Бүгін, 11 наурызда, ҚР Кәсіподақтар федерациясында «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасының жетінші курсы өз жұмысын бастады. Кезекті лектің тыңдаушылары ретінде Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының, Қазақстандық мұнай-газ салалық кәсіптік одағының, Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының, Ақпарат, коммуникация және байланыс қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының, «QAZAQMETAL KASIPODAGY» Қазақстандық салалық тау-кен металлургия кәсіптік одағының, «QazMed» салалық кәсіптік одағының, Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының, Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағының, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының, «Қазпрофжел» Қазақстандық салалық кәсіптік одағының, Астана қаласының Тұрғын-үй комуналдық шаруашылығы және құрылыс кешені қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымдарының 100-ге жуық кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділері, сондай-ақ Астана, Алматы қалалары мен Ақтөбе облысының Аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Курс екі айға есептелген, бұл шамамен 30 академиялық сағатты құрайды. Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің лекторлары ретінде жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін ілгерілетуде тәжірибесі бар беделді кәсіподақ өкілдері сөз сөйледі.
Жаңа қатысушыларды құттықтай отырып, «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасының авторы әрі үйлестірушісі – ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары Ләззат Есжанова білім беру курсының басты мақсаты жаңадан бастаған кәсіподақ белсенділерінің кәсіби шеберлігін арттыру екенін атап өтті.

«Кәсіподақ көшбасшысын оқыту курсы еңбек және кәсіподақ заңнамасының негіздері бойынша да, кәсіподақ қызметінің заманауи әдістерін меңгеру, ақпараттық жұмыс және цифрлық технологияларды тәжірибеде қолдануды қамтитын 18 тақырыптық лекциядан тұрады», – деп хабарлады Ләззат Есжанова.
Кәсіподақ белсенділерінің кәсіби деңгейін көтеру мен тәжірибе алмасудың маңыздылығын ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев те атап өтті. Ол «Қазақстандағы және әлемдегі кәсіподақ қозғалысының даму тарихы» атты алғашқы семинарды жүргізді.
Семинар барысында Нұрлан Өтешев Ұлыбритания, Германия, Жапония, Қытай және басқа елдерді мысалға келтіре отырып, әлемде кәсіподақтардың қалай пайда болғаны және қалай заңдастырылғаны туралы айтып берді. Сондай-ақ ол Қазақстандағы кәсіподақтардың тарихына арнайы тоқталды: бұл қозғалыс ХХ ғасырдың басында басталып, бүгінде 120 жылдан астам уақытты артқа тастаған.

ҚРКФ қызметінің негізгі бағыттарына тоқталған Нұрлан Өтешев 2025-2030 жылдарға арналған Стратегияның мақсатын түсіндірді. Оның айтуынша, басты міндет — кәсіподақ мамандарының құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы жаңа кәсіподақ идеологиясын қалыптастыру. Сонымен қатар, ҚРКФ Бас кеңесі кәсіподақ жұмысын цифрлық технологиялар арқылы тиімді етуді көздейтін Цифрлық трансформация тұжырымдамасын қабылдаған.
Спикер Кәсіподақтар федерациясының құрылымы туралы да толық мәлімет берді.
«ҚРКФ — еліміздегі ең үлкен қоғамдық ұйым. Оның құрамында 24 салалық және 18 аумақтық бірлестік, сондай-ақ 16 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Барлығы 1 600 000-ға жуық кәсіподақ мүшесі бар. Біздің басты мақсатымыз — жұмысшылардың құқығын қорғау, лайықты еңбек жағдайы мен жалақы үшін, жұмыс орнындағы қауіпсіздік үшін күресу. Біз заңдарды жақсартуға атсалысып, халықаралық еңбек стандарттарын енгізіп жатырмыз», — деді Нұрлан Өтешев.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы екі ірі халықаралық ұйымның — Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің және Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының негізін қалаушы әрі көшбасшысы.
Алдағы бес жылдағы басты жоспарлар — жұмысты цифрландыру, жасанды интеллект заманында жұмысшы құқығын қорғау стандарттарын енгізу, еңбек қауіпсіздігін нығайту және мамандардың білімін нығайту.

Заңнама мәселелеріне келетін болсақ, ҚРКФ Төраға орынбасары 15 наурызда өтетін референдумда әрбір азаматтың дауыс беруі маңызды екенін айтты.
«Жаңа Конституция жобасы — бұл мемлекет пен халық арасындағы жаңа келісім. Онда әр адамның әлеуметтік кепілдіктері, жұмыс істеу құқығы, қауіпсіздігі және лайықты ақы алуы нақты жазылған. 14 наурыз — «тыныштық күніне» санаулы күндер қалды. Жаңа заң жобасын тағы бір рет оқып шығып, референдумда саналы таңдау жасауға уақыт бар», — деді ол.
Алғашқы кездесудің соңы «еркін микрофон» форматында өтіп, қатысушылар өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды. Тыңдаушылар бұл білім беру жобасының өте маңызды екенін атап өтті.

Айта кетерлігі, «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» — бұл жаңадан сайланған белсенділердің шеберлігін шыңдауға арналған стратегиялық жоба. Қатысушылар соңғы жылдары кәсіподақ басшысы болып сайланған адамдардың ішінен іріктеліп алынады.
Еске сала кетейік, бұл мектептің алғашқы оқу легі 2022 жылы басталған болатын. Курс соңында барлық тыңдаушыларға арнайы куәліктер беріледі.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
