада келіссөз жүргізе білетін 1000 маман даярлау жоспарда бар. ҚРКФ Академиясы халықаралық стандарттар бойынша оқытатын Орталық Азиядағы басты орталыққа айналады.

Кәсіподақ ішіндегі демократияны нығайту үшін «Цифрлық ынтымақтастық» платформасы енгізіледі. Ол онлайн-сауалнамалар мен дауыс беруге мүмкіндік береді. Осылайша, әрбір кәсіподақ мүшесі ашық цифрлық жолмен шешім қабылдауға қатыса алады.
Цифрлық жаңғыртуды іске асыру үш кезеңде өтеді: 2026 жылғы негізін қалаудан бастап, 2030 жылға қарай толық халықаралық интеграцияға дейін жалғасады. Кәсіподақ мүшелерінің 80%-ы цифрлық қызметтерді пайдаланады, ал «Әлеуметтік барометр» 5000 кәсіпорынды мониторингпен қамтиды деп жоспарлануда.
Бас кеңес Кәсіподақтарды цифрлық жаңғырту тұжырымдамасын қабылдауды қолдап, цифрландырудың Жол картасын бекітті.
Бірінші мәселені қарауды қорытындылай келе, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ қызметіне цифрлық құралдарды енгізудің тарихи маңыздылығына тоқталды.

