Еңбек адамының мүддесіне бағытталған серіктестік: Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру

Сәрсенбі күні, 11 ақпанда, Астана қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған ҚРКФ делегациясы кеңсе басшысы Саранго Раднарагчааның шақыруымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Тұрақты өкілінің кеңсесіне барды.

Екіжақты кездесу барысында тараптар ұйымдардың қызметі туралы ақпаратпен алмасты және ҚРКФ мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бірлескен жоспарларды талқылады.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Саранго Раднарагчаа Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымы туралы айтты және БҰҰ жүйесінің Қазақстанмен, атап айтқанда, Халықаралық еңбек ұйымының Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы және ел Үкіметімен белсенді ынтымақтастығын атап өтті.

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин 24 негізгі саладағы 16 000-нан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарында шамамен 2 миллион кәсіподақ мүшесінің басын біріктіріп отырған елдегі ең ірі қоғамдық ұйым — ҚРКФ жұмысының негізгі бағыттары туралы хабардар етті.

«Қазақстанда кәсіподақ қозғалысымен қамту деңгейі шамамен 45%-ды құрайды. Біз үшін бұл жай ғана мүшелік емес, бұл адамдармен, олардың мәселелерімен, үміттерімен және сұраныстарымен күнделікті тікелей жұмыс жасау деген сөз. Біз үнемі кәсіпорындар мен өңірлер деңгейіндеміз және еңбек адамының нақты тыныс-тіршілігін жақсы түсінеміз. Қазақстан кәсіподақтары лайықты еңбек жағдайын жасауды тұрақты дамудың басты шарты деп есептейді. Біз үшін БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі жоспарындағы 8-ші Тұрақты даму мақсаты — «Лайықты жұмыс пен экономикалық өсу» — жай ғана құжат емес, бүкіл жұмысымыздың негізгі темірқазығы. Бұл мәселенің БҰҰ мен Халықаралық еңбек ұйымының ортақ мақсаты болуы біз үшін өте маңызды. ХЕҰ-мен бірлесе отырып, біз Лайықты еңбектің ұлттық бағдарламасын қабылдауға күш салып жатырмыз. Ал өткен жылы елімізде ең төменгі жалақы туралы №131 халықаралық конвенция қабылданды. Президенттің қатысуымен өткен жиында жалақыны өсіру басты міндет ретінде белгіленді. Қазір ел табысындағы жалақының үлесі — 30%. Біз оны 40%-ға жеткізуді мақсат етіп отырмыз, бұл бізді әлемдік деңгейге жақындатады», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясы БҰҰ-мен бірлесіп жұмыс істеудің зор мүмкіндігі бар екенін айтады. БҰҰ жүйесі мемлекет, қоғам және жұмыс берушілер арасында әділ диалог орнатуда үлкен беделге ие. Бұл байланыс мүдделер тепе-теңдігі мен адамды құрметтеу қағидасына негізделеді.

«Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) мамандар жақсы біледі, бірақ қарапайым жұмысшылар үшін бұл түсініксіз сөздер. Еңбек адамын нақты мәселелер мазалайды. Жұмыс тұрақты ма? Жалақы жете ме? Еңбек жағдайы қауіпсіз бе? Міне, осы қарапайым сұрақтар шешілгенде ғана тұрақты дамудың нақты мағынасы болады, әйтпесе ол жай қағаз жүзінде қала бермек. Кәсіподақтар күнделікті осы жағдайды көріп отыр. Біз жергілікті жердегі ахуалды білеміз және жұмысшылардың әділдік пен ашық сөйлесуге деген қажеттілігін сезінеміз. Сондықтан біз үшін бұл мақсаттар — ең алдымен іс жүзінде қолданатын құрал. Бұл — жұмыс жағдайын жақсартудың, теңсіздікті азайтудың және әлеуметтік байланысты нығайтудың жолы», — деді Кәсіподақтар федерациясы Төрағасы.

Кәсіподақтар федерациясы мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастық туралы айта келе, Сатыбалды Дәулеталин өз ойын ортаға салып, бірлескен жоба ұсынды.

«Біздің және БҰҰ-ның мүмкіндіктері бірін-бірі толықтырып тұр. БҰҰ-да халықаралық деңгейдегі өкілеттік, әдіс-тәсілдер және күрделі мәселелерді ортақ шешімге айналдыру тәжірибесі бар. Ал кәсіподақтарда халықпен тікелей байланыс пен жергілікті жердегі шындықты білу артықшылығы бар. Осы екі күшті біріктірсек, жаһандық мақсаттарды әрбір жұмыс орны мен аймаққа түсінікті тілде жеткізуге болады. Біз бұл істі нақты жұмыстан бастауды ұсынамыз. Бұл — жаңа мекемелер ашпай және қағазбастылықсыз жасалатын пилоттық жоба. Оның мақсаты — даму мақсаттарын еңбек саласына түсінікті көрсеткіштерге айналдыру. Кәсіпорындар мен аймақтарда сынақтар өткізу. Жұмысшылар, жұмыс берушілер және жергілікті билік қатысатын алаңдар ашу. Сондай-ақ адамдарға бұл жоспарлардың олардың күнделікті өміріне қалай әсер ететінін түсіндіру маңызды. Біз нақты нәтижеге жұмыс істейміз. Тұрақты даму мақсаттары қарапайым жұмысшыға пайда әкелгенде ғана ұтады. Бұл істе БҰҰ-ның сенімді серіктес болуы біз үшін өте маңызды», — деп тілге тиек етті ҚРКФ Төрағасы.

Өз кезегінде БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты өкілі Саранго Раднарагчаа Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізуде әлемдік орташа көрсеткіштермен салыстырғанда айтарлықтай алға басушылық көрсетіп отырғанын атап өтті.

«2030 жылға дейін бес жыл уақыт қалды. Осыған байланысты биыл артта қалған мақсаттарды жеделдетуге арналған «2030 жылға дейінгі бес жыл» атты науқан басталды. БҰҰ Қазақстан Үкіметімен 2026–2030 жылдарға арналған ынтымақтастықтың жаңа Негіздемелік бағдарламасына қол қойды. Бұл бағдарлама төрт бағытты қамтиды: адамдарды қолдау — денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғауды дамыту; экономиканы әртараптандыру; лайықты еңбек және тұрақты қоршаған орта; әлеуметтік тұтастық», – деп хабарлады БҰҰ Тұрақты өкілі.

Саранго Раднарагчаа ҚРКФ-мен бірлесіп ТДМ-ды танымал ету жөніндегі жоба бастамасына қолдау білдірді. Ол одан әрі ынтымақтастық орнатуға және ҚРКФ Төрағасы ұсынған пилоттық жобаны іске асыру үшін жұмыс тобын құруға дайын екенін жеткізді.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Кәсіподақтар федерациясының халықаралық кәсіподақ қозғалысына және елдегі әлеуметтік-еңбек саласын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Тараптар ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырады. Өзара іс-қимыл жоспарларын егжей-тегжейлі қарастыру үшін екіжақты кездесулерді жалғастыру туралы шешім қабылданды.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы