Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Жол-көлік колледжінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Құдиярұлы Бекназаров бастаған Коалиция мүшелері: Шымкент қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Абзал Скендірұлы Зейнетаев, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев, Жол-көлік колледжінің директоры Балмаржан Нарбекова еңбек ұжымы және студенттермен кезекті кездесуді өткізді.

Жиынның басты мақсаты – білім ордасының ұжымы мен студенттеріне Жаңа Конституция аясындағы басымдықтарды түсіндіру және елдегі құқықтық реформалардың маңызын жеткізу.
Кездесу барысында коалиция мүшелері қатысушыларға Ата Заңға енгізілген өзгерістердің қоғам өміріне тигізер әсері туралы жан-жақты ақпарат берді. Шараға арнайы қатысқан коалиция мүшесі Бауыржан Ілімшаұлы еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктер мәселесіне тоқталды.
«Конституциялық реформалар – бұл тек заңдық өзгерістер емес, бұл әрбір азаматтың, соның ішінде еңбек адамы мен болашақ маман иелерінің құқықтық қорғалуын күшейтуге бағытталған қадам», – деп атап өтті Б. Алтеев.
Жиын барысында колледж студенттері мен оқытушылар құрамы өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Депутат Нұрлан Бекназаров заң шығару билігіндегі жаңашылдықтар мен мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың алғышарттарын түсіндіріп берді.
Қорыта келгенде, кездесуде Жаңа Конституцияның демократиялық институттарды нығайтудағы рөлі талқыланды, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелеріне басымдық берілді, еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік әріптестік пен кәсіподақтардың рөлі айшықталды.
Мұндай кездесулер қаланың басқа да білім беру мекемелері мен өндірістік кәсіпорындарында жүйелі түрде жалғасуда. Мұндай кездесулер билік пен қоғам арасындағы ашық диалогты нығайтуға бағытталған
