ҚРКФ семинары: Келісім комиссиясы — құқықтық тұрақтылық құралы

10 ақпан, сейсенбі күні, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен оқыту семинары өтті. Бұл оқыту Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағына және Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағына қарасты келісім комиссияларының мүшелері мен жұмыс берушілерге арналды. Шараның басты мақсаты — еңбек заңнамасын дұрыс қолдануды үйрету, келіссөз жүргізуді дамыту және ұжымдағы тыныштықты нығайту.

Семинар спикері ретінде ҚР Кәсіподақтар федерациясы Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары, еңбек қатынастары жөніндегі сарапшысы, кәсіподақ білімі үйлестірушілерінің жаһандық желісінің мүшесі және ХЕҰ Халықаралық оқу орталығының түлегі Ләззат Есжанова сөз сөйледі.

«Еңбек дауларын реттеу — жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қарым-қатынастарда әділдікті қамтамасыз етудің негізгі құралдарының бірі. Бұл үдерісте келісім комиссиясы сотқа дейінгі кезеңде туындаған мәселелерді бейбіт және өркениетті жолмен шешуге ұмтылады. Еңбек дауы туындаған жағдайда қызметкер де, жұмыс беруші де бірінші кезекте келісім комиссиясына жүгінуге құқылы. Егер дау комиссия деңгейінде шешілмесе, тараптар заңнамаға сәйкес сотқа жүгінуге құқылы», — деді Ләззат Есжанова.

Сондай ақ ол үшжақты қарым-қатынаста кәсіподақтар рөлінің зор екенін айтты.

«Кәсіподақ не үшін керек? Ол жұмысшылардың мүддесін қорғайды. Кәсіподақтардың арқасында ғана ұжымдық шарт жасасуға мүмкіндік туады. Ал ұжымдық шарт біздің, яғни Келісім комиссиясының жұмысында қолданылатын ең басты құрал», – деп тілге тиек етті спикер.

Қатысушылар еңбек дауларын шешу кезінде соттардың заңнаманы қолдануының өзекті мәселелерін талдады, бұл комиссия мүшелеріне сот тәуекелдерінен аулақ болуға және заңды негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі.

Семинарға қатысушылар еңбек дауларын шешу кезінде соттың заңды қалай қолданатынын талқылады. Бұл комиссия мүшелеріне қателік жібермеуге және заңды шешім қабылдауға көмектеседі. Оқу бағдарламасы аясында келісім комиссиясын тұрақты құру тәртібі, мүшелер саны мен олардың өкілеттігі туралы айтылды. Сондай-ақ Еңбек кодексіндегі тараптардың құқықтары, шарт жасасу тәртібі және заң бұзушылықтарға қатысты нақты түсініктемелер берілді. Тыңдаушылар келісімге келудің «төрт қадамы» әдісін үйреніп, хаттама толтыру мен актілерді рәсімдеуде жиі кететін қателерді саралады.

Семинар еркін сұрақ-жауап форматында аяқталып, қатысушылар әдістемелік кеңестер алып, өз жұмысындағы нақты жағдайларды талқылады. Жиын соңында әрбір маман заңгерлік жұмыстың күрделі тұстарына толық жауап алды

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы