БЕАК мүшелері еңбек саласына жасанды интеллектті енгізу мәселелері бойынша тәжірибе алмасуда

Бейсенбі күні, 29 қаңтарда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы – Бүкілеуропалық аймақтық кеңестің (БЕАК) вице-президенті Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы БЕАК-нің «БЕАК елдеріндегі жұмыс орындарына жасанды интеллектті (ЖИ) енгізу және кәсіподақтардың іс-әрекеті» атты халықаралық конференциясына қатысты. Конференция онлайн форматта екі күн бойы өтеді, оның мақсаты — ЖИ-дің еңбек әлеміне тигізетін әсері және кәсіподақтардың оны реттеу мен тәуекелдерді бақылау саласындағы тәжірибесі туралы пікір алмасуды жалғастыру.

Іс-шараны аша отырып, БЕАК Президенті Игорь Зубку жасанды интеллектті пайдалану кезінде еңбек және кәсіподақ құқықтарын қорғау мәселелерін талқылауды БЕАК мүшелері өткен жылдың шілдесінде Астанада өткен Жазғы мектеп аясында бастағанын еске салды.

БЕАК Бас хатшысы Эстер Линч конференция қатысушыларына сөз арнап, жасанды интеллект күнделікті өмірімізге енгенде адамдар қандай пайда көретінін және қандай қиындықтарға тап болатынын түсіндірді.

«Біз үш негізгі бағытта жұмыс істеуіміз керек: жасанды интеллектінің бәріне ортақ әрі түсінікті болуы, жұмысшылардың құқығының бұзылмауы және жаңа жұмыс орындарына алдын ала дайындалу. Жасанды интеллект қоғамға, экономикаға және адамдарға пайда әкелуі тиіс. Ал кәсіподақтар бұл технологияның ережелерін жасауға, оны реттеуге белсенді қатысып, жұмыс орнының қауіпсіз әрі әділ болуын қадағалауы қажет. Бұл конференцияда біз жасанды интеллектінің жұмысқа және қоғамға әсерін, технологияның бәріне қолжетімді болуын және одан түскен қаржылық пайданың келіссөздер арқылы әділ бөлінуін талқылаймыз. Жасанды интеллект деп адам еңбегінің құны түсіп қалмауы керек», — деді Эстер Линч.

Халықаралық сарапшылар Антон Леппик, Рафаэль Ламас, Зузанна Мускат-Горска және Сикс Силберман жасанды интеллектіге қатысты негізгі ұғымдарды түсіндіріп берді. Олар жасанды интеллект дәуірінде кәсіподақтар қалай жұмыс істеуі керектігін және халықаралық ұйымдардың оларға қалай көмектесіп жатқанын айтты. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі уақытта цифрлық әлемде кәсіподақтардың жұмысын реттейтін халықаралық ортақ ережелер мен кеңестер әлі де жоқ. Сондықтан жасанды интеллект мүлдем араласпауы тиіс жұмыс түрлерін анықтап алу өте маңызды. Олардың қатарына білім беру, сот жүйесі, журналистика және адамдарға күтім жасау салалары жатады.

БЕАК вице-президенті әрі Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ЖИ дәуіріне әділ көшу кезінде ҚРКФ жауапкершілікті сезінетінін жеткізді. Ол жұмыскерлердің құқығы мен мүддесін қорғау үшін «Жасанды интеллект дәуірінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау стандартын» ұсынды. Бұл құжатта Еңбек адамы басты орынға қойылған.

«Бұл Стандартты Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы әзірледі. Оны Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі «әділ цифрлық болашақ осындай болуы керек» деген ортақ шешім ретінде қабылдады. Осы Стандарттың негізгі алты қағидасына тоқталғым келеді: Бірінші қағида: Адам әрқашан бірінші орында. Қанша жерден ақша немесе пайда тапсақ та, ол адамның қадір-қасиетінен жоғары болмайды. Жұмысшының құқығы мен абыройы — ең маңызды нәрсе. Екінші қағида: Адам құқықтары өзгермейді. Жасанды интеллект деп, адамдардың негізгі құқықтарын аяққа таптауға болмайды. Технология жұмысшыларды кемсітуге немесе олардың бірлесіп мүддесін қорғауына кедергі келтірмеуі тиіс. Кәсіподақ — технология заманындағы адамның қорғаушы дауысы. Үшінші қағида: Ашықтық пен жауапкершілік. Әсіресе адам тағдыры шешілетін жерде жасанды интеллект қалай шешім қабылдап жатқаны бәріне түсінікті болуы керек. Жұмысшы өзінің жұмысын технология қалай бағалап жатқанын білуге және онымен келіспесе, қарсы шығуға құқылы. Қателік кетсе, оған машина емес, жұмыс беруші жауап береді. Төртінші қағида: Адамның «орнына» емес, адаммен «бірге». Жасанды интеллект адамды жұмыстан шығару үшін емес, оған көмекші болу үшін керек. Ол тек қайталана беретін жалықтырғыш немесе қауіпті жұмыстарды істеуі тиіс. Технология енгізілсе, жұмысшыларды қысқартпай, керісінше оларды жаңаша жұмыс істеуге үйрету керек. Адамның орнын ештеңе баса алмайды», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Сондай-ақ ол бесінші қағида ретінде қауіпсіздік пен жеке өмірді сақтауды атап өтті. Оның айтуынша, цифрландыру жұмысшыны аңдудың құралына айналмауы керек. Жұмыс орнындағы қауіпсіздік пен адамның жеке деректерін қорғау — бұл маңызды құндылықтар.

«Алтыншы қағида — өзара сөйлесу (әлеуметтік диалог). Жұмысшылардың келісімінсіз ешқандай жаңа технологияны енгізуге болмайды. Кәсіподақтар жасанды интеллектіні жоспарлаудан бастап, оның нәтижесін бағалауға дейінгі барлық кезеңге қатысуы керек. Жұмыс беруші жаңа жүйені енгізбес бұрын кәсіподақпен ақылдасуға міндетті. Сонда ғана технологиядан қорқудың орнына, оны даму құралы ретінде пайдалана аламыз», — деді БЕАК вице-президенті.

Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, бұл Стандарт алдағы уақытта барлық келісімшарттар мен заңдарды қайта қарауға негіз болады.

«Біз кәсіподақ мүшелерін жаңа цифрлық заманда жұмыс істеуге үйретуіміз керек. Сондай-ақ халықаралық конфедерация атынан осындай ортақ құжат дайындауды ұсынамыз. Егер қазір нақты ережелер қоймасақ, жасанды интеллект жаңа әділетсіздіктер тудыруы мүмкін. Бірақ адам құндылықтарын сақтасақ, технология бізге дос болады. Біз цифрландыру адам еңбегін қорламайтын, керісінше оның абыройын асқақтататын болашақ үшін осы Стандартты қолдауды сұраймыз», — деп сөзін түйіндеді ол.

 Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы әзірлеген Стандарттың таныстырылымы да өтті. Бұл презентацияны жасанды интеллектінің өзі жасап, оны арнайы цифрлық аватар таныстырды.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы