Үлгі тұтар тұлға – кітапханашы Ләйлә Қасенова

Адам өміріндегі ең қастерлі ұғымдардың бірі – еңбек. Еңбек арқылы адам шыңдалады, қоғамға пайдасын тигізеді, өз ісінің шеберіне айналады. Осындай еңбегімен елге сыйлы, ұрпаққа үлгі болып жүрген жандардың бірі – Семей қаласындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашысы, ұжымдағы кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі Ләйлә Қасенова 41 жыл бойы осы саласында табан аудармай қызмет етіп келеді.

Биыл мерейлі 60 жасқа толып отырған абзал жанның өмір жолы – адал еңбек пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Қырық бір жыл дегеніміз – үлкен тәжірибе мен кәсіби шеберліктің көрсеткіші. Осы уақыт аралығында заман өзгерді, талап жаңарды, бірақ кітаптың құндылығы мен білімнің маңызы ешқашан төмендеген емес. Сол рухани қазынаны оқырманға жеткізу – үлкен миссия.


Ләйлә ҚасеноваЦемент кентіндегі кітапхана бөлімшесінің оқу залында қызмет атқарып, оқырмандармен тікелей жұмыс істейді. Оқу залы – тыныштық пен білімнің және ізденістің ордасы болғандықтан, ол рухани қазынаны оқырманға жеткізіп, кітап пен адам арасындағы алтын көпір болып, үлкен жауапкершілікпен өз қызметін мінсіз атқарып келеді. Ол кітапханаға келген әрбір оқырманға бағыт-бағдар беріп, қажетті әдебиетті тауып, ізденісіне қолдау көрсетіп оқырмандардың ризашылығына бөленуде.

Ләйлә Тұрсынбекқызы үшін кітапханадағы күнделікті жұмыс үлкен шыдамдылық пен кәсіби біліктілікті талап ететінін біледі. Оның жылы жүзі, оқырмандар мен әріптестеріне деген ілтипатты қарым-қатынасы – басты қасиеттерінің бірі болғандықтан, көпшілік ішінде беделді, абыройлы, құрметке сай азаматша.

Сонымен қатар, ол кітапхана қабырғасында жоспарланған түрлі мәдени-танымдық шараларды орыс тілінде жоғары деңгейде өткізіп келеді. Әдеби кештер, тақырыптық кездесулер, мерекелік іс-шаралар мазмұнды да әсерлі өтеді. Шара барысында ән айтқанды ұнатып, өз өнерімен оқырмандарға ерекше көңіл-күй сыйлайтын сәттері де бар. Бұл – оның шығармашылық қыры мен жан-жақтылығын айқындай түседі.

60 жас – кемелдік пен парасаттың кезеңі. Осындай саналы ғұмырын кітап әлеміне арнаған Ләйлә Қасенованың еңбегі қашанда құрметке лайық. Абай облыстық филиал атынан Ляйля Турсунбековнаға зор денсаулық, отбасына амандық, еңбегінің жемісі мен жеңісін көру бақыты мен мерейінің үстем болуын тілейміз. Абыройыңыз асқақтай берсін!