Ақтөбе облысының Кәсіподақ орталығында өңірдегі салалық және жергілікті кәсіподақтардың аумақтық құрылымдары өкілдері Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасы қаралып, елдегі қоғамдық-саяси өзгерістер бойынша пікір алмасу болды, сондай-ақ кәсіподақ ұйымдарының алдағы кезеңге арналған міндеттері талқыланды. Отырыс жұмысына облыстық мәслихат депутаттары Бижан Қалмағанбетов пен Марат Қойлыбаев қатысты.

Ақтөбе облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев конституциялық өзгерістердің мән-маңызына тоқталып, жаңа жобаның еңбек адамының құқықтарын қорғаудағы рөлін атап өтті. «Жаңа Конституция жобасы әлеуметтік мемлекет қағидатын күшейтеді және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жаңа деңгейге шығарады. Атап айтқанда, еңбек ету құқығы бекітіліп, қауіпсіз еңбек жағдайлары, әділ еңбекақы төлеу және кемсітушіліктен қорғау сияқты кепілдіктер нақты айқындалады. Бұл кәсіподақтардың құқық қорғау қызметін нығайтуға үлкен мүмкіндіктер ашады», — деп атап өтті Кәсіподақ орталығының төрағасы.

Жиын барысында қатысушылар конституциялық реформалар әлеуметтік әділдікті нығайтуға, еңбек адамының мәртебесін көтеруге және қоғам мен билік арасындағы байланысты күшейтуге бағытталғанын алға тартты. Сондай-ақ, Үйлестіру кеңесінің мүшелері кәсіподақ ұйымдарының алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерін айқындады. Соның ішінде еңбек ұжымдарында Конституция жобасын кеңінен түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру және кәсіподақ мүшелерінен ұсыныстар жинау туралы сөз болды.

Отырысқа қатысушылар жаңа Конституция жобасын өңірлік деңгейде талқылауды жалғастыру, еңбек ұжымдарында кездесулер өткізу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігін атап өтті.

Жиын соңында кәсіподақтардың басты міндеті — конституциялық өзгерістердің мәнін қарапайым жұмысшыларға жеткізу, олардың пікірін ескеру және еңбекшілер құқығының сақталуына ықпал ету екені айтылды.
