Сатыбалды Дәулеталин: « Жаңа Конституция жобасы қарым-қатынас философиясын өзгертеді – әділдік бағдарға айналады»

Дүйсенбі күні, 9 ақпанда, Конституциялық комиссияның 10-шы жиынында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының басшысы әрі Конституциялық комиссия мүшесі Сатыбалды Дәулеталин сөз сөйледі. Ол жаңа Конституцияны дайындау жұмысы бұл құжаттың халыққа қаншалықты маңызды екенін терең түсінумен басталғанын айтып өтті.

« Екі миллионға жуық кәсіподақ мүшесінің сенімін арқалап отырған мен үшін, бұл  құжатты талқылау тек комиссия мен сарапшылар шеңберімен шектелмеуі аса маңызды болды. Сондықтан жаңа Конституция жобасы кәсіподақ ұйымдарында, еңбек ұжымдарында, белсенділермен кездесулерде, өңірлер мен кәсіпорындардағы қатардағы кәсіподақ мүшелерімен ортақ талқылауға шығарылды. Бұл ашық, кейде өткір, бірақ шынайы әңгіме болды. Адамдар жалақыны, еңбек қауіпсіздігін, жұмысынан айырылып қалу қорқынышын, балаларының болашағы туралы бүкпелемей, жан жақты пікірлерімен бөлісті.  Осы талқылаулар нәтижесінде Кәсіподақтар федерациясы жаңа Конституция жобасын мазмұны жағынан қолдады. Өйткені бұл жоба негізінен еңбек адамының айтып жүрген ойы, күткен үміті мен мүддесіне сай. Бұл жерде Негізгі заңды жаңғырту нақты бір адамның шынайы өмірі, күнделікті тіршілігі арқылы бағаланады деген түсіну бар.  Турасын айтсақ мемлекеттің әрбір шешімі бір ғана таразыдан өтуі тиіс. Ол еңбек етіп жүрген адамның өмірін жеңілдете ме, тіршілігін тұрақтандыра ма, әділетті күшейте ме», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасының негізгі мағынасы Әділетті Қазақстан құру идеясына толық сай келеді.

«Алғашқы бапта Қазақстан әлеуметтік мемлекет ретінде бекітіліп, ең жоғары құндылық ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары аталады. Күнін еңбегімен көріп отырған жан үшін бұл өте маңызды белгі. Мемлекет есеп пен көрсеткішке емес, таңнан кешке дейін еңбек етіп, елдің берекесін ұстап тұрған адамға сүйеніп құрылатынын айқын жеткізетін ұғым», — деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Сонымен қатар, Сатыбалды Дәулеталин адамның еңбек ету құқығына ерекше тоқталды. Оның ойынша, жаңа жобада бұл құқық нақты әлеуметтік көмектермен бекітілген.

«Жобада бұл ұғым нақты әлеуметтік мазмұнмен толықтырылған. Мемлекет бұл құқықты жариялап қана қоймай, жұмыспен қамтуға, қайта оқытуға, қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға, негізсіз шешімдерден қорғауға міндет алады. Бұл маңызды бетбұрыс. Еңбек енді адамның жеке тәуекелі емес, лайықты өмірдің тірегі ретінде танылады», — деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.

Комиссия мүшесі тағы бір маңызды бағыт ретінде адамдардың бір-біріне деген ынтымақтастығы мен қолдауын атап көрсетті.

« Жобада ол өзінің шынайы мәніне қайта оралады. Бар ауыртпалықты жұмысшының мойнына іле салу емес. Бір жақты талап қою да емес. Бұл – мүдделердің әділ тепе-теңдігі, мемлекет, бизнес және еңбек арасындағы ынтымақтастығы. Мемлекет бұл үдерісте белсенді тарап болып, адамдардың өмір сүру жағдайы үшін жауапкершілік алады. Ал еңбек адамы үшін бұл ертеңгі күнге деген сенім, өзгерістен үрейленбей алға басу деген сөз. Тағы бір аса маңызды ұсыныстың бірі адамдардың шешім қабылдауға тікелей қатысуы да деп санаймын. Қоғамдық қатысу институттары мен Халық кеңесі арқылы билік пен нақты өмірдің арасында жаңа арна ашылады. Алғаш рет бұл деңгей конституциялық тұрғыда бекітіліп отыр. Бұл наразылық арқылы емес, кездейсоқ толқулар арқылы емес, жүйелі диалог арқылы жұмыс істейтін тетік. Егер бұл норма дұрыс іске асса, еңбек жағдайы, еңбек қауіпсіздігі, жұмыспен қамту, табыс мәселелері  тұрақты түрде күн тәртібінде болады. Жоба болашаққа да нақты бағдар береді. Цифрландыру, жаңа технология, жасанды интеллект адамды қысқартудың немесе құқығын әлсіретудің себебі болмауы керек. Экономика ілгерілесе, адамды қорғау да соған сай күшеюі тиіс. », – деп есептейді Сатыбалды Дәулеталин.

Жаңа Конституция жобасы туралы айта келе, ҚРКФ Төрағасы қоғамдағы қарым-қатынас философиясының түбегейлі өзгеретінін айтты.

«Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы қоғам мен мемлекет арасындағы қатынастың философиясын өзгертеді. Әділет негізгі бағдарға айналады. Еңбек екінші қатардағы ұғым болудан қалып, ел тұрақтылығының өзегіне айналады. Мемлекет өзгерістер кезеңінде адам үшін жауапкершілікті өз мойнына алады. Ал еңбек адамында тек міндеттер ғана емес, нақты ықпал ету тетіктері де пайда болады. Бүгінде әлеуметтік мемлекет деген ұғым халықаралық тәжірибеде, соның ішінде Халықаралық еңбек ұйымының қағидаттарында да дәл осылай түсіндіріледі», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Сөзінің соңында Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы әріптестеріне бірлескен жұмыс үшін, ашық және сыйластыққа толы диалог үшін алғыс айтты.

« Сөз соңында бірлескен жұмыс үшін барша әріптестеріме және ашық, әрі сыйластыққа негізделген жұмысты ұйымдастырып отырған Конституциялық комиссияның төрағасына және оның орынбасарларына ризашылығымды білдіремін. Тыңдауға дайын болып, пікірталастан қашпай, шешу жолдарын ізденіп, жасандылықсыз ой бөліскендерін еңбек адамы үшін аса маңызды. Бұл – сенімнің өлшемі. Осындай ортада ғана тек заңдық логиканы емес, қоғамның мүддесін, шынайы өмірді бейнелейтін Конституция дүниеге келеді», – деп түйіндеді Сатыбалды Дәулеталин.

Ертең Конституциялық комиссияның 11-ші отырысын өткізу жоспарлануда. Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытқа дейін комиссия мүшелерінің қарауына саяси партиялардан, қоғамдық бірлестіктерден және Қазақстан Республикасының азаматтарынан 4 000-нан астам ұсыныс түсті.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы