«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Конституциялық өзгерістер талқыланды

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Қызылордадағы Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған кездесу өтті. Жиынға «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәулебек Ысқақов қатысып, медицина жұмыскерлерімен конституциялық реформаның мән-маңызы жөнінде пікір алмасты.


Кездесуде жаңа жобада еңбек адамының құқықтары мен әлеуметтік қорғалуына ерекше көңіл бөлінгені атап өтілді. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұстанымы да осы бағытта – елдегі миллиондаған жұмысшының мүддесін қорғау және әлеуметтік әділеттілікті нығайту. Құжатта еңбек қауіпсіздігі, заң алдындағы теңдік, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау мәселелері айқын көрініс тапқаны айтылды.


Сонымен қатар, ауруханадағы бастауыш кәсіподақ ұйымының қазіргі ахуалына да тоқталынды. Бастауыш ұйым ұжымдық келісімшарт талаптарының орындалуын қадағалап, еңбек дауларының алдын алу, жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктерін сақтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Сөз соңында филиал төрағасы азаматтарды жаңа Конституция жобасын қолдауға және референдумға белсенді қатысуға шақырды. Аурухана ұжымы өз кезегінде ұсынылған өзгерістерді қолдайтынын жеткізді.