Сәрсенбі күні, 4 наурызда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен ҚРКФ Атқару комитетінің отырысы өтті.

Жиын барысында Атқару комитетінің мүшелері Федерацияның 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын қарастырды. Бұл құжат еліміздегі ең ірі қоғамдық бірлестіктің алдағы негізгі бағыттарын айқындайды.
Құжатты ҚР Кәсіподақтар федерациясы аппаратының басшысы Нұрлыбек Жұмаш таныстырды.

«Кешенді жоспар ҚРКФ қызметінің 2025–2030 жылдарға арналған Стратегиясын жүзеге асыру мақсатында әзірленді. Ол Федерацияның 2026 жылғы басты мақсаттарын көрсетеді және үш мазмұнды бөлімге топтастырылған 123 нақты тармақтан тұрады», – деп атап өтті ҚРКФ аппаратының басшысы.

Оның айтуынша, құжат стратегиялық міндеттерді жүйелі орындау үшін жасалған. Оның ішінде ішкі жұмыстарды жақсартудан бастап, келіссөз алаңдарын кеңейтуге және жұмысшылардың құқығын қорғау жүйесіне цифрлық құралдарды енгізуге дейінгі мәселелер қамтылған.
Жоспардың бірінші бөлімі Федерацияның сайланбалы органдарының жұмысына арналған. Онда 2026 жылдың маусым және желтоқсан айларында Бас кеңестің екі отырысын, ал әр тоқсан сайын Атқару комитеті жиындарын өткізу көзделген. Бұл жиындарда ағымдағы жұмыстар, бұрынғы шешімдердің орындалуын бақылау және мүше ұйымдардың негізгі бағыттар бойынша есептерін тыңдау жоспарланған.

Атап айтқанда, 2026 жылы Атқару комитеті кәсіподақ жұмысына цифрландыруды енгізу мен өңірлік үшжақты комиссиялардың тиімділігін талқылап үлгерді. Сондай-ақ алдағы уақытта әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту, еңбек қауіпсіздігін жақсарту және жұмысшылардың құқықтарын қорғауға қатысты басқа да бағыттар талқыланбақ.
Кешенді жоспардың жеке бір бөлімі Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы іс-шараларға арналған.
Нұрлыбек Жұмаш еске салғандай, 2026 жылғы 23 қаңтарда Бас кеңестің шешімімен ҚР Кәсіподақтар федерациясын «Цифрлық болашаққа бірге» тұжырымдамасы мен оның Жол картасы бекітілген болатын.
«2026 жылы кәсіподақ ұйымдарының жұмысына цифрлық шешімдерді енгізу бойынша көптеген іс-шаралар атқарылады. Бұл заманауи электронды құжат айналымына көшу, кәсіподақ мүшелеріне арналған цифрлық қызметтерді дамыту, жұмыстың ашықтығын арттыру және жасанды интеллект дәуірінде жұмысшыларды қорғау үшін деректерді талдау құралдарын пайдалануды білдіреді», – деді Нұрлыбек Жұмаш.
Талқылаудан кейін Атқару комитеті мүшелері Кешенді жұмыс жоспарын мақұлдады.

Жоспарды қорытындылай келе, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әріптестерінің назарын Стратегияны орындауға және кәсіподақ мүшелерін осы жұмысқа жүйелі түрде тарту қажеттілігіне аударды.

«Жыл басындағы басты қадам – бекітілген Стратегияны іске асыру жоспарын қабылдау болды. Біз үшін алдымен стратегиялық жоспарды – “не істейтінімізді” ғана емес, “қалай істейтінімізді” түсіндіретін нақты құжатты қабылдау өте маңызды болды. Стратегиямыз ауқымды, сондықтан оны орындау жоспары да жан-жақты, кәсіподақ жұмысының барлық бағыттарын қамтиды. Бұл міндеттерді кәсіподақ белсенділері мен мүшелерінің қатысуынсыз орындау мүмкін емес. Биылғы кешенді жоспарда басым міндеттерді орындау бойынша нақты іс-шаралар тізбектелген», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Отырыс барысында Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы еліміздің өңірлері мен еңбек ұжымдарында жүргізіліп жатқан Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша түсіндіру жұмыстарына ерекше тоқталды. Сатыбалды Дәулеталин әр азаматтың саналы таңдау жасауы қаншалықты маңызды екенін айтты.
«Кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділері ұжымдармен кездесіп, мән-жайды түсіндіріп, адамдарға ой түйіндеуге көмектесуде. Жақында мен Өскеменнен келдім, біз Жалпыұлттық коалиция құрамында жұмысшылармен, ғалымдармен, жастармен және бизнес өкілдерімен кездесулер өткіздік. Спикерлер Конституция жобасының ел дамуының негізі болатын басты тұстарын жұртшылыққа жеткізді. Конституция жекелеген баптардың жиынтығы емес, біртұтас құқықтық жүйе. Мемлекет еңбек адамының құқықтарын қорғайтын және оларға өз мүдделерін қорғауға мүмкіндік беретін экономикалық жүйе құруды өз мойнына алады. Кәсіподақтардың мақсаты — бұл ережелердің тек қағаз жүзінде қалмай, іс жүзінде орындалуын қадағалау. 15 наурызда өтетін референдумда әрбір азамат алдағы уақытта қандай заңдармен өмір сүретінін түсініп, саналы түрде дауыс беруі тиіс», – деп түйіндеді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
