Сәрсенбі күні, 28 қаңтарда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясында Халықаралық еңбек ұйымының Еңбекшілер қызметі жөніндегі бюросымен (ХЕҰ/ACTRAV) 2026 жылға арналған Бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қою рәсімі өтті. Құжатты Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин және ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің аймақтық кеңсесінің еңбекшілер қызметі жөніндегі аға маманы Гоча Александрия қол қойып бекітті.

Шараның ашылуында Сатыбалды Дәулеталин ХЕҰ-мен ынтымақтастық ұлттық және халықаралық деңгейлерді қамтитын ұзақ мерзімді стратегиялық бастама екенін атап өтті.
«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық еңбек ұйымымен көп жылдар бойғы ынтымақтастығы біздің халықаралық қызметіміздің негізгі бағытының бірі. Ол тұрақты негізде жүзеге асырылады және лайықты еңбек қағидаларын ілгерілетуге, әлеуметтік диалогты дамытуға және мемлекет, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасындағы үшжақты өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Ол өзара іс-қимылдың басты құндылығы тек құжаттар мен келісімдерде ғана емес, сонымен бірге сенім мен өзара қолдауда екенін айтты.
«Біз бір-біріміздің қолдауымызды сеземіз, бір-бірімізден үйренеміз және еңбекшілердің мүдделерін қорғау мүмкіндіктерін нығайтамыз. Бұл ынтымақтастық сенімге, құрметке және ортақ мақсаттарды түсінуге негізделген, бұл бізге кәсіподақтардың нақты міндеттерін тиімді шешуге мүмкіндік береді. Сергеюс Гловацкас пен Мария Хелена Андреге ерекше алғысымды білдіргім келеді. Халықаралық серіктестеріміздің әрбір сапары бізге тірек болады және жұмысшылардың құқықтарын тиімдірек қорғауға мүмкіндік береді, сондай-ақ біздің кәсіби деңгейімізді көтереді», – деді ҚРКФ Төрағасы.
Жаңа Бірлескен іс-қимыл жоспарының мәні туралы айта келе, Сатыбалды Дәулеталин бұл құжат өзара іс-қимылдың сапалы жаңа тәжірибелік деңгейін көрсететінін баса айтты.
«Бүгін біз 2026 жылға арналған стратегиялық бағыттарды айқындайтын құжатқа қол қойып отырмыз. Жыл сайын біз нәтижелерді талдаймыз, жаңа сын-қатерлерді бағалаймыз, бастамаларды талқылаймыз және олар еңбекшілердің нақты қажеттіліктеріне және экономиканың дамуына сәйкес келуі үшін тәсілдерді түзеп отырамыз. Осы күндері ХЕҰ-дағы әріптестеріміздің Қазақстанда болуы, олардың кеңестері мен тәжірибе алмасуы өте пайдалы болмақ. Іс-қимыл жоспары Федерацияның институционалдық және талдау әлеуетін нығайтуға, кәсіподақ кадрларымыздың құзыреттілігін дамытуға және барлық деңгейлердегі әлеуметтік диалогқа қатысу тиімділігін арттыруға мүмкіндіктер туғызады», – деді Қазақстанның кәсіподақ көшбасшысы.

Өз кезегінде, Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің аймақтық кеңсесінің еңбекшілер қызметі жөніндегі аға маманы Гоча Александрия құжаттың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
«Біз жаңа жылды дәстүрлі бастама – 2026 жылға арналған Бірлескен іс-қимыл жоспарынан бастап отырмыз. Ол нақты тәжірибелік нәтижелерге бағытталған және кәсіподақтардың талдау, сараптамалық және білім беру әлеуетін дамыту бойынша шаралар кешенін қарастырады. Құжат әлеуметтік ынтымақтастыққа неғұрлым белсенді қатысуға және Федерацияның сараптамалық рөлін нығайтуға жағдай жасайды. Еңбек саласын цифрландыру, жаңа халықаралық стандарттар, кәсіподақтардың климаттық күн тәртібіне және әділ көшу қағидаларына қатысуы – бұл процестердегі сіздердің рөлдеріңіз өте маңызды. Іс-қимыл жоспары осы бастамаларды тиімді жүзеге асырудың құралына айналады», – деді халықаралық сарапшы.

Гоча Александрия ынтымақтастықтың халықаралық ерекшелігіне назар аударды.
«Соңғы екі жыл өте жемісті болды. Біз халықаралық, өңірлік және ұлттық деңгейде іс-шаралар өткіздік. Кәсіподақтар федерациясының халықаралық жұмысқа қатысуы күшейіп келеді, бұл ұйымның және бүкіл өңірдің мүдделерін білдірудің жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік береді. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының өкілдері ХЕҰ-ның халықаралық және өңірлік іс-шараларына, соның ішінде Халықаралық еңбек конференциясына қатысып, жаһандық еңбек күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша қазақстандық кәсіподақтардың ұстанымын танытты. Сіздердің Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) Бас кеңесіндегі мүшелік мәртебелеріңіз – бұл Орталық Азия өңірі үшін үлкен мәртебе және тиімді жүзеге асырып жатқан үлкен жауапкершілік», – деп есептейді ХЕҰ сарапшысы.
Қабылданған жоспар әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы тараптар ынтымақтастығының басым бағыттарын айқындайды және ХЕҰ-ның халықаралық еңбек стандарттарын еңбекті реттеудің ұлттық жүйесіне енгізудің тәжірибелік құралы. Негізгі басымдықтардың қатарында – лайықты еңбек стандарттарын ілгерілету мен үшжақты әлеуметтік диалогқа қатысудағы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының рөлін күшейту, еңбек және жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясат басымдықтарының іске асырылуына жәрдемдесу, ҚРКФ-ның институционалдық және талдау әлеуетін дамыту, сондай-ақ кәсіподақ кадрларының кәсіби құзыреттілігін арттыру бар.

Іс-шаралардың қомақты бөлігі білім беру және ағартушылық бастамаларға, соның ішінде бірлескен семинарлар, тренингтер мен сараптамалық талқылаулар өткізуге, сондай-ақ халықаралық тәжірибе алмасуды кеңейтуге арналған.
Құжатта климаттық күн тәртібі мәселелеріне, әділ көшу процестеріндегі кәсіподақтардың рөліне, экономикадағы құрылымдық өзгерістердің әлеуметтік салдарын бағалауға және салаларды трансформациялау жағдайында жұмысшыларды қорғау механизмдерін әзірлеуге ерекше назар аударылған.
Қол қою рәсімінің соңында Гоча Александрияның қазақстандық кәсіподақтарды дамытуға қосқан үлесі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ қозғалысына 120 жыл» мерейтойлық медалімен атап өтілді.
«Біз өзіміздің кәсіподақ тарихымызды мақтан тұтамыз, өйткені ол ұйымның халықтық болмысын көрсетеді: халық үшін және халықпен бірге. Серіктестеріміздің осы жолда бізбен бірге болғанына қуаныштымыз», — деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Айта кетейік, соңғы жылдары ҚРКФ-ның ХЕҰ/ACTRAV-пен өзара іс-қимылы жүйелі сипатқа ие болып, бағыттардың кең ауқымын қамтып отыр. Назар аударылған мәселелердің ортасында халықаралық еңбек стандарттарын қолдану, еңбекті қорғау және қауіпсіздік, әлеуметтік серіктестікті дамыту, гендерлік теңдік, еңбек саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу, еңбек көші-қонын реттеу, сондай-ақ кәсіподақтардың климаттық күн тәртібін іске асыруға және әділ көшу қағидаларын ілгерілетуге қатысуы бар.

Ертең, 29 қаңтарда, Астанада ХЕҰ қолдауымен Қазақстан Республикасында лайықты еңбекке жәрдемдесудің Жол картасы шеңберінде Әлеуметтік диалог және дауларды шешу бойынша жоғары деңгейдегі үшжақты дөңгелек үстел өз жұмысын бастайды.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