«Қазақстан Президенті ағымдағы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Ел осындай үлкен қадам жасап жатқанда, біз шетте қала алмаймыз және болып жатқан процестерге лайықты жауап беруіміз керек. Бүгін біз тарихи шешім қабылдадық — әрбір кәсіподақ мүшесі үшін цифрлық шындықты жақындатамыз. Әлем өте жылдам өзгеруде, бұл бәріміз үшін нағыз саяси сын-қатер. Сондықтан алдымызда екі маңызды міндет тұр — цифрлық экожүйе құрып, ұлттық цифрлық басқару архитектурасына кіру, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллект қолданылатын кезеңде жұмысшыларды қорғау шараларын қабылдау», — деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ Төрағасы жасанды интеллект кәсіпорындарға белсенді енгізіліп жатқанын, ал кәсіподақтар бұл жолдың алдыңғы шебінде болуы керектігін айтты.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеге көше отырып, Сатыбалды Дәулеталин Федерация мен оның мүшелік ұйымдарының 2025 жылғы қызметінің негізгі қорытындыларын жасады.
Ол өткен жыл Кәсіподақтар федерациясы үшін ерекше болғанын, Жұмысшы мамандықтар жылы және маңызды мерейтойлар— Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы мен Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығы аясында өткенін атап өтті.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жұмысшы мамандықтар жылын жариялауы — бұл жай ғана шешім емес. Бұл — еңбектің әлеуметтік тұрақтылықтың негізі ретінде танылуы. Бұл мемлекеттің әрбір адамның, әрбір жұмысшының еңбегін көретіні мен бағалайтынының белгісі. Біз үшін, кәсіподақтар үшін бұл мынадай бағыт болды: еңбек адамы — біздің жұмысымыз бен күш-жігеріміздің басты назарында. Жалпы, 2025 жыл — кәсіподақтар шежіресіндегі тарихи оқиғалар жылы. Біз Кәсіподақтар федерациясының кезекті XXVII Съезін өткіздік, онда 2025–2030 жылдарға арналған «Өзгерістер дәуіріндегі әділ еңбек: қорғау, даму, инновациялар» Стратегиясы бекітіліп, Президент реформаларын қолдау туралы Резолюция қабылданды», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Негізгі басымдықтардың ішінде ҚРКФ Төрағасы еңбекақының лайықты деңгейін қамтамасыз ету мәселелерін атап өтті.
«2025 жылы 20 қазанда Президент өз Жарлығымен ХЕҰ-ның №131 «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенциясын бекітті. Біз бұған көп жылдар бойы ұмтылдық және біздің дауысымыз естілді. 131-конвенцияны бекіту — әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету мен ең әлсіз қорғалған жұмысшыларды қорғау жолындағы тарихи қадам. Қазіргі уақытта Кәсіподақтар федерациясы Конвенцияны іс жүзінде асыру бойынша ұсыныстарын дайындап, Қазақстан Үкіметіне жолдады. Құжатта кәсіпкерлер жұмысшыларға лайықты жалақы белгілей алатын және жалақыны индекстейтін жағдайлар жасау туралы біздің бастамаларымыз көрсетілген», — деп нақтылады Сатыбалды Дәулеталин.
Екінші маңызды бағыт — еңбек қауіпсіздігі. ҚРКФ Төрағасы хабарлағандай, кәсіподақтар Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыруға белсенді қатысып, кәсіпорындарға «Халықтық бақылау» қауіпсіздік бағдарламалары мен «Нөлдік жарақаттану» тұжырымдамасын енгізді, бұл өндірістегі жазатайым оқиғалардың азаюына әсер етті.
«2025 жылы кәсіпорындарда зардап шеккендер саны азайды, бірақ бәрібір 1 227 жарақаттану жағдайы тіркелді. Бұл мәселе әлі де өзекті болып қала береді және біз оның алдын алу үшін күн сайын жұмыс істейміз. 2025 жылғы наурызда Ұлттық құрылтайдың IV отырысында негізгі тақырып еңбек қауіпсіздігі болды, онда Федерация мемлекеттік және қоғамдық бақылауды күшейту, ХЕҰ-ның халықаралық конвенцияларын бекіту, профилактикалық медицинаны дамыту шараларын ұсынды. Мен біздің қағидалы ұстанымымызды тағы да қайталадым: ешкім жұмыста денсаулығы мен өмірінен айырылмауы керек», — деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, 2025 жылы Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүшелік ұйымдары 754 кәсіподақ ұйымымен кездесулер өткізді, оған 31 мыңнан астам адам, соның ішінде жұмыс берушілер, атқарушы орган өкілдері мен депутаттар қатысты.
«Біз еңбекшілердің құқықтарын белсенді қорғадық. Заң клиникасының филиалдары 2025 жыл ішінде 5 483 өтінішті қарады, олардың басым бөлігі еңбек қатынастары мәселелеріне қатысты болды. Бұл жай ғана сандар емес. Бұл — нақты адамдар, нақты отбасылар, құқықтарды нақты қорғау және еңбек жағдайын жақсарту. Біз жұмысшылардың құқықтық сауаттылығын арттыру жұмыстарының қарқынын төмендеткен жоқпыз. Кәсіподақтар федерациясы мен аумақтық кәсіподақ бірлестіктері 45 189 кәсіподақ мүшесін қамтитын 594 оқыту семинарын өткізді. Бұл жұмыс өз нәтижесін берді. Аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің деректері бойынша, есепті кезеңде өңірлерде 820 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, оған 36 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі тартылды», — деп хабарлады Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Әлеуметтік әріптестікті нығайту туралы айта келе, Сатыбалды Дәулеталин 2025 жылы Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссияның 2 отырысы өткенін айтты. Осы отырыстар аясында Кәсіподақтар федерациясы еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу, ірі кәсіпорын басшыларының кәсіпорындағы жағдай туралы, соның ішінде сапалы әрі қауіпсіз жұмыс орындарын құру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есептерін тыңдау мәселелерін көтерді.
«Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүшелік ұйымдары барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестермен жасалған уағдаластықтарды мүлтіксіз орындады және олардан да осындай нәтижені талап етті. Өткен жылы біз тіркеген 49 еңбек қақтығысының 44-і біздің күш-жігеріміздің арқасында келіссөздер барысында шешілді. Бұл біздің әлеуметтік әріптестермен бірлесіп іс-қимыл жасау үшін таңдаған алгоритміміздің тиімді екенін және оң нәтиже беретінін көрсетеді», — деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ-ның халықаралық аренадағы беделін нығайту мәселесіне жеке тоқталды.
«Қазақстан тарихында тұңғыш рет 9–10 шілдеде Астанада Бүкілеуропалық аймақтық кеңестің (БЕАК) Жазғы мектебі өтті. Оған әлемдік кәсіподақ қозғалысының көшбасшылары мен 50 ұлттық кәсіподақ орталығынан 70 басшы мен өкіл қатысты. Осындай беделді халықаралық форумды ұйымдастыру арқылы біз ҚРКФ-ның халықаралық беделін нығайтып қана қоймай, Қазақстанның Орталық Азия елдері үшін үлгі бола алатынын көрсетіп, сенімді өңірлік серіктес екенімізді дәлелдедік. Тағы екі мысал келтірейін. Кәсіподақтар федерациясы әзірлеген Жасанды интеллект дәуірінде жұмысшылардың құқықтарын қорғау стандарты Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің аясында іске асыруға қабылданды және Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінде негіз ретінде алынды. «Келешек» жастар кеңесі Орталық Азия елдері кәсіподақтары арасындағы ең үздік жастар ұйымы деп танылды. Біздің жастарды қолдауымыз — кәсіподақ қозғалысының алдағы ондаған жылдардағы сабақтастығы мен тұрақтылығының кепілі», — деді ол.

