«Ақжайық» оңалту орталығында «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сүлеймен Серік Кенжебекұлының қатысуымен кездесу өтті.

Кездесудің негізгі тақырыбы қазіргі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жағдайында қарапайым қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселесіне арналды. Ашық диалог барысында еңбек заңнамасының сақталуы, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, жалақының уақытылы төленуі, еңбек демалыстары мен әлеуметтік кепілдіктердің берілуі мәселелері қаралды. Кәсіподақ қызметкерлердің жұмыс берушімен қарым-қатынасында құқықтық қорғау, өкілдік ету және қолдау көрсетудің тиімді тетігі екені атап өтілді.

Сонымен қатар қоғамдық-саяси күн тәртібіне де ерекше назар аударылды. Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы жаңа Конституция жобасын құқықтық мемлекетті одан әрі дамыту, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын нығайту және еңбек адамдарына берілетін кепілдіктерді кеңейту жолындағы маңызды кезең ретінде қолдайтыны айтылды. Кәсіподақтар конституциялық өзгерістерді әлеуметтік-экономикалық құқықтарды қорғауды күшейтудің, мемлекеттің жауапкершілігін арттырудың және әлеуметтік әріптестік институтын дамытудың негізі деп санайды.

Филиал төрағасы еңбеккерлердің белсенді азаматтық ұстанымынсыз олардың құқықтарын қорғау мүмкін еместігін атап өтті. Осыған байланысты ұжымға алдағы республикалық референдумның маңызы түсіндірілді.


Кездесу конструктивті жағдайда өтті. Қызметкерлер өздерін толғандырған өзекті сұрақтарына жауап алып, кәсіподақпен алдағы уақытта да өзара ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
