Жаңа Конституция жобасын талқылау жалғасуда

Қызылорда облысы Сырдария ауданында жаңа Конституция жобасын кеңінен талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының аудандық ұйымының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Есназаров Алмас Зейноллаұлы төрағалық етті.

Кездесуге білім беру ұйымдарының педагогтері қатысты.
Басқосу барысында конституциялық реформаның негізгі бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын нығайту мәселелері жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар, білім саласына қатысты өзгерістер мен жаңашыл бастамаларға ерекше назар аударылды.


Талқылау барысында білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының рөлі айқын көрініс тапты. Кәсіподақ педагогтердің еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту және педагог мәртебесін нығайту бағытында белсенді ұстаным танытып отырғаны атап өтілді.

Білім сапасын арттыру мен сала қызметкерлерінің кәсіби және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету – кәсіподақ жұмысының басым бағыттарының бірі екені айтылды.


Дөңгелек үстел ашық пікір алмасу форматында өтіп, ұстаздар өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін білдірді. Қатысушылар конституциялық жаңғыру үдерісінде кәсіподақтың белсенді қатысуы еңбек адамының мүддесін қорғауда маңызды тетік болып табылатынын атап өтті. Іс-шара мазмұнды әрі нәтижелі форматта ұйымдастырылды.