Түркістан облысында жаңа Конституция жобасы талқыланды

Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Аққұм ауылдық округінде «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» халықтық коалиция мүшелері ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.


Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары түсіндіріліп, ел дамуының жаңа кезеңіндегі басымдықтары жан-жақты талқыланды. Әсіресе адам құқықтарын қорғау, азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту, әділетті әрі тиімді басқару жүйесін қалыптастыру мәселелері басты назарға алынды.


Жиында коалиция штабының төраға орынбасары Өмірәлі Бердіғали сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасының преамбуласы түбегейлі жаңартылғанын атап өтті. Оның айтуынша, құжатта мемлекеттіліктің тарихи негіздері мен ел дамуының стратегиялық бағыты нақты әрі айқын көрсетілген. Сонымен қатар ол білім мен ғылым саласындағы инновацияларды дамыту, отбасы институтын нығайту және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – елдің тұрақты дамуының басты кепілі екенін ерекше атап өтті.


Бұдан бөлек, жиында жаңа Конституцияның қоғам сұранысына жауап беретін стратегиялық құжат екені атап өтіліп, оның жүзеге асуы мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға, билік тармақтары арасындағы теңгерімді күшейтуге және қоғамдық бақылау тетіктерін дамытуға бағытталғаны туралы айтылды.


Басқосу соңында колиция мүшелері қатысушыларды 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді түрде қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырды.