Жалпыхалықтық референдумға арналған ақпараттық-түсіндіру науқаны аясында Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин YDA өндірістік кешенінің еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында қызметкерлерге ұсынылып отырған конституциялық түзетулер туралы кеңінен мәлімет беріліп, әлеуметтік кепілдіктер, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ еңбек жағдайларына қатысты нақты нормалар түсіндірілді.
Кешен қызметкерлері жекелеген ережелерді іс жүзінде қолдану мәселелері бойынша сұрақтар қойып, оларға жан-жақты жауап алды. Кездесу ашық әрі мазмұнды диалог форматында өтті.

YDA — елордадағы құрастырмалы темірбетон конструкциялары мен бұйымдарын өндіретін зауыт, сондай-ақ бес кәсіпорынды біріктіретін көпсалалы өндірістік кешен. Мұнда мектеп және кеңсе жиһаздары, медициналық жабдықтар, модульдік және металл конструкциялар, терезелер мен витраждар шығарылады.
Кәсіпорын заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жалпы аумағы 17 000 шаршы метрді құрайтын өндірістік алаңда 250-ге жуық адам еңбек етеді.
