Қостанайда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының Қостанай облыстық коалициясы құрылды.

Коалиция құрамына бес саяси партияның өкілдері, кәсіподақ бірлестіктері, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар енді. Кәсіподақтар коалиция жұмысына ресми түрде қосылып, өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдарын растады.

Отырыс барысында қатысушылар алдағы жұмыс жоспарын, ұйымдастырушылық құрылымды және ақпараттық-түсіндіру науқанының негізгі бағыттарын талқылады. Басты мақсат — қоғамды жан-жақты ақпараттандыру және жаңа Конституция жобасын қоғамдық талқылауды жүйелі түрде ұйымдастыру.

Кездесу барысында Қостанай облысының «Кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Асет Исмагамбетов сөз сөйледі.

Ол бүгін еліміз маңызды тарихи кезеңде тұрғанын — Қазақстанның одан әрі дамуын айқындайтын жаңа Конституция жобасы талқыланып жатқанын атап өтті.


Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы атынан, екі миллионға жуық жұмыскердің мүддесін білдіретін ұйым ретінде, конституциялық реформаны қолдау жөнінде үндеу қабылданды. Конституция жобасы кәсіподақ ұйымдарында, еңбек ұжымдарында, кәсіпорындарда белсенділермен және кәсіподақ мүшелерімен кездесулерде кеңінен талқылануда.

Кәсіподақтар жаңа Конституция жобасынан әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамытуға, еңбек заңнамасын жетілдіруге және лайықты еңбек кепілдіктерін нығайтуға негіз көреді.
Жақын уақытта коалиция мүшелері өңірде белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бастайды.
