«Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының «Шымкент қаласының дене шынықтыруды дамыту және іс-шараларды өткізу дирекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде мекеме басшысы Бауыржан Тұманбаевтың қатысуымен ұжым мүшелерімен кездесу өтіп, жиын қорытындысымен аталған мекемеден бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылып, «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының мүшелік ұйымы қатарын толықтырды.Бұл қадам еңбек ұжымындағы әлеуметтік әріптестікті нығайту мен қызметкерлердің құқықтық мүдделерін қорғаудың жаңа кезеңіне жол ашады.

Мекемеде еңбек ететін 120-дан астам қызметкер кәсіподақ мүшелігіне бірауыздан қолдау білдіріп, ұйым қатарына толығымен өтті. Өткізілген жалпы жиналыс барысында кәсіподақ мүшелерінің сенімімен жаңа ұйымның төрайымы болып Бимурзаева Алима Асқарқызы сайланды.


Сонымен қатар, жиын аясында мекеме директоры Бауыржан Қалмұхамедұлы Тұманбаев, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Алима Асқарқызы Бимурзаева және филиал төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов үшжақты өзара қарым-қатынастар жөніндегі 2026-2030 жылдарға арналған келісім-шартқа қол қойды.

«Біз үшін әрбір қызметкердің әлеуметтік жағдайы мен еңбек қауіпсіздігі басты орында. Қол қойылған ұжымдық шарт алдағы бес жылда жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы сындарлы ынтымақтастықтың кепілі болады», — деп атап өтті Серік Әуесханов.

Бұл құжат мекеме ішіндегі еңбек қатынастарын реттеп, қызметкерлерге қосымша әлеуметтік кепілдіктер беруді көздейді. Кәсіподақтар федерациясы жаңадан құрылған ұйымның жұмысына сәттілік тілеп, еңбек адамының мәртебесін арттыру жолындағы жүйелі жұмыстарды әрі қарай жалғастыра береді.