Отырыс барысында ҚРКФ Төрағасының орынбасарлары өз сөздерінде Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүшелік ұйымдарының жұмыс нәтижелері туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
Есеп беруді жалғастыра отырып, ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев жыл бойы салалық кәсіподақтардың салалық келісімдерді дайындап, жасасқанын атап өтті. Бұл құжаттарда жалақыны индекстеу, разрядаралық коэффициенттерді белгілеу, еңбекақы төлеудің бірыңғай стандарттары, еңбекті қорғау бойынша техникалық инспекторларды оқытуды қаржыландыру мәселелері көрініс тапқан.

«Бүгінгі таңда кәсіподақ ұйымдарында 16 мыңнан астам ұжымдық шарт жұмыс істейді, кәсіподағы бар кәсіпорындарда ұжымдық-шарттық реттеумен қамту 97%-ды құрайды. 2025 жылы жұмыс істеп тұрған ұжымдық шарттардың саны 2,3%-ға, яғни 165 924-тен 169 895-ке дейін өсті. Өңірлерде аймақтық үшжақты комиссиялардың 110 отырысы өтті. Онда еңбек қауіпсіздігі, жалақы бойынша берешек, жұмыстан босатылатын жұмысшыларды жұмысқа орналастыру, өндірістік жарақаттанудың алдын алу, сақтандыру және еңбек заңнамасын сақтау мәселелері талқыланды», — деп хабарлады Мұхтар Тінікеев.
ҚРКФ деректері бойынша, 2025 жылы республика бойынша 1 227 жазатайым оқиға тіркелген, бұл 2024 жылғы деңгейден 3,3%-ға жоғары.

«Жазатайым оқиғалардың негізгі бөлігі — 69,7%-ы кәсіподақ өкілдігі жоқ кәсіпорындарда болды. ҚРКФ ұйымдарында 372 оқиға тіркеліп, 424 адам зардап шекті, оның ішінде 41 адам қаза тапты. Бүгінде еңбекті қорғауды қоғамдық бақылаудың ең сұранысқа ие түрлерінің бірі — өндірістік кеңестердің жұмысын ұйымдастыру. 2025 жылы мүшелік ұйымдар 458 өндірістік кеңес құрды, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың саны 17 мың адамнан асады», — деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.
Өз кезегінде ҚРКФ Төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева құқық қорғау жұмысы мен норма шығармашылығының маңыздылығына тоқталды.
«2025 жылы Федерация өкілдері 15 ведомствоаралық жұмыс комиссиясының отырыстарына қатысып, 46 заң жобасы қаралды. Біздің ұсыныстарымыз әлеуметтік-экономикалық кепілдіктерге, еңбек жағдайларына, қауіпсіздікке, ұжымдық дауларға, жұмыс режимі мен демалысқа қатысты. Заң клиникаларының жұмысы аясында бір жылда 5,5 мыңға жуық өтініш қаралды. Негізгі бөлігі — еңбекақы төлеу, жұмыс берушілердің міндеттемелерін орындамауы және еңбек шарттарының бұзылуы мәселелері бойынша болды. Кәсіподақ заңгерлері 2 169 кеңес өткізді», — деп хабарлады ол.

