Қазақстан мен Италияның ұлттық кәсіподақ орталықтары Бірлескен мәлімдеме қабылдады

Дүйсенбі күні, 16 ақпанда, Италияның бас қаласы Римде маңызды кездесу өтті. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегация жұмыс сапарымен барып, Жалпы итальяндық еңбек конфедерациясының (CGIL) басшыларымен жүздесті.

Италияның бұл конфедерациясы — елдегі ең үлкен кәсіподақ бірлестігі. Оның мемлекеттің барлық 20 аймағында бөлімшелері бар және ол 5 миллионға жуық еңбек адамын біріктіріп отыр.

Кездесу барысында CGIL Бас хатшысы Маурицио Ландини қазақстандық қонақтарға ілтипат білдіріп, екі ел арасындағы байланысты нығайтудың қаншалықты маңызды екенін айтты. Ол өз сөзінде бейбітшілік орнату, әлеуметтік әділдікке қол жеткізу және адам құқықтарын бірлесе қорғау мәселелеріне баса назар аударды.

«Кәсіподақтардың бірлігі мен ортақ іс-қимылы ғана миллиондаған жұмысшының лайықты өмір сүруіне және жақсы жұмыс жағдайына ие болуына жол ашады. Италия мен Қазақстанның кәсіподақтары қазірдің өзінде тығыз жұмыс істеп жатыр. Біз Мемлекет басшыларымен және ірі компания өкілдерімен ынтымақтастықтың арқасында маңызды мәселелерді шешуге қатысамыз», – деді Маурицио Ландини.

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин италиялық әріптестеріне қонақжайлылық көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Ол Қазақстанның Ұлттық кәсіподақ орталығы атқарып жатқан басты жұмыстарға тоқталды.

«Ең алдымен, халықаралық еңбек ережелерін енгізуге және Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) маңызды құжаттарын Қазақстанда бекітуге көмектескені үшін Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына алғыс айтамын. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы — еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым. Оның құрамында 24 салалық және 18 аумақтық бірлестік бар, барлығы 1 600 000 адам мүше болып отыр. 2025 жылы біз Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығын және Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығын атап өттік. Өткен жылғы съезде біз алдағы Стратегияны бекіттік. Ондағы басты мақсатымыз — әлеуметтік әділдікті орнату, мемлекетпен және жұмыс берушілермен әріптестікті нығайту, сондай-ақ жұмысшылардың қамы үшін халықаралық байланысты арттыру», – деді Қазақстан кәсіподақ басшысы.

Бұдан бөлек, Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық еңбек ұйымымен және Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясымен (ХКК) жұмыс істеу өте тиімді болып жатқанын атап өтті. ҚРКФ бұл халықаралық ұйымға (ХКК) мүшелігін 2022 жылдың қарашасында қайта қалпына келтірген болатын.

«Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының толық құқылы мүшесі және әлемдік кәсіподақ қауымдастығының дамуына өз үлесін қосып келеді. 2024 жылы маусымда өткен Халықаралық еңбек конференциясының 112-сессиясы аясында еліміздің әлеуметтік әріптестері мен Халықаралық еңбек ұйымы арасында Қазақстандағы лайықты еңбекті ілгерілету жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Бұл құжат жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы негізгі стратегиялық міндеттерді айқындайтын Лайықты еңбектің ұлттық бағдарламасын қабылдау мен жүзеге асыруға бағытталған. Ұлттық бағдарламаны қабылдау және іске асыру — еңбек адамына бағытталған заманауи әлеуметтік саясатты қалыптастырудағы маңызды кезең. Сондай-ақ бұл қадам ұлттық заңнаманың халықаралық еңбек стандарттарына одан әрі жақындауына жол ашады. Соңғы бір жыл ішінде Жол картасын іске асырудағы маңызды қадамдарды атап өткен жөн: Қазақстанда ХЕҰ-ның 131-конвенциясы бекітілді, мемлекеттік еңбек инспекциясы бейінді министрлікке берілді. Сонымен қатар шахталардағы еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы туралы 176-конвенцияны және еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қыспақты жою туралы 190-конвенцияны бекіту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деп мәлімдеді Сатыбалды Дәулеталин.

Еңбек нарығындағы қазіргі заманғы сын-қатерлер туралы айта келе, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы кәсіподақ қызметін цифрландыруға және жасанды интеллект дәуірінде еңбеккерлердің құқықтарын қорғауға баса назар аударды.

