ХКК БЕАК мүшелері ЖИ-ді реттеу мен еңбек адамының құқықтарын қорғау тәсілдерін әзірлеуде

Жұма күні, 30 қаңтарда, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің (БЕАК) конференциясы жалғасты. Бұл халықаралық конференция «БЕАК елдеріндегі жұмыс орындарына жасанды интеллектіні енгізу және кәсіподақтардың іс-әрекеті» деген тақырыпқа арналды.

Бұл басқосу 29 қаңтардан бері онлайн өтуде. Онда бірқатар елдердің кәсіподақ орталықтары мен халықаралық ұйымдардың мамандары бас қосып, тәжірибе алмасуда. Олар жасанды интеллектінің жұмыс саласына, адамдарды жұмыспен қамтуға және жұмысшылардың әлеуметтік құқықтарына қалай әсер ететінін талқылауда.

Осыған байланысты, жасанды интеллектіні пайдалануды заңмен реттеу, әлеуметтік жауапкершілік және бұл процестегі кәсіподақтардың атқаратын рөліне ерекше көңіл бөлінеді.

БЕАК Президенті Игорь Зубку қатысушыларға сөз арнап, бұл шараның маңыздылығын атап өтті. Себебі қазіргі таңда жұмысты цифрландыру және компьютерлік бағдарламалар арқылы басқару жүйелері енгізіліп жатыр. Бұл жаңалықтар жұмыс жағдайына, жұмыс берушілердің шешім қабылдауына және жұмысшылардың құқықтарына тікелей әсер етіп жатыр.

«Біздің негізгі мақсатымыз — жасанды интеллектіні баршаға түсінікті әрі қолжетімді ету. Біз бұл технологиялармен неғұрлым тезірек «тіл табысуымыз» керек. Жаңа технологиялар бізді бақылау үшін емес, бізге көмектесу үшін қызмет етуі тиіс», — деді Игорь Зубку.

Жиын барысында Халықаралық еңбек ұйымының Еңбекшілер қызметі жөніндегі бюросының (ACTRAV) экономисі, бағалау мәселелері жөніндегі үйлестіруші Майкл Уотт арнайы баяндама жасады. ЖИ және цифрлық экономикадағы жұмыс жөніндегі обсерваторияның шолуын таныстырды.

ХЕҰ маманы цифрлық технологиялардың еңбек нарығына қалай әсер ететінін айтып берді. Сондай-ақ ол жаңа заңдар мен ережелерді дайындаған кезде жұмысшылардың пікірін міндетті түрде ескеру қажеттігіне тоқталды.

Халықаралық сарапшының пікірінше, жасанды интеллект жұмысты мүлдем жойып жібермейді. Ол тек кейбір жұмыс міндеттерін өзгертуі мүмкін.

«Цифрлық технологиялар бүкіл мамандықты автоматты түрде ауыстырып жібермейді. Олар тек кейбір тапсырмаларды ғана автоматтандырады. Егер сіз тек бірсарынды қарапайым код жазумен айналыссаңыз, онда сізді бағдарламамен алмастыру оңай. Бірақ егер сіз жұмыс өнімділігін арттыру үшін заманауи LLM модельдерін қолдансаңыз — бұл сіздің жұмысыңызды ешқашан жоймайды. Технологиялық жаңалықтар өте жылдам дамып келеді. Біз әдетте бәрін қорқынышты етіп болжаймыз. Бірақ роботтар көбейгенде жұмыс орындары не болады деген мәселе — бұл соңғы 200 жыл бойы болып жатқан жағдай. Біз жұмыс орындарының жаппай жойылуын көріп отырған жоқпыз», — деді спикер.

Оның айтуынша, жасанды интеллект ең алдымен орта буын мамандарының — заңгерлер мен әкімшілік қызметкерлерінің жұмыс істеу тәсілін өзгертеді. Ол адамның ойлауын қажет ететін тапсырмаларды, мысалы, мәтіндерді талдауды және есептерді дайындауды автоматты түрде орындайтын болады.

Сарапшы мына жайтқа баса назар аударды: жұмысты автоматтандыру процесі адам еңбегімен салыстырғанда оны енгізудің тым қымбаттығына байланысты жиі тежеліп қалады. Бұл кәсіподақтарға мамандарды алдын ала дайындауға уақыт береді.

«Егер қандай да бір істі технология көмегімен жасау мүмкін болса, бұл оның тиімді екенін білдірмейді. Роботтар мен бағдарламаларды орнату құны көбіне жұмысшыларға төленетін еңбекақыдан әлдеқайда жоғары болады. Кейде технологиялық төңкерістер барлық жұмыс орындарын жаппай жойып жібермейді. Біз бүкіл халықтың жұмыссыз қалғанын емес, тек жұмыскерлердің белгілі бір топтары үшін өтпелі кезеңнің қиындықтарын ғана көріп отырмыз», — деді Майкл Уотт.

Спикердің айтуынша, Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) биыл 2026–2027 жылдарды қамтитын жаңа жұмыс кезеңін бастады.

«ХЕҰ бюджетінде тұңғыш рет цифрландыру мәселелеріне арнайы қаржы бөлінді. Бізде «Обсерватория» атты мәліметтер қоры бар. Ол жерден сіз заңдардың егжей-тегжейін біле аласыз: қандай жұмыс түрлері қамтылған, заң қашан шықты, әлеуметтік көмек немесе бағдарламалық басқару бойынша қандай ережелер бар екенін көруге болады. Бұл құрал ұжымдық шарттарда нақты не жазылғанын шын мәнінде түсінуге көмектеседі», — деп хабарлады спикер.

Ол обсерваторияда жинақталған ұлттық заңдарды және интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтіндердің құқығын қорғайтын ұжымдық шарттардың мысалдарын анық көрсетіп берді.

Талқылаудың жеке бір бөлімі әр елдегі кәсіподақтардың тәжірибесіне арналды. Онда цифрландыру, бағдарламалық басқару және жұмыскерлердің жеке деректерін қорғау мәселелерін ұжымдық келіссөздер мен келісімдерге қалай енгізу керектігі сөз болды.

Қазақстанның жасанды интеллектіні енгізу және оны заңмен реттеу бойынша тәжірибесін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев таныстырды.

Өз баяндамасында ол қазіргі қоғам мен экономикада цифрлық ортаның рөлі түбегейлі өзгергеніне тоқталды.

«Цифрлық кеңістік бүгінде тек технологиялар саласы болудан қалды. Ол іс жүзінде адам құқықтарын пайдаланудың, экономикалық еркіндік пен әлеуметтік қарым-қатынастың негізгі орнына айналды», — деп атап өтті Нұрлан Өтешев.

Спикер халықаралық қауымдастықтың технологиялардың жұмысшы құқықтарына әсерінен туындайтын қауіптердің артып жатқанын үнемі бақылап отырғанын айтты. Оның сөзінше, компьютерлік алгоритмдерді бақылаусыз қолдану адамның жеке еркіндігіне қауіп төндіреді.

«Біз автоматты бағдарламалар мен алгоритмдік шешімдердің адамды кемсітуді күшейтіп, оның табыс табу мүмкіндігіне әсер ететінін көріп отырмыз. Олар адамның қатысуынсыз-ақ оның мінез-құлық үлгісін қалыптастырып, күн тәртібін белгілеп береді», — деп атап өтті ҚРКФ Төрағасының орынбасары.

Нұрлан Өтешев цифрлық тұлға мәселесіне ерекше тоқталды. Ол мәліметтерді жинау күшейген сайын, нақты адамның орнын оның цифрлық профилі (интернеттегі деректер жиынтығы) басып бара жатқаны туралы ескертті.

«Адам өзінің артында қалған цифрлық ізімен ғана бағаланатын қауіп туындайды. Ол туралы шешімдер адамның өз еркіне емес, бағдарламаның болжамдарына сүйеніп қабылданады. Сондықтан халықаралық деңгейде де, елімізде де адам мүддесін қорғайтын жаңа типтегі заңдар қажет. Бұл қажеттілік Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі жобасының негізгі идеясына айналды», — деді ол.

Нұрлан Өтешев жаңа Кодекстің мәнін түсіндірді: ол технологияның адам мүддесіне толық бағынуын көздейтін «цифрлық гуманизм» қағидасына негізделген.

«Кодекстің басты ережесі — цифрлық ортада адамның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық деп танылады. Бұл жай ғана сөз емес, бүкіл заңның ішкі мазмұнын анықтайтын негізгі қағида», — деп түсіндірді ол.

ҚРКФ Төрағасының орынбасары бұл тәсілдің басты элементі ретінде адамның өз еркімен және саналы түрде шешім қабылдауын атады.

«Ешқандай технологиялық құрал адамды алмастыра алмайды. Заңды күші бар шешім автоматты түрде емес, тек адамның өз қалауымен расталуы керек. Кодекс азаматты оның келісімінсіз, push-хабарлама немесе SMS-код арқылы шешім қабылдаудан қорғайды», — деп атап өтті Нұрлан Өтешев.

Жұмыскерлердің құқығын қорғау туралы айта келе, ол жұмысқа алуда, еңбекті бақылауда және сенімділікті тексеруде жиі қолданылатын «алгоритмдік басқару» мәселесіне тоқталды.

Осындай қауіптерге жауап ретінде Кодекс мынадай құқықтарды енгізеді: бағдарламаның қолданылатыны туралы алдын ала білу құқығы; қабылданған шешімнің себебін түсіндіруді талап ету құқығы; автоматты түрде қабылданған шешімді қайта қарату құқығы; алгоритмдік кемсітуден (дискриминациядан) қорғалу.
Нұрлан Өтешев жұмыскердің жағдайын нашарлатуға жол бермейтін қорғаныс нормасына баса назар аударды.

«Бағдарлама қабылдаған шешім адамның жағдайын нашарлатпауы тиіс», — деді ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ ол «адамның цифрлық кеңістігі» тұжырымдамасын таныстырды. Мұнда барлық деректер мен құжаттар азаматтың өз бақылауындағы жеке цифрлық жүйеде біріктіріледі.

«Цифрлық ізді бақылау — бұл жүйелердің адамды қалай қабылдайтынын бақылау деген сөз. Болашақта бұл цифрлық кеңістік адамға өз деректеріне рұқсат беруге немесе оны қайтарып алуға, құжаттарды басқаруға және өз шешімдерін растауға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Нұрлан Өтешев.

ҚРКФ Төрағасы орынбасарының пікірінше, Цифрлық кодекс жобасының ережелері цифрлық экономика жағдайында еңбек адамын қорғау үшін берік құқықтық негіз қалайды. Бұл құжат технологиялық даму мен адамның қадір-қасиетін сақтау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді.

Талқылау барысында қатысушылар цифрлық ортада еңбек адамының құқықтарын қорғау — әлеуметтік дамудың міндетті шарты екенін атап өтті. Ал бұл процеске кәсіподақтардың қатысуы жасанды интеллектіні енгізуде жауапты әрі жан-жақты ойластырылған тәсілді қалыптастырудың негізгі элементі болып табылады.

Конференция жұмысының соңында қатысушылар сессиялар аясында ұсынылған тәжірибелер ХКК БЕАК-тың алдағы уақытта осы мәселені зерттеуіне және ортақ ұстанымын қалыптастыруына мазмұнды негіз болатынын айтты.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы