Шымкентте Коалиция мүшелері халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуде

Шымкент қаласында жаңа Конституцияны қолдау мақсатында құрылған коалиция мүшелері халықпен кездесулерін белсенді жалғастыруда. Кезекті ашық диалог Сайрам тұрғын алабының тұрғындарымен өтті.


Жиын барысында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев сөз сөйлеп, ұсынылып отырған өзгерістердің әрбір азаматтың өміріне қалай әсер ететінін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Б. Алтеев өз сөзінде жаңа Негізгі заңның басты бағдары – мемлекеттік институттардың тұрақты әрі тиімді моделін қалыптастыру екенін атап өтті. Ол тұрғындарға Әлеуметтік әділдік – Конституциялық өзгерістер тек саяси реформа емес, ең алдымен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға негізделгені туралы маңызды тұстарын жеткізді.


«Біз бүгін ресурстарға ғана сенетін мемлекеттен адам капиталын бірінші орынға қоятын қоғамға бет алдық. Сондықтан әрбір дауыс, әрбір пікір маңызды», – деді Б. Алтеев.
Сайрам мәдениет үйіне жиналған қауым тарапынан референдумға қатысты сұрақтар қойылып, еркін пікір алмасу орын алды. Коалиция мүшелері ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін ашық әрі халыққа жақын ететінін алға тартты.
Кездесу соңында қатысушылар ел тарихындағы осынау маңызды сәтте бірлік танытып, референдумға белсенді қатысуға шақырылды.