«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен еліміздің саяси өміріндегі маңызды тарихи кезең – Конституциялық реформаларды талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараға аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі және Түркістан облысы аумағындағы спорт саласының кәсіподақ белсенділері қатысты.

Жиынға қатысушылар жаңа Конституция жобасының маңызы мен оның мемлекеттің даму жолындағы стратегиялық рөлін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар Конституциялық реформаның негізгі өзегі – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, мемлекеттік басқару тетіктерін жаңғырту және қоғамда әлеуметтік әділдік орнату екені айтылды.
Отырыс барысында сөз алған Бердіғали Өмірәлі, «Жаңа Конституция жобасы – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжат. Реформаның басты мақсаты – әрбір азаматтың, әсіресе еңбек адамының құқығын қорғауды заңмен бекемдеу. Кәсіподақтар үшін еңбеккерлердің мүддесін қорғау – қашан да басты міндет.
Ата заңға енгізілетін түзетулер әлеуметтік әріптестікті нығайтып, еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін биіктете түседі. Біз әділетті Қазақстанды құру жолында осы тарихи реформаны толық қолдаймыз», – деп түйіндеді кәсіподақ төрағасы.

Дөңгелек үстел соңында қатысушыларға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Конституциялық реформаны қолдау жөніндегі үндеуі таныстырылып, кәсіподақ белсенділері тарапынан толық қолдау тапты. Кәсіподақ мүшелері бұл реформалардың ел болашағы үшін тарихи маңызын атап өтіп, мемлекеттің саяси жаңғыруы мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету жолында бірігіп жұмыс істеуге ниетті екендіктерін білдірді.