Бұдан бөлек, кәсіподақтар гендерлік саясатқа ерекше көңіл бөлді: ҚРКФ мүшелерінің 54%-дан астамы — әйелдер, олардың басқару органдарындағы өкілдігі артты. Еңбекші әйелдер жөніндегі комиссия гендерлік аспектілерді ұжымдық шарттарға енгізіп, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен өзара іс-қимылды күшейтті. Сондай-ақ жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен қудалаудың алдын алу туралы ХЕҰ-ның №190 конвенциясын ілгерілетуде.
2025 жылы Федерация халықаралық іс-қимылды жандандырды. ҚРКФ-ның 193 өкілі 44 халықаралық іс-шараға, соның ішінде лайықты еңбек, цифрландыру және тұрақты даму мәселелері талқыланған Халықаралық еңбек конференциясының 113-сессиясына қатысты.
Гүлнәр Жұмагелдиеваның айтуынша, Федерация Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі және Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы аясындағы жұмысын жалғастыруда.
ҚРКФ Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев өз сөзінде 2025 жылдың бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен және жастармен байланысты нығайтуға бағытталған іс-шараларға толы болғанын атап өтті. «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы 31 413 қатысушыны қамтып, 538 мәселе көтерілді, оның 325-і сол жерде шешілді.

«Келешек» жастар кеңесі жұмыс орындарында жаңа форматтарды, спорттық және қайырымдылық жобаларын енгізді, «Есірткісіз болашақ» қорымен меморандум жасалды. 2026 жылға жастар үлесін 30%-ға дейін арттыру, кәсіподақ амбассадорлары желісін құру және ҚРКФ Халықаралық жастар форумын өткізу мақсаты қойылды. Сондай-ақ 2026 жылы әрбір аумақтық бірлестікте сертификатталған тренер-әдіскерлер тобын құруға бағытталған «Train-the-Trainer» бағдарламасы басталады. Бұл 10 жаңа құзыреттілік орталығын ашуға, оқыту ауқымын кеңейтуге және кәсіподақ жұмысына заманауи цифрлық құралдарды енгізуге мүмкіндік береді.

Отырыс барысында Бас кеңес мүшелік ұйымдардың статистикалық есептілігінің жаңа нысанын бекітті. Жеке шешіммен Бас кеңес Федерация бюджетін мақұлдады, онда осы жылдан бастап алғаш рет кәсіподақтарды цифрлық жаңғырту тұжырымдамасын іске асыруға қаражат қарастырылған.
Кадрлық шешімдер аясында Бас кеңестің жаңа мүшелерінің өкілеттіктері расталып, Кәсіподақтар федерациясының Гендерлік комиссиясының құрамы жаңартылды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді қорытындылай келе, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин алдағы жұмыстың басымдықтарын белгіледі. ҚРКФ Төрағасы мемлекеттік органдармен салалық диалогты тереңдету қажеттігін атап өтті. Оның тапсырмасы бойынша биыл салалық кәсіподақтар мен тиісті министрліктер арасында жұмыс кездесулері ұйымдастырылады.

Федерация басшылығы мен кәсіподақ белсенділері арасындағы тікелей диалогтың тұрақты механизмін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
«Ай сайын Федерация басшылығының салалық, аумақтық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен ашық кездесулері өткізіліп тұрады. Бұл формат ашық диалог пен тұрақты байланыстың қосымша механизміне айналады. Барлық өзекті мәселелерді мазмұнды әрі нақты талқылау үшін бұл мүмкіндікті бәрі белсенді пайдалануы тиіс», — деп хабардар етті әріптестерін ҚРКФ Төрағасы.
Бас кеңес отырысының соңында «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ең үздік техникалық инспекторы» дәстүрлі республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Химия, тау-кен металлургия, атом өнеркәсібі, сондай-ақ энергетика, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және спорт салаларының салалық кәсіподақ өкілдері арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтардың иегері атанды.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
