Шымкент теміржолшылары Конституциялық реформаларды қолдайды

Шымкент қаласында Жаңа Конституция жобасын халыққа таныстыру мақсатында құрылған Коалиция мүшелері «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының өңірлік ұжымымен кездесті. Стратегиялық маңызы бар сала мамандарымен өткен жүздесуде Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың басым бағыттары талқыланды.


Жиын барысында Коалиция мүшесі, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев сөз сөйлеп, реформалардың еңбек адамы үшін маңыздылығына тоқталды. Ол өз пікірінде конституциялық өзгерістердің мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісім екенін атап өтті.
«Теміржол саласы – еліміздің экономикалық күретамыры. Сондықтан бұл салада еңбек етіп жүрген мыңдаған азаматтардың құқықтық қорғалуы, әлеуметтік кепілдіктерінің нығаюы біз үшін өте маңызды. Жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін күшейтіп, әділетті қоғам құруға жол ашады», – деді Бауыржан Алтеев.


КТЖ ұжымы реформалардың жүзеге асуына, еңбек заңнамасына енетін жаңашылдықтарға қатысты өз сауалдарын қойды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар алдағы саяси науқанның ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтті.


Коалиция мүшелері мұндай кездесулердің мақсаты – әрбір еңбек ұжымына реформалардың мәнін жеткізу және халықтың саяси сауаттылығын арттыру екенін жеткізді. Шымкенттік теміржолшылармен өткен бұл жиын ел ертеңіне деген ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі болды.