Маңғыстау облысының Кәсіподақтар үйінде «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы мүшелерімен кездесу өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылып, облыстың салалық кәсіподақ ұйымдарының мүшелерін қамтыды.

Кездесуді Маңғыстау облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Бекбергенов ашып, Конституция нормаларын кеңінен түсіндірудің маңыздылығына тоқталды. Ол Конституция – елдің құқықтық жүйесінің негізі, әлеуметтік тұрақтылық пен әділеттіліктің басты кепілі екенін атап өтті.

Кездесу барысында өңірлік коалиция мүшелері баяндама жасады. Атап айтқанда: AMANAT партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңестің төрағасы Орынбасар Тоғжанов; облыстық мәслихат депутаты, «ЕҢБЕК» депутаттық тобының төрағасы Мақсат Кикбайұлы Рзаханов; облыстық мәслихат депутаты, «ЕҢБЕК» депутаттық тобының төраға орынбасары Аят Исатайұлы Сүгірбай; Қазақстан халық партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Рашид Төлеуғалиев.


Спикерлер жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаларын түсіндіріп, оның адам құқықтарын қорғауға, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, ұлттық бірегейлікті сақтауға және азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, конституциялық реформалардың қоғам өміріндегі стратегиялық маңызына тоқталды.

Кездесу барысында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, пікір алмасу өтті. Кәсіподақ мүшелері Конституция жобасындағы әлеуметтік кепілдіктерге қатысты нормаларға ерекше назар аударды.


Кездесу соңында Серік Бекбергенов жергілікті телеарнаға сұхбат беріп, Конституция жобасының әлеуметтік бағыттылығы мен оның еңбек адамдарының құқықтарын қорғаудағы маңызы туралы пікір білдірді. Ол конституциялық реформаларды түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
