Шымкентте коалиция мүшелерінің кезекті кездесуі өтті

Шымкент қаласындағы «Баян Сұлу» сауда орталығында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалиция мүшелерінің қала тұрғындарымен кезекті кездесуі өтті. Бұл жолы спикерлер халықпен тікелей байланыс орнату үшін күнделікті тұрмыс орталығын таңдады.


Кездесуге коалиция мүшелері ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Жарылқасынқызы Қапбарова, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев және қоғам белсенділері қатысты.


Мұндай ашық алаңдағы кездесу тұрғындарға ресми кабинеттерге бармай-ақ, өздерін мазалаған сұрақтарды тікелей қоюға мүмкіндік берді.
Сенат депутаты А. Қапбарова Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің әрбір азаматтың өміріне қалай әсер ететінін, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері қалай күшейетінін түсіндіріп өтті. Ал Бауыржан Алтеев кәсіподақтардың атынан еңбек қатынастарының реттелуі мен жұмысшы құқықтарының конституциялық деңгейде қорғалуы туралы ой бөлісіп, Конституциялық реформалардың басты мақсаты – адам капиталын дамыту және әрбір еңбек адамының ертеңгі күнге деген сенімін нығайту және заңның үстемдігі мен әлеуметтік кепілдіктердің іс жүзінде орындалуы маңызды екенін атап айтты.


Кездесуге қатысушылар коалиция мүшелеріне әлеуметтік көмек алу тетіктері, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі жаңашылдықтар, Конституциялық өзгерістердің тұрмыстық деңгейдегі көрінісі туралы сұрақтар қойды.


«Баян Сұлу» сауда орталығындағы бұл кездесу билік пен қоғам арасындағы кедергісіз байланыстың үлгісі болды. Коалиция мүшелерінің айтуынша, Конституцияның әрбір бабы азаматтардың пікірін ескере отырып түсіндіріліп, жүзеге асырылуда.