«Қазақстанда цифрландыру процестері белсенді түрде жүріп жатыр. «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс қабылданды, жасанды интеллект технологияларын қолданудың ұлттық стандарттарын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіподақтар федерациясы бұл салада екі негізгі бағытты бөліп көрсетеді: цифрлық экономика жағдайында кәсіподақтардың ішкі трансформациясы және цифрландыру дәуіріндегі жұмыскерлердің құқықтарын қорғау (бұған жұмыспен қамтудың жаңа түрлері мен платформалық экономика да кіреді). Кәсіподақтар федерациясы ЖИ дәуірінде жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау стандартын әзірледі. Бұл құжат Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің деңгейінде мақұлданды және Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) Бүкілеуропалық аймақтық кеңесі аясында қорытынды құжаттың негізі ретінде қабылданды», — деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Италия тарапы Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаға ерекше қызығушылық танытты. Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы — жаңа Конституция жобасын әзірлеген Конституциялық комиссияның мүшесі. Ол Жалпы итальяндық еңбек конфедерациясындағы әріптестерінің көптеген сұрақтарына жауап беріп, Конституциялық комиссия жұмысының нәтижелерімен бөлісті.

«Комиссияның Конституция жобасымен жұмысы аясындағы басты жетістіктердің бірі – еңбек адамын қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғалу құқығының қағидаларын бекіту болды. наурызда елімізде Конституцияның жаңа нұсқасын қабылдау бойынша Республикалық референдум өткізу жоспарланды. Өкілетті билік құрылымына өзгерістер енгізу, халықтың қатысуымен жаңартылған институттарды, соның ішінде азаматтар заңнамалық ұсыныстар бастамасын көтере алатын Халықтық кеңесті құру қарастырылды. Кәсіподақтардың пікірінше, бұл қоғамның әлеуметтік-экономикалық саясатқа ықпал етуінің қосымша тетіктерін қалыптастырады», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Қазақстан мен Италияның кәсіподақ көшбасшылары алдағы уақытта әріптестік қатынастарды тереңдетуге, озық тәжірибелермен алмасуға және жұмыскерлердің мүддесі, бейбітшілік пен тұрақты даму жолында бірлесе жұмыс істеуге ниет білдірді.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Жалпы итальяндық еңбек конфедерациясы арасындағы ынтымақтастыұты Сатыбалды Дәулеталин мен Маурицио Ландини бүгін Римде қол қойылған Бірлескен мәлімдемемен бекітті.

Құжатта былай делінген:

«ХКК басымдықтары мен БЕАК іс-қимыл жоспарына сәйкес, CGIL мен ҚРКФ ынтымақтастықты, бейбітшілікті, демократияны және әлеуметтік әділдікті ілгерілету үшін бірлескен жұмысты жүзеге асыруға міндеттенеді. Олар әділ және тұрақты дамудың негізгі тіректері ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Халықаралық еңбек ұйымы қабылдаған адам құқықтары, еңбек құқықтары және әлеуметтік әділдік туралы халықаралық конвенциялар мен декларацияларды сақтаудың маңызды рөлін атап көрсетеді. Еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, кәсіподақ бостандықтарын құрметтеу, әлеуметтік әріптестік, ұжымдық келіссөздер және жұмысшылардың демократиялық қатысуы инклюзивті өсу мен әлеуметтік біртұтастықтың қажетті шарттары саналады».

Екіжақты кездесу барысында еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік диалогты дамыту және халықаралық кәсіподақ ынтымақтастығын нығайту мәселелері бойынша мазмұнды әрі сындарлы тәжірибе алмасу өтті.

ҚРКФ мен CGIL арасындағы диалог Жалпы итальяндық еңбек конфедерациясының бөлімшелерімен тақырыптық кездесулер түрінде жалғасты. Өзара іс-қимылдың өзекті бағыттары бойынша, соның ішінде тиісті ұлттық салалық кәсіподақтар арасында байланыс орнату, еңбекті қорғау және өндірістегі қауіпсіздік, білім беру саласындағы әлеуметтік әріптестік, экологиялық, цифрлық және технологиялық ауысуларды әділ басқару мәселелері бойынша тәжірибе алмасу жүзеге асырылды.

Италияға жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ресми делегациясы сондай-ақ Италия еңбек одағындағы және Италия еңбекшілер кәсіподақтары конфедерациясындағы әріптестерімен де кездесулер өткізбек.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы