Павлодардағы Достық үйінде ел болашағы үшін маңызды құжат — Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы таныстырылды. Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченконың жетекшілігімен өткен жиынға аймақтың депутаттары, кәсіподақ өкілдері мен белсенді қоғам қайраткерлері қатысты.

Кездесуді ашқан Илья Теренченко стратегиялық құжатты халықпен бірлесіп талқылаудың мәні зор екенін айтты. «Жаңа Конституция жобасы — бұл құқықтық мемлекетті нығайтудың, азаматтардың билік ісіне араласуын кеңейтудің және адам бостандығын қорғаудың жаңа кезеңі. Сондықтан біз бұл өзгерістерді ашық әрі жан-жақты талқылауымыз керек», — деді мәслихат төрағасы.
Жиын барысында Негізгі заңға енгізілетін жүйелі өзгерістерге тоқталды. Олардың қатарында демократиялық институттарды дамыту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау, мемлекеттік органдардың халық алдындағы есептілігі мен әлеуметтік кепілдіктерді күшейту мәселелері бар.

Қоғамдық кеңес төрағасы Бәкір Демеуов реформалардың сәтті болуы үшін азаматтық қоғамның пікірі ескерілуі тиіс екенін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай диалог алаңдары халықтың реформаларға деген сенімін арттырып, ортақ шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Ал білім мен ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық ұйымының жетекшісі Гүлбарам Наурызбаева реформаның әлеуметтік жағына басымдық берді. «Жаңартылған Конституция еңбек адамының құқығын қорғайтын, әлеуметтік әділеттілікті орнататын және білім мен ғылым саласының дамуына кепіл болатын мықты құқықтық тірекке айналуы тиіс», — деді Гүлбарам Әуезханқызы.

Баяндамалардан кейін қатысушылар өзара пікір алмасып, өзгерістерді іс жүзінде қалай қолдануға болатыны туралы ұсыныстарын айтты.

Жиынға қатысқандар осындай кездесулердің маңызды екенін айтып, диалогты жалғастыруды құптады.
