Ақтөбе облысында еңбек ұжымдарына жаңа Конституция жобасындағы түзетулер түсіндірілуде

Ақтөбе облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Алтынбек Әмірғалиев Конституциялық реформаға қатысты құрылған Коалиция құрамында Қазхром трансұлттық корпорациясының Ақтөбе ферроқорытпа зауыты еңбек ұжымымен мазмұнды кездесу өткізді.


Кездесуге Ақтөбе облыстық мәслихаты депутаттары мен облыстық қоғамдық кеңес төрайымы да қатысып, өндіріс саласында еңбек етіп жүрген жұмысшылармен ашық пікір алмасты. Жиын барысында жаңа Конституция жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мән-маңызы жан-жақты түсіндірілді. Әсіресе, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілікті күшейту, еңбек адамының мүддесін заң жүзінде нығайту бағытындағы жаңашыл бастамаларға ерекше тоқталды.
Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар өз сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Конституциялық реформаның елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді арттырудағы рөлі кеңінен талқыланды.


Жиын соңында еңбек ұжымын Жаңа Конституцияға байланысты өтетін жалпы республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырып, бұл маңызды тарихи шешімге әр азаматтың жауапкершілікпен қарауы ел болашағы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.