Қызылордада Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

Бүгін Қызылорда облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлбаевтың төрағалығымен облыстық кәсіподақтардың Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиынға салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысып, еңбек саласындағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттерді жан-жақты талқылады.


Күн тәртібінде 23 қаңтар күні өткен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің отырысында қаралған маңызды мәселелер және оларды өңір деңгейінде іске асырудың стратегиялық бағыттары қарастырылды. Кеңес барысында республикалық деңгейде қабылданған шешімдердің маңызы түсіндіріліп, оларды жергілікті кәсіподақ ұйымдарының жұмысына тиімді енгізу жолдары сараланды.


Бас кеңесте көтерілген басты тақырыптардың бірі – кәсіподақ қозғалысын цифрлық жаңғырту мәселесі болды. Бұл бағыт қазіргі заман талабына сай кәсіподақ қызметін жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Атап айтқанда, кәсіподақ мүшелеріне тәулік бойы қолжетімді цифрлық сервистерді дамыту жоспарлануда. «Менің Кәсіподағым» бірыңғай платформасы мен чат-боттар арқылы қызметкерлер құқықтық кеңес алып, өтініштер жолдап, қажетті ақпаратқа жедел қол жеткізе алады.

Сондай-ақ ұжымдық шарттардың орындалуын бақылау тетіктерін жетілдіру мәселесі қозғалды. Бұл бағытта кәсіподақтар жұмысын e-Labour электрондық еңбек платформасымен ықпалдастыру көзделіп отыр. Мұндай жүйе еңбек қатынастарының ашықтығын арттырып, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы міндеттемелердің орындалуын нақты қадағалауға мүмкіндік береді.


Кеңесте ерекше назар аударылған тағы бір жоба – еңбек саласындағы тәуекелдерді алдын ала болжауға арналған «Әлеуметтік барометр» жүйесі. Бұл құрал еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік көңіл-күйді сараптап, шиеленісу қаупін ерте кезеңде анықтауға көмектеседі. Нәтижесінде еңбек дауларының алдын алу жұмыстары күшейіп, тұрақтылықты сақтау мүмкіндігі артады.
Сонымен қатар деректерді басқару, киберқауіпсіздік және цифрлық этика мәселелері де назардан тыс қалмады. Кәсіподақтардың цифрлық кеңістікке белсенді шығуы ақпараттық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды қажет етеді. Осыған байланысты мамандарды оқыту, ішкі цифрлық мәдениетті қалыптастыру және жеке деректерді қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды.


Отырыс барысында сөз сөйлегендер цифрлық жаңғырту кәсіподақтардың беделін арттырып қана қоймай, әрбір мүшеге нақты пайда әкелуі тиіс екенін атап өтті. Заманауи технологияларды енгізу еңбеккерлердің құқықтарын қорғау жұмысын жеделдетіп, кәсіподақ пен мүше арасындағы байланысты нығайта түседі.
Жиын соңында алдағы кезеңде атқарылуы тиіс жұмыстар нақтыланып, салалық кәсіподақ ұйымдарына нақты тапсырмалар жүктелді. Қабылданған шешімдер өңірдегі кәсіподақ қозғалысының тиімділігін арттыруға, еңбек адамдарының мүддесін қорғау ісін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған.