Әлеуметтік әділет – әр адамның құқығы

20 ақпан – Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні 2009 жылдан бері аталып өтіледі. Бұл күнді Біріккен Ұлттар Ұйымы 2007 жылғы арнайы қарарымен жариялаған. Құжатта халықаралық қоғамдастықтың лайықты еңбек, ерлер мен әйелдердің тең құқығы, әлеуметтік әл-ауқат және баршаға ортақ әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету бағытындағы күш-жігерін арттыру қажеттігі көрсетілген.

Осыған орай, «ҚАЗКӨЛІККӘСІП» кәсіподағы «Астана» филиалының кезекті апталық отырысы Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күніне арналды.

Филиал төрағасы Серік Сарсекеев баяндамасында БҰҰ әлеуметтік әділеттілікке ұмтылуды басты миссияларының бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Ұйым жынысына, жасына, этникалық немесе діни тиесілігіне, мәдени ерекшеліктеріне немесе мүгедектігіне байланысты туындайтын кедергілерді жою арқылы теңдік қағидаларын қолдайды.
Сонымен қатар, Халықаралық еңбек ұйымы – БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі өзінің мандатын құрылған сәттен бастап Si vis pacem, cole justitiam («Бейбітшілік қаласаң, әділеттілікті орнат») принципіне сүйеніп жүзеге асырады.

Кәсіподақтар өз қызметінде әділетті қоғамды қолдауға, еңбеккерлердің құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған.

Қатысушылар БҰҰ бастамасын қолдайтындарын білдіріп, әлеуметтік әділеттілікті ілгерілету – әрбір еңбеккер үшін тең мүмкіндіктер жасау, қауіпсіз және қолжетімді орта қалыптастыру маңызды екенін атап өтті. Жиын соңында «Астана» филиалының кәсіподақ белсенділері Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күнін қолдау мақсатында флешмобқа қатысты.