Шымкентте білім саласының ардагерлері жаңа Конституция жобасын талқылады

Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының төрінде мазмұнды басқосу болып өтті. Жиынның арқау болған тақырыбы — «Ұлттық Құрылтай – Ел шежіресінде және Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылау». Бұл маңызды шараны Шымкент қаласы Білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесі кеңейтілген мәжіліс ретінде ұйымдастырды.

  

Бұл алқалы жиынға ел ісіне елеулі үлес қосып жүрген тұлғалар арнайы қатысты. Атап айтқанда, ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қадырбек  Бөрібеков, Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Алтеев және Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлехан Үсіпбеков, олармен бірге Шымкент қаласының Құрметті азаматы Қуашбай Саттар, қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян  Жандосова, Республикалық Ұлттық құндылықтар Академиясының өкілі Абила Көздібаева және басқа да сала майталмандары өз ойларын ортаға салды.

Мәжіліске қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысындағы маңызды шешімдерді жан-жақты саралады. Жиын барысында Бауыржан Ілімшаұлы Құрылтай жұмысының тарихи маңызына тоқталып, баяндама жасады. Ол өз сөзінде еліміздің саяси жүйесіндегі бетбұрыстар мен мемлекеттік басқаруды өзгертетін конституциялық реформаларға тоқталды. Әсіресе, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің Жасанды интеллект дәуірінде жұмысшы құқығын қорғайтын ұлттық стандарт әзірлеу туралы ұсынысын ерекше маңызбен түсіндіріп берді.

Кәсіподақтар үшін бұл мәселелердің орны бөлек, өйткені мұнда жұмыспен қамту, табыс көзі және еңбекшілердің өмір сапасы сияқты ең өзекті тақырыптар қамтылған. Федерация бұл үдеріске мемлекет пен жұмыс берушінің сенімді серіктесі ретінде араласып келе жатқаны да айтылды. Жаңа Конституция жобасы — бұл тек заңдық құжат қана емес, бұл — мемлекет пен қоғамның жаңа әлеуметтік келісімі. Бауыржан Алтеев бұл құжатта «Еңбек адамы» ұғымының мемлекеттік идеологияның өзегіне айналғанын мақтанышпен жеткізді. Ол Конституция барлық түйткілді бір сәтте шешіп тастамаса да, еңбек адамының құқығын қорғауға мықты заңдық негіз болатынын, ендігі міндет — осы нормаларды нақты заңдар мен ұжымдық шарттар арқылы іске асыру екенін айтып, сөзін түйіндеді.

Мәжіліс қонақтары да қалыс қалмай, Жаңа Конституцияның маңызы мен Ұлттық Құрылтайдың болашаққа бағдар екенін, сондай-ақ цифрландыру заманындағы жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен қауіптері туралы баяндамалар жасады. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлехан Үсіпбеков өткен жылдың есебін таныстырып, көпшілікпен бірге 2026 жылдың жұмыс жоспарын бекітті.