Қызылорда қаласында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге бағытталған ақпараттық-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Осы мақсатта «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының мүшелері «Dalatex» тігін фабрикасының ұжымымен кездесу өткізді.

«Dalatex» – ерлер жейдесін тігумен айналысатын еліміздегі бірегей өндіріс орындарының бірі. Кәсіпорын арнайы жұмыс киімдерін дайындау арқылы ірі компаниялармен серіктестік орнатып, өңірдегі отандық өндірістің дамуына үлес қосып келеді.

Кездесу барысында коалиция өкілдері жаңа Конституция жобасының мазмұны мен негізгі басымдықтарына тоқталды. Қалалық коалиция жетекшісі Ибадулла Құттықожаев құжаттың стратегиялық маңызына назар аударып, оның ел дамуының ұзақ мерзімді бағыттарын айқындайтынын айтты. Оның сөзінше, жоба мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуді көздейді.

Іс-шараға коалиция өкілі, Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева да қатысып, әріптестерімен бірге Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндірді. Ол өз сөзінде еңбек құқықтарын қорғау, жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктерін нығайту мәселелеріне ерекше тоқталып, әділ еңбекақы мен қауіпсіз еңбек жағдайының маңызын атап өтті. Сонымен қатар, неке – ер мен әйелдің одағы екендігін айқындайтын қағиданың қоғам тұрақтылығындағы рөлін айтып, әйелдің отбасы мен қоғамдағы орнына айрықша мән берді. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, еңбек ұжымы өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік алды.

Жиын соңында фабрика жұмыскерлері құжат жобасымен таныс екендерін жеткізіп, өз көзқарастарын ортаға салды. Олардың бірі Жадыра Бұтабекова жаңа Конституция еңбек адамдарының құқықтарын қорғауға және адал еңбектің лайықты бағалануына негіз болатынына сенім білдірді.

Өндіріс алаңында өткен бұл кездесу жұмысшы қауымның елдегі маңызды реформаларға белсенді қатысуға дайын екенін көрсетті.
