Шымкент қаласында еңбек нарығындағы әділдік пен қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын нығайту бағытында маңызды қадам жасалды. «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» РҚБ Шымкент қалалық филиалы мегаполистегі білім беру саласындағы іргелі ұйымдардың бірі – «Абай Құнанбаев атындағы мектебі» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымымен стратегиялық әріптестік орнатты.

Екі жақты шартқа Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Алтеев пен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бакиров Исмаил Нариманұлы қол қойды. Бұл келісім – Шымкент қаласындағы кәсіподақ қозғалысын сапалы жаңа деңгейге көтеріп, еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты нығайтудың айқын көрінісі.

Қалалық филиал мен мектептің бастауыш ұйымы алдағы уақытта мына бағыттар бойынша тығыз жұмыс істейтін болады:
Шымкенттік мұғалімдердің құқығын қорғау: Кәсіби қызмет барысында туындайтын құқықтық мәселелерді жедел және сауатты шешу;
Әлеуметтік қолдау пакеті: Кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасылары үшін әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктер мен қолдау шараларын ұйымдастыру;
Кәсіби біліктілікті арттыру: Шымкенттік мамандардың тәжірибе алмасуын және заманауи дағдыларды игеруін қолдау.
Кездесу барысында Бауыржан Ілімшаұлы бұл ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, әрбір кәсіподақ мүшесінің құқығы қорғалуы тиіс екенін жеткізді. Ал Исмаил Нариманұлы бұл қадам мектеп ұжымы үшін үлкен қолдау әрі сенім екенін атап өтті.
Шымкент қаласындағы бұл бастама басқа да еңбек ұжымдарына үлгі болып, қаланың әлеуметтік – еңбек саласындағы өзара іс – қимылды жақсарта түспек. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген аталы сөз бүгінгі қол қойылған құжаттың негізгі өзегіне айналды.
