ҚРКФ мен Еңбек министрлігі кәсіптік тәуекелдер туралы заң жобасын талқылауда

18 ақпан, сәрсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған жаңа заң жобасы, сондай-ақ кәсіптік тәуекелдерді басқарудың жаңа ережелері талқыланды. Бұл құжаттар зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлерді әлеуметтік қорғау жүйесін түбегейлі өзгертуге бағытталған.

Жиынға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев, «Қазкөміркәсіп» көмір өндірушілер салалық кәсіподағының төрағасы Марат Мирғаязов, ҚРКФ бас техникалық инспекторы Марат Имаш және көмір саласының кәсіподақ белсенділері қатысты.

Мәжілісті ашқан ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев еңбек саласындағы тәуекелдерді еңсерудегі кәсіподақтардың маңыздылығын атап өтті.

«Кәсіподақтар – еңбек саласындағы әділдіктің басты кепілі. Біздің негізгі мақсатымыз – әрбір жұмыскердің құқығын қорғап қана қоймай, олардың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін реформалардың ашық әрі әділ жүргізілуін бақылау. Мемлекет пен жұмыс берушілердің ынтымақтастығында кәсіподақтардың белсенді ұстанымы болмаса, еңбек адамының мүдделері тиісті назардан тыс қалуы мүмкін», – деді ол.

Сондай-ақ, ол ҚРКФ елдің жаңа Конституциясының жобасын қолдайтынын мәлімдеді.

«Негізгі заңда бекітілген әлеуметтік мемлекет принциптері кез келген заңнамалық өзгерістер үшін басты бағдар болуы тиіс. Жаңа Конституция аясында біз қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін қорғайтын боламыз және олардың заңды мүдделеріне нұқсан келуіне жол бермейміз», — деді Мұхтар Тінікеев.

Кездесу барысында ҚР Еңбек министрлігі Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті басқармасының басшысы Венера Мырзалина мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты (РҒЗИ) бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Әлімжан Бекмағамбетов негізгі жаңалықтарды түсіндіріп берді.

Заң жобасының жаңа нормаларын ҚР Еңбек министрлігі Еңбекті қорғау жөніндегі РҒЗИ Ғылыми зерттеулер орталығының басшысы Лаура Еділбаева егжей-тегжейлі таныстырды. Оның айтуынша, мемлекет «оқиғаға ден қою» жүйесінен «тәуекелдің алдын алу» жүйесіне көшуде. Басты өзгеріс міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу тәртібіне қатысты. Бұрын төлемдер мамандыққа байланысты автоматты түрде жүргізілсе, енді олар жұмыс орнындағы тәуекелдің нақты деңгейіне байланысты болады.

«Жаңа жүйеге сәйкес, төлемдер тек 3-ші (орташа), 4-ші (жоғары) және 5-ші (өте жоғары) тәуекел дәрежесі болғанда ғана жүзеге асырылады. Егер жұмыс беруші еңбек жағдайын жақсартып, тәуекел деңгейін 3-ші дәрежеден төмендетсе, ол зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады», – деп түсіндірді Лаура Еділбаева.

Кәсіподақ өкілдері бұл реформаға байланысты үлкен алаңдаушылық білдірді. Олардың пікірінше, жүздеген мың жұмысшы үшін бұл заң «ауыр соққы» болуы мүмкін.

ҚРКФ бас техникалық инспекторы Марат Имаш техникалық инспекторлардың мәртебесі мен олардың жаңа жүйедегі рөліне қатысты өз ұстанымын білдірді. Оның айтуынша, заң кәсіподақ инспекторларын шеттетпеуі керек, керісінше – олардың жұмысын күшейтуі тиіс.

«Заң жобасында кәсіптік тәуекелдерді бағалауға тартылатын сыртқы сарапшыларға жоғары білім мен арнайы сертификаттың болуы сияқты қатаң талаптар қойылады. Алайда, бұл біздің техникалық инспекторлардың жұмысына кедергі келтірмеуі керек. Кәсіподақ инспекторлары – өндірісте тікелей жүрген және жұмыс орнындағы әрбір қауіпті тетікті білетін мамандар», – деп атап өтті Марат Имаш.

Кездесу соңында тараптар заң жобасын пысықтау үшін консультациялар сериясын жалғастыруға ниет білдірді.

Кәсіподақ белсенділері жұмысшылардың мүдделерін қорғау мақсатында Министрлікке ресми ұсыныстар мен ескертулер жолдайтын болады.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы