Жалпыұлттық коалиция өкілдерінің кездесулер легі жалғасуда

Қызылорда қаласында Жалпыұлттық коалиция өкілдері «Бастау-S» ЖШС еңбек ұжымымен кездесіп, ел өміріндегі маңызды құжат – жаңа Конституция жобасының басым бағыттары мен стратегиялық маңызын жан-жақты түсіндірді.


Кездесуде Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығының бас маманы Майра Боранбаева сөз алып, Ата заң жобасын әзірлеу барысында халықтан түскен ұсыныстар мұқият сараланғанын атап өтті. Оның айтуынша, құжатта азаматтардың әлеуметтік және құқықтық қорғалуына айрықша басымдық берілген. Жоба мәтінінің 84 пайызына өзгерістер енгізіліп, денсаулық сақтау, құқық қорғау жүйесі, сот саласы, білім мен ғылым бағыттарында ауқымды жаңашылдықтар қарастырылған.


– Комиссия мүшелері құжатты дайындау кезінде азаматтар, сарапшылар және саяси партиялар ұсынған ұсыныс-пікірлерді жіті талдап, ортақ байламға келді. Соның нәтижесінде жаңа Конституция жобасы қоғамның бүгінгі сұранысына сай қалыптастырылды, – деді коалиция өкілі.


Жиын барысында коалиция мүшелері Рүстем Ізтілеуов, Берік Шайнуров және Әліби Басаров биыл Қазақстан Республикасында жаңа Конституция жобасы ресми түрде жарияланғанын атап өтті. Сондай-ақ олар құжатты қабылдау мәселесі 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға шығарылатынын жеткізіп, еңбек ұжымын ел болашағына бейжай қарамай, саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды.


Кездесу еркін пікір алмасу форматында өрбіді. Серіктестік қызметкерлері референдум мен заң жобасына қатысты сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Жалпыұлттық коалиция өкілдерінің түсіндіру жұмыстары алдағы кезеңде де жалғасын таппақ